Жаңалықтар

Әділет орнайтыны ақиқат: Сманов А.Аймағамбетовты қолдайтынын айтты

Әділет орнайтыны ақиқат: Сманов А.Аймағамбетовты қолдайтынын айтты

Белгілі дінтанушы Абулахад Сманов та оқушы қыздардың мектепте орамал таққанын құп көретінін айтты. Бұл туралы ол facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы. Бұл туралы Egemen.kz.сайты хабарлады.
«Аллаға сансыз шүкірлер болсын! 3-4 күн бұрын бүкіл Қазақстан халқына тарихи сәт саналатын республикалық Конституциялық референдум өтті. Мемлекет басшымыз халыққа жаңа, әділетті Қазақстанды құрамын деп үндеу тастап еді. Басым көпшілік адам қолдап дауыс берді. Иә, Жаңа Қазақстанның негізгі мақсаты - әділетті қоғам құру. Сол референдумның артынан әділеттіліктің алғашқы нышандары көрініп, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектепте, балиғат жасына толған қыздарға кимешек киюге рұқсат берілуі мүмкін екенін айтты. Бұл қазақ қыздарынының, ана, әжелеріміздің сан ғасырлардан бері киіп келген киімі. Мұны әділеттіліктің белгісі санайтыным, бүлдіршіндей қыздың басындағы бір жапырақ орамалға бола дау туындатып, мейлі, ол қыз мектепті үздік бағаға оқып жатса да, мектепте оған қысым жасалып, психологиялық соққы алуына септесіп жатқан шешімнің күші жойылғалы жатыр. Егер біз зайырлы болудың шын мағынасын түсінсек, мектептерде бүлдіршіндеріміздің діни-сенімі талап еткеніндей киінуіне қарсы болмас едік. Өйткені зайырлы мемлекетте әрбір адамның дін ұстану еркіндігі бар, ол еркіндікті мемлекет қорғайды. Біз қалай қарасақ та, балиғат жасына толған қыздардың әуретін жабуы -  Алла Тағала Құранда бұйырған бұйрық болып саналады. Сондықтан бұл мәселе дінін бекем ұстайтын әрбі ата-ананы бей-жай қарата алмайды. Дүйім жұрттың өтініш-тілегін бас мүфти  Наурызбай Қажы Тағанұлы Мемлекет басшысына жеткізіп, Президентіміз де елдегі дініне бекем, мұсылман жұртшылығының өтінішін қабыл алып, осындай әділетті шешім қабылдап жатыр екен. Қуанышымыз ұзағынан болғай! Сөз соңында айтарым, ерте ме, кеш пе әділет орнайтыны ақиқат. Бірақ сол әділетті Мемлекет басшысына жеткізген мүфтидің де, әділетті шешім қабылдаған Мемлекет басшысының да аты тарихта алтын әріптермен жазылып, мұсылман жұртшылығы ешқашан ұмытпайтын болады», дейді Абдулахад Сманов.
Еске сала кетейік, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп жасындағы оқушылардың хиджап киюі мәселесі жайлы айтқан болатын. Дінтанушылар мен қоғам белсенділері бұл тақырыпқа қатысты екіге бөлінгенімен, ҚМДБ аталған мәселе төңірегінде пікір білдірген жоқ.  

Тілші БАЛА