Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулының салтанатты қабылдауы

31 Қазан, 2019 14 0

Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Мұзаффер Ақйылдырым мен оның жұбайы Ниһал Ақйылдырым Түркия Республикасының құрылғанына 96 жыл толуына орай салтанатты қабылдау өткізді. 

Оны құттықтау сөзбен ашқан Бас консул Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның 29 қазан—Республика күніне жолдауын оқыды. Халқын құттықтап, қуанышына ортақтасқан барша достарына алғыс айтқан Президент мерекелік толғанысын тарихпен байланыстыра өрген. 

«Бір ғасырлық даңқты тарихы бар Азаттық соғысында біздерді жеңіске жеткізген және жаңа мемлекет құру жолында күрескен Гази Мұстафа Кемал Ататүріктен бастап, барша қаһармандарымызды ризашылық және құрметпен еске аламын. Түркия—тәуелсіздік үшін күресін үнемі ұлттық еркінің айнасы болған Парламент арқылы жүзеге асырып келеді. Келесі жылы құрылғанына 100 жыл толатын Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің еліміздің дамуына, күшеюіне, шарықтауына үлес қосқан барша белді мүшелеріне алғысымды білдіремін. 

Мың жылға жуық әлемнің ең тартымды әрі ең көп күрес жүргізілген аймағында орналасуымыздың бағасын қанымен өтеген барлық шейіт болған бабалармызға Алладан рақым тілеймін. 

Тұтас бір халық әрі мемлекет ретінде тұғырымызды биік ұстап, келешегімізді қорғау үшін соңғы жылдар ішінде жаңа тарихи бір күрес жүргізіп келеміз. Лаңкестік ұйымдардың шабуылдарынан бастап 15 шілдеде қастандықпен жасалған төңкеріс әрекетіне дейін бастан кешкен барлық оқиғалар—осы тарихи күресіміздің белгісі. Сирияда іске асырған «Евфрат қалқаны», «Зәйтүн бұтағы» және соңғы «Бейбітшілік қайнары» атты әскери операцияларамыз да осы күрестің өзіндік бір бөлшектері болып табылады. 

Осыдан бір ғасыр бұрын бастаған жаңа мемлекетіміз—Республикамызды құру арқылы мәресіне жеткізген Азаттық күресіміздің баламасын бүгінде басқа әдіс-жолдармен жүзе асырып отырмыз. Ұлттық бірлігіміз бен тұтастығымызды бұзуға бағытталған түрлі қастық әрекеттер жасалуда. Шекара қауіпсіздігімізден экономика саласына дейін егемендігімізді нысаналарына алған әртүрлі шабуылдар үздіксіз жалғасып отыр. 

Түркия өзінің ежелгі тарихи тәжірибесі, тамыры терең мемлекеттік біліктілігі мен Республика атына ие бір ғасырға жуық тәжірибесінің арқасында бұл мәселелердің барлығын еңсере алатын күшке де, мүмкіндікке де, табандылыққа да ие. Алланың қолдауымен, халқымыздың көмегімен еліміздің даму жолына құрылған тұзақтарды адым-адым еңсеріп, бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Басымыздан кешіп жатқан осы маңызды кезеңді Республикамызды бізге мирас етіп қалдырған аталарымыздың бағдар жолымен сәтті аяқтайтынымызға шын жүректен сенемін. 

Елімізді 2023 жылға қойған мақсаттарымызға жетелеп, бізден кейінгі ұрпаққа 2053 және 2071 жылғы бағдарларымызды жүзеге асыру мүмкіндігін береміз. Алла қаласа, республикамызды одан әрі мықты деңгейге жеткізіп, әл-ауқатымызды одан әрі арттыра түсетін боламыз. Жаратқан Ием жәрдемшіміз болсын. Республикамыздың құрылуының 96-жылдығымен тағы бір мәрте құттықтаймын. Баршаңызға амандық тілеймін». Мұзаффер Ақйылдырым салтанатты кешке жиналған отандастарына құтты болсын айтып, Маңғыстау облыстық, Ақтау қалалық әкімдіктерінің өкілдеріне, халық қалаулылары мен қонақтарға, осындағы елшіліктер консулдықтарына ризашылығын жеткізді.

 — Түркия Республикасының құрушысы, әрі тұңғыш президенті, Гази-маршал, Мұстафа Кемал, Ататүрік «Менің де денем, бір күні топырақ болып кетер, бірақ Түркия Республикасы мәңгі болып қалады» деп, түрік халқына, тәуелсіздік, демократия мен білім жолын аманат етіп тапсырған еді, — деді ол. — Бүгінгі таңда, Түркия БҰҰ-ның белсенді мүшесі, НАТО мүшесі, Еуропаның стратегиялық серіктесі, Таяу Шығыстың және Ислам Ынтымақтастық Ұйымының маңызды бөлігі және әлемдегі 17-ірі экономикасы болуында, Республиканы дамыту бастамаларында Ататүріктің іздері бар екендігі сөзсіз. Түркия мен Қазақстан ортақ мәдени, тарихи және рухани байланысы бар, жүрегі бірге соққан, екі бауырлас елдер болып табылады. Осы ортақ ұлттық, рухани және мәдени байланыстарымыз ежелден сақталып келеді. Елдеріміздің арасындағы ынтымақтастық өңірлік және Азияның кең географиясындағы стратегиялық ынтымақтастығымыз, құрметті Президентіміздің «Жаңарған Азия» тақырыбында бастаған дипломатиялық бастамасының маңыздылығын тағы да ашып көрсетті. Мен Түркия Республикасының  Ақтаудағы Бас консулы лауазымында сіздермен алғашқы кездесуімде құрметті қонақтарға арнап бірінші сөйлеген сөзімде Ақтау қаласы «Жаңарған Азия стратегиясының кіру қақпасы» болып отырғанын, атап өткім келеді. Стратегиямыздың берік негізін құру тұрғысынан, біздің басты мақсатымыз—екі елдің азаматтары арасындағы өзара сенімді, тарихи, мәдени, экономикалық және саяси құндылықтарды, сондай-ақ, бауырластық ынтымақтастығымызды нығайту. Осы ынтымақтастығымыз, қос елдің ғана емес, сонымен бірге Жерорта теңізінен Каспий теңізіне дейін, ежелгі түркі дүниесіне және кең Еуразиялық географияға созылған аймағымызға үлгі болып табылады. 

