Сылтау айтып, ауылдағы мектептерді жаба бергенді тоқтату керек - Оңдасын Оразалин

12 Қараша, 2019 143 0

Ақтөбеде «Білім және ғылым» тамыз конференциясы өтті. Жиынға қатысқан облыс әкімі білім саласындағы бірқатар проблемаларды тізбектеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбелік ұстаздар жаңа оқу басталар шақта Өнер орталығына жиналып, өткен жылы атқарылған, алға қойған мақсаттармен танысты. Жиынға өңір басшысы Оңдасын Оразалин қатысып, бірқатар тапсырмалар жүктеді. 

«Б арлық аудан бойынша п едагогтарымыздың 35-40 пайызы ұлттық біліктілік тестілеуінен өтпей қалып, қайта тапсыруын қалай түсінуге болады?! Өз білімін жетілдіре алмаған педагог маман оқушыларына қандай білім береді? Осыған байланысты талапты күшейтуді тапсырамын. Әрі мұғалімдердің біліктілігін арттыруға жағдай жасауымыз керек. Тіпті физика, химия секілді пәннен сабақ беретін мұғалімдер өз саласы бойынша үздік болғанымен ағылшын тілін білмейді. Мүмкін бірқатар педагогтың білімін шетелде жетілдіру керек шығар. Бұл назарда болуы керек. Университетпен бірігіп, шетелден маман шақыруға да болады», - деді облыс әкімі О.Оразалин.

Сонымен қатар жиында Шалқар, Ойыл, Алға аудандарынан директор лауазымына келген бірқатар үміткерлер бірнеше рет комиссиядан өтпей қалып, қайтадан 5-6 рет конкурстан өтпек болғаны айтылды. 

«Егер басшылық лауазымдағы қызметкер бола тұра тиісті деңгейдегі талаптарға жауап бере алмаса, білімі жетпей жатса, не үміт, не қайыр?! Өкінішке қарай, бірнеше жыл бойы бір орында тапжылмай отырған, жетістікке жетпеген директорлар да бар. Жеке бастың емес, халықтың мүддесі басым болуы керек. Аудан әкімдері сауаты жетпейтін адамдарды қайта - қайта жібермей, лайықты кандидат таңдауға баса назар аударуы тиіс», - деді әкім.

Өңірде 20- дан астам мектептің құрылысы жүріп жатыр. Басым бөлігі биыл қолданысқа беріледі. Алайда құрылысы ұзаққа созылған мектептер бар. Олар Ойыл, Байғанин, Ырғыз аудандарында бар. Ал Мұғалжар ауданындағы № 2 мектеп, Ембі орта мектебіне уақытылы қаржы бөлігенімен, жөндеу жұмысы қазан айында аяқталады. Ал жаңа оқу жылы бірер күнде басталады. Енді аудан әкімі мен басқарма басшысы бірігіп, жұмыстың аяқталуын, жауапқа тартылатындар туралы өңір басшысына есеп беруі тиіс. 

«Ауылдарда шағын мектеп бар. Мектеп - сол ауылдың жүрегі. Егер мектеп жабылып қалса, ауылға қауіп төнеді. Сондықтан сылтау айтып, мектептерді жаба беруді тоқтату керек. Мектепті жабу оңай, қайта ашу қиын. Көп адам «мектеп жабылмаса» деп тілек айтады. Кәсіпкерлер адамдарды көшіріп алса, мектептер сақталады», - деді облыс басшысы.

Айта кетейік, тамыз конфренциясында ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан 2 ардагер ұстаз «Еңбек ардагері», 8 педагог «Ыбырай Алтынсарин» және 8 ұстаз «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. Облыс әкімі 21 педагогтың әрқайсысына 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы және алғыс хат, «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын беруге арналған конкурстың жеңімпаздарына 3 млн 758 мың теңге мен 8 млн теңге аралығындағы сертификатты табыс етті.









Тегтер: «Білімжәнеғылым», әкім, ОңдасынОразалин

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.