Ақтау: Сөздерінде жалын бар жастармен кездесу өтті

31 Қазан, 2019 16 0

Ақтауда Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде арнайы кездесу өтті. 

Өңірімізге іссапармен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин және Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, этно дизайнер Ырза Тұрсынзада және аумақтық Департамент басшысының бірінші орынбасары Серік Қаныбеков студент жастармен кездесті.


Басқосуда сөз алған Арман Бердалин Агенттіктің білім саласын назардан тыс қалдырмай, мектептердегі «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының, жоғары оқу орындарындағы «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселерінің жұмыстарын қадағалап отыратындығын, аталған жобалар арқылы әрбір өскелең жас ұрпақтың бойына адалдық пен парасаттылық дәнін егіп, болашақ елінің отансүйгіш ұрпағын тәрбиелеу - басты мақсат екенін атап көрсетті.

Қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп жүрген Ырза Тұрсынзада өз әңгімесін жастарға, соның ішінде қыз балаларға арнады. Болашақтың ар-намысы қыздың қолында, «Ер адам азаматты тәрбиелейді, әйел адамзатты тәрбиелейді» дей келе, студент жастарға адалдық –парасаттылықтың бастауы екенін түсіндіріп, әрбір азаматтың рухын көтеріп, намысын биіктетер рухани әңгімесімен жалғастырды.

Қызыл тілдің шебері, айтыскер ақын, агенттік өкілі Арман Бердалин «Мемлекетті арба деп қарайтын болсақ, арбаның жылжуына 5 түрлі күш тобы әсер етеді. Бірі алға сүйресе, кейінгі топ иығымен демеп, арбаның одан әрі жылжуына үлесін қосады. Енді бірі осы арбамен діттеген жеріне жетуді ойласа, төртіншісі кедергі жасап, бөгеттер коюмен әуре, бесінші топ сырттай бақылап, сынаушы ретінде қатысады» - деді.

Сондықтан аға буын мен кейінгі буын арасында ұрпақтар сабақтастығының жалғасып, әділ де адал көзқараста болып, әркез мемлекетке демеу болар жастардың өсіп келе жатқандығына сенімдерін білдірді.

Еркін форматта өткен кездесуді жастар жылы қабылдап, өз ойларын ашық білдіріп, жүрек жарды ұсыныс – пікірлерімен бөлісті.

Фотоны ұсынған ЖОО баспасөз қызметі


Тегтер: Ақтау, жаңалықтар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.