Қазақстанның шығыс қанаты болып табылатын Маңғыстау облысы Ұлы Жібек жолының Орта дәлізіне айналып отыр. Бұл жағдай түркиялық көлік және тасымал саласы үшін маңызды орынға ие. Каспий теңізіндегі «аттың басы» сияқты орналасқан Ақтау теңіз порты, Солтүстік теңіз терминалы, жаңадан іске қосылып жатқан Құрық порты, темір жолдары арқылы сауда-саттық даму үстінде. Өңірде туризм саласының мүмкіндіктері де артып келеді. Түркия арқылы, Қытай мен Еуропаға, Шығыс-Батыс, Солтүстік-Оңтүстік бағыттары ашылып келеді. Бұл бағыттар, ең алдымен, Эдирне-Ыстамбұл-Эрзурум-Тбилиси-Баку-Ақтау-Шымкент-Алматы желісі бойымен мол сауда-саттық, мәдени, экономикалық дамуға және туризмнің дамуына ықпал етеді. Каспий транзитінің, мультимодальды көлік желілері Әзірбайжан-Қазақстан арасындағы бірлескен жобаларға жарық түсіріп, ірі Еуразиялық сауда, инвестиция және даму жобалары одан әрі күшейеді деп күтілуде. Бас консулдық құрылғаннан бері біз, түрік және қазақ ұлтын жақындастыру және осы ежелгі байланыстарды одан әрі жалғастыру ниетімен облыс әкімшілігімен, теңіз порттары басшылығымен және мәдени-академиялық салалардың басшыларымен ынтымақтастығымызға, диалог және бірлесіп атқарған жұмыстарымызға үлкен мән береміз. Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз күн сайын қарқынды дамуда. Қазақстанның инвестияциялар ұлттық агенттігі, «Қазақ Инвест» тарапынан инвестицияларды тартуда ұсынылатын мүмкіншіліктерге инвесторлардың қызығушылығының күн сайын артып келе жатқанын көріп отырмыз. Маңғыстау облысының басшылары мен кәсіпкерлерінің екіжақты іскерлік сапар жасау арқылы инвестиция тартуда. 

Салтанатты қабылдау барысында облыс әкімі Серікбай Трұмов түбі бір түрік халқын атаулы мейрамымен құттықтады. — Бауырлас Түркия халқына өркендеу мен гүлденуді тілеймін, — деді Серікбай Өтелгенұлы. — Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігіне қол жеткізген жылдардан бастап Қазақстан мен Түркия мемлекетінің басшылары ынтымақ пен берекенің үлгісін көрсетіп келеді. Ол біз үшін өте маңызды. Біздің түбіміз бір, тегіміз бен қасиетті құндылықтарымыз ортақ, тарихымыз бен жүріп өткен жолымыз ұқсас. Білікті реформатор Мұстафа Кемал Ататүрік іргесін қалаған Түркия мемлекет ретінде қалыптасу үшін талай қилы кезең мен қиындықты өткізгені тарихтан белгілі. Алайда, ауызбіршілік пен татулықтың арқасында оның бәрі өткен шақтың еншісінде қалды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, «Түркия Республикасының экономикасы өркендеп, ел іргесі берік, халқының бейбітшілік пен бірлікте болуына Қазақ елі қашанда тілекшіміз». Түркияның экономикалық белсенділігі Маңғыстау өңірі үшін де едәуір үлесін тигізетіні айдан анық. Сонымен бірге мәдени қарым-қатынасы ерекше маңызды. Екі елдің бөлісіп отырған осы қасиетті құндылықтары қарым-қатынасымыздың негізін құрайды. Маңғыстау мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық байланыстың маңызы зор. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру арқылы облысымыздың көлік әлеуеті артып келеді. Құрық порты жобасының арқасында Маңғыстау өңірі Азия мен Еуропаның алтын көпіріне айналып отыр. 2019 жылдың 8 ай көрсеткіші бойынша Маңғыстау облысы мен Түркия Республикасының арасындағы тауар айналымы 211 миллион АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 22 есеге артық. Сондай-ақ, облысымызда құрылыс, құрылыс тастарын өндіру, мейрамханалар және қызмет көрсету саласында түрік капиталының қатысуымен 74 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Ақтау қаласындағы Түркияның Бас консулдығы мен Маңғыстау облысы әкімдігінің екіжақты қатынастардағы рөлін ерекше атап өткім келеді. Бұл достық байланысымыз алдағы уақытта да нығайып, дами беретініне сенімдімін. Құттықтау лебіздері түрік мәзірімен жайылған ақ дастархан басында жалғасып, бауырлас қос ұлт өкілдерінің өзара ашық-жарқын әңгімесі айнымас достығын тағы бір айғақтады. 

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА 

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ


Дереккөз: mangystaumedia.kz 

Тегтер: Маңғыстау, жаңалықтар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.