Жаңалықтар

Экономист: несие мен ипотека алудың керегі жоқ

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев алдағы уақытта ірі дағдарыс болуы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

Сарапшы Ураина мен Ресей арасындағы соғыс нарықта бағаның өсуіне, логистикалық тізбектің бұзылуына әсер еткенін атап өтті. Сонымен қатар инфляция деңгейінің өсуімен қатар нарықтың құлдырауы да жағдайды одан әрі ушықтырған. «Әлемде үлкен экономикалық дағдарыс орнайды деген пікірмен келісемін. Себебі тоқыраудың алғашқы белгісі қазіргі қор нарығының құлауы болды. Қор нарығы алдағы 6 айда болатын қиын кезеңнің хабаршысы дейміз. Нарықтағы өзгеріс елдердің экономикасына әсерін тигізбей қоймайды. Екінші белгісі – базалық ставканың көтерілуі. Барлық елдер бұл ставканы көтеріп жатыр. Тіпті 25 жылға жуық уақыт базалық ставканы көтермей келген Жапония банкі де ставканы қайта қарайтынын хабарлады. Осыған қарап, алдағы күзде үлкен дағдарыс болады деп топшылауға негіз бар. Меніңше, тамыз-қазан айларының аралығында дағдарыстың болу-болмауы айқындалады. Бір айта кетерлігі, бізді күтіп тұрған тоқырау 2008-2009 жылдардағы дағдарыспен салыстыруға келмейді», – деді ол. Арман Бейсембаев базалық ставканың көтерілуі экономиканың барлық саласына әсер ететінін айтады. Сондықтан қаржыгер азаматтарға несие алмауға кеңес берді. «Несие мен ипотека алудың керегі жоқ. Дағдарыс кезінде жұмыстан айырылсаңыз, қарыз өтелмей қалады әрі үйсіз қаласыз. Егер несиеңіз болса, 6 ай уақытыз бар деп ойлаңыз. Барынша төлеп тастау керек. Келесі нәрсе – табыс қуаламау. Жұмысыңыз болса, жалақы тұрақты берілсе, басқа жаққа ауысуды ойлаудың мәні жоқ. Қолда бар қаржының барлығын банкте сақтамау қажет. Бір бөлігін «жастықтың астында» ұстаған жөн. Сондай-ақ артық шығыннан арылған абзал. Қазір шығындалатын емес, ақша жинайтын уақыт», – деді экономист.