Жаңалықтар

Түркістан: этнос жастары «Қазақтану» жобасы аясында тарихи орындарды аралады

Түркістан: этнос жастары «Қазақтану» жобасы аясында тарихи орындарды аралады

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында этнос өкілдерінің қатысуымен «Мәдениеттер калейдаскопы» экскурсиясы қолға алынған болатын. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, аталған жоба аясында Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен өңірдегі Ассамблея құрылымдарының өкілдері тарихи орындарды аралады деп newsroom.kz хабарлайды. Саяхатқа шыққан арнайы топтың құрамында «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов, Сауран аудандық филиалының басшысы Исахан Әжіхан және Кентау қалалық филиалының басшысы Ғалымжан Тәжібаев, сондай-ақ филиалдардың қызметкерлері, Қоғамдық келісім кеңесі мен «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері болды. Экскурсия мүшелері алдымен сыры терең Сауран қалашығына ат басын бұрып, ондағы тарихи жәдігерлермен, ғасырлардан сыр шертетін құндылықтармен жан-жақты танысты. Бұл ретте, Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов қасиетті өлкенің тарихи рөліне тоқталып, жастарға мол мағлұмат берді.
Сауран туралы көп айтуға болады. Бұл мекен ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. Тасын түртсең, тарихы сөйлейді. Сауран қалашығы кезінде қымыз бен шұбаттың отаны атанған. Бір кездері қаланы әйгілі қолбасшы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Жоңғарлар шабуылына да төтеп берген бұл шаһар. Қысқасы, тарихтың қатпар-қатпарына үңілдіретін мекен. Сауран ауданы құрылғалы бері ескі қалашыққа келгендердің қатары артып келеді. Мұнда қазір сапар орталығы салынып жатыр. Жаңа облыс орталығы қасиетті Түркістан жерінде түрлі этнос өкілдері қоныстанып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан аймақ бірлігінің жарқын үлгісі. Ең бастысы, өңір жұртшылығы татулықты ту етіп, терең бауырластықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді, – деді ардагер ұстаз.
Рухани құндылығы мол шара Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи кесенесінде жалғасты. Шара барысында туған жердің тарихына қаныққан саяхатшы топ бабалар рухына тағзым етіп, Құран бағыштады. Сондай-ақ алған әсерлерімен бөлісіп, естелікке суретке түсті. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі