Жаңалықтар

Ұрғышбек күйеуімнен шаршадым: жас ананың жасы

Ұрғышбек күйеуімнен шаршадым: жас ананың жасы

Өткенде әйелін лифтіде тепкілеп жатқан жігітті көріп, өз күйеуімді есіме алдым...

10 жылдан астам отандасып келе жатқан ұрғышбек күйеуімнен әбден шаршадым. Білмеймін басында сүйіп қосылған сияқты ек, қазір ыстық-суығымыз басылған соң басыма әңгіртаяқ ойнататын болды деген шымкенттік жас ана newsroom.kz порталының инстаграм парақшасы арқылы жан сырын ақтарып отырып, жылап қоя берді. Оның айтуынша әке-шешесі жоқ жетім қыз. Аса бай болмаса да оңтүстіктің көзқарасымен алғанда шала бай саналатын күйеуі шыққан әулеттің бастарында кредиті жоқ, екі қабатты үйлері бар орта деңгейдегі отбасылардың бірі. Бірақ өзін бай сезінетін оның күйеуі бұл төрт бала тапқан соң қылық шығарып, қит етсе ұрып жығуды әдетке айналдырған. «Басында шапалақпен ғана салып қалатын. Одан соң кеудемнен жұдырықпен түйгіштеуді шығарды» - деген жас ана өзінің аты мен инста аккаунтының логинін көрсетпеуді сұрап, күйеуі бұны білсе соңғы үйренген тәсілдерінің бірі – қолының қырымен кеңірдегінен ұрып талдырып тастай ма деп қорқады. «Ажырасып кетейін десем, аралары бір жас төрт баламды қимаймын. Дыммен ісі жоқ қайын атам ішіп алса болды енемді тоқпақтайды. Оны көрген күйеуім мені ұрады. Мұны көрген ұрпақ қайтіп оңады? Амал жоқ, өтіп жатқан ит өмір» - деген жас келіншек қайда барарын білмей басы қатып отыр. Шетелге жұмысқа кетейін десе, шиеттей төрт баланы кімге қалдырарын білмейді. Ажырасайын десе байшікеш қайын жұрты қоқан-лоққы көрсетіп әйел теңдігі тұрмақ, тағы бірдеңе теңдігін сұрасаң да көрсетеміз деп тіс қайрап қорқытып қойған.

Осындай жағдайда не ақыл берер едіңіз, құрметті оқырман?

 

Өз тілшімізден