Жаңалықтар

Дабыл! Қазақ журналистері қаражат үшін шетелге қара жұмысқа кетуде

Дабыл! Қазақ журналистері қаражат үшін шетелге қара жұмысқа кетуде

Халің қалай, әріптес? – деп өзінің фейсбук әлеуметтік желісінде журналистердің жанайқайын жеткізген белгілі журналист және медиа-менеджер Абай Балажанның жазбасы қоғамда қызу талқыға түсті. Аталмыш жазбаны newsroom.kz порталы авторлық құқығын сақтай отырып, сол қалпында оқырман назарына ұсынуды жөн көрді. Жасы тоқсанға келіп қайтқан бір-екі-ақ журналисті білемін. Олардың өздері де журналистикаға бүкіл өмірін арнамаған, тиіп-қашып қана, әрі кетсе төрт-бес жылдың төңірегінде ғана жұмыс істеген. Бүкіл өмірін журналистикаға, оның ішінде газетке  арнағандардың сексенге келгені жоқ-ау... Қалай болғанда да есіме ешкім түспей тұр. "Оңтүстік Қазақстанға" 6 жыл редактор болған Әсет Тілеукеев ағамыз 82 жасады, бірақ ол кісі саналы ғұмырының біразын "Издательство" мекемесінде басшы болып өткізді. Сексеннің төртіне келіп қайтқан Амантұр Мұсаев ағамыз негізінен шаруашылықта, партия, совет органдарында қызмет атқарды. Кеңшарда парторг болды, аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болды. Атақты Сәділ Кәдеев қана сексеннен асып жығылды, сексен беске жеткен жоқ. "Оңтүстік Қазақстан" газетін 22 жыл басқарған Әмірсейіт Әлиев ағамыз 74-ке келіп қайтты. Әбдіманап Әлшериев, Уәлихан Темірбековтер жетпіске толар-толмасында кетті. Кәрім Үкібаев жетпісті толтырды.

Бұлар газетте жұмыс істеