Жаңалықтар

Солтүстікке көш: «Менің жұмысым Үкіметтікінен екі есе нәтижелі болды» – Дәулет Мұқаев

Мемлекет 20 млрд теңгеден астам қаражат шашқан «Солтүстікке көш» бағдарламасы нәтижесіз болды. Үкіметтің көшіп келгендер мен қайта көшіп кеткендер туралы нақты мәліметі де жоқ. «Dauletten» қайырымдылық қорының жетекшісі Дәулет Мұқаев «Сұрауы бар» YouTube арнасында болған подкаст барысында мәлімдеді деп newsroom.kz хабарлайды.

«Қараңыздаршы, Үкімет осы уақытқа дейін 9800 отбасын көшірген екен. Адам санынан шаққанда 33 мың. Орта есеппен бір отбасында 3-4 адам. Қайтып кетіп жатқандардың нақты тізімі жоқ. Себебі күнде кетіп жатыр. Ал бізде көшіп барғаны 5 отбасы, 36 адам», - дейді Дәулет Мұқаев.

Қоғам белсендісі оқырмандарынан жылу жинап, 36 жаннан тұратын 5 отбасын Шал ақын ауданына көшірген. Алайда ол 7-8 млн теңгеге бағаланған мемлекет салған үйлерді алмапты. Оның орнына небары 3-4 млн теңгеге жайлы, жылы үй сатып алуға болады дейді Дәулет Мұқаев. Алғашқы көшті өз күшімен жүргізген белсенді, мемлекеттік қолдау болса бұл істі жалғастыруға ниетті.

«Сондықтан егер Үкімет көшті толық «Бала-шағамен солтүстікке» жобасына беретін болса, бірінші кезекте көпбалалы отбасыларға арналған жоба болады. Үкімет көшке жұмсаған 20 млрд ақшаға мен екі есе көп адам көшірер едім», - дейді «Dauletten» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Дәулет Мұқаев.

Еске салсақ, солтүстікке көшушілерге мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің төмен сапасына қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та сын айтқан болатын. Нәтижесінде екі ауданның әкімі жұмыстан қуылды. Алайда көш түзелген жоқ дейді подкастқа қатысушылар. Неліктен ұлттық маңызы бар жобаны Үкімет емес, қайырымдылық қор жүргізіп жатыр? Оның нәтижесі қандай болмақ? Бұл сұрақтардың жауабы «Сұрауы бар» YouTube арнасында айтылады: [embed]https://www.youtube.com/watch?v=OcsKHtP0APU&t=755s[/embed]