Берекелі Бейнеуде өткен кездесу

31 Қазан, 2019 24 0

Облысымызға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин және Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі, ҚР Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Ресейде ең алғашқы этно коуоркингін ашқан этно-дизайнер Ырза Тұрсынзаданың келуіне орай аудан әкімдігінде кездесу ұйымдастырылды.

Шараға аудан әкімі Бейнеубек Әбілов, оның орынбасарлары Үміт Әмірханова және Сахи Хибасов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Бөкен Жұмағали, аудан прокурорының орынбасары Нұркен Қарымсақ, ауыл және ауылдық округ әкімдері, бөлім және кәсіпорын басшылары, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері және аудандық Арнайы мониторингтік топ өкілдері қатысты.

Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов Республикалық арнайы мониторингтік топ өкілдерін аудан активіне таныстырып, іссапар миссиясына тоқталды.

Аудан басшысы өңірдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасатты қоғам құру аясында іске асырылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

ҚР Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауының басым бағыттарын іске асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтті.

Агенттік өкілі Арман Бердалин өз әңгімесін әріден бастап, қазақ халқының би, шешендерінің айтқан дуалы сөздерін мысалға келтіре отырып, «дала заңына» бағынған бабаларымыз адалдық, әділдік, кісілік пен кішілік сияқты адами қасиеттерді бағалап, әрдайым парасат биігінен көріне білгенін баяндап, бабалар жолын насихаттады.

Айтыскер ақын мемлекеттік қызметшілерді әрдайым әдепті, адал, қарапайым болуға шықырып, қызметтік әдеп нормаларын сақтамау – сыбайлас жемқорлыққа, әртүрлі құқық бұзушылықтар мен қызметін теріс пайдаланушылыққа жағдай туғызатынын, соның кесірінен тәртіптік шара қолдануға алып келетінін, ал «Адалдың аты арып, тоны тозбайтынын» атап өтті.

Арман Тілектесұлы арнайы мониторинг тобының мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру керек екенін, осы жолда әрбір қызметші өзгерістерді өзінен бастау қажеттігін айтты.

Республикалық арнайы мониторингтік тобының мүшесі, қазақы қол өнерді насихаттап жүрген этно-дизайнер Ырза Тұрсынзаданың пікірінше, ұлт болып ұйысудың басты тетігі – адамның тәні де, жаны да таза болуы. Сонда ғана адамзаттың бойында адами шыншыл қасиеттер қалыптасып, сыбайлас жемқорлық сияқты теріс құбылыстың жолы кесіледі.

Кездесу соңында аудан әкімі Бейнеубек Әбілов шараның маңыздылығын атап өтіп, туған топырақ - берекелі Бейнеу өңірінің барша мемлекеттік қызметшілерін адал, таза еңбек етуге шақырып, әр адам өзгерісті өзінен бастағанда ғана жемқорлықсыз қоғам орнатуға болатынын айтты.

Фотоны ұсынған баспасөз қызметі


Тегтер: Маңғыстау, жаңалықтар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.