Жаңалықтар

Бүгін киік тағдыры талқыланады

Бүгін киік тағдыры талқыланады

Бүгін астанада Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова бастаған осы ведомствоға қарасты бірқатар комитет басшылары мен ғалымдардың, фермерлер қауымдастығының, Батыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстары әкімдіктері өкілдерінің қатысуымен өтетін дөңгелек үстелде киіктің санын реттеу мәселесін  талқылау жоспарланып отыр. Бұл туралы nationalgeographic.kz сілтеме жасаған newsroom.kz порталы жазуда. Киік тағдырына қатысты нақты шешім осы талқылаулардан кейін қабылдануға тиіс. Алайда өткен аптада-ақ «15 қыркүйектен бастап 80 мың киікті атуға рұқсат берілді» деген ақпарат тарағаны белгілі. Бұл ақпаратты облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы Арман Ізімғалиев журналистерге сұхбатында айтқан.
–  Ғалымдар Орал популяциясы киіктерінің санын реттеу бойынша биологиялық негіздеме жасады. Сол құжатқа сәйкес бөкен басының 10 %-ы реттеледі. Яғни, 800 мыңның 80 мыңын атуға рұқсат берілді, – деген ол атылатын киіктің қаншасы теке, қаншасы аналық бас екенін де айтып өткен.
Дегенмен, “Охотзоопром” ӨБ” РМҚК Батыс өңірлік филиалының директоры Арман Қожахметовтің айтуынша (өткен аптада – ред), әзір киік ату ісі қалай жүзеге асатыны, ережесі бекітілмеген, ешқандай құжат келмеген, комиссия құрылмаған. Нақты істің барысы 7 шілдеде  астанада өтетін үлкен жиында (бүгінгі дөңгелек үстел – ред.) жария болмақ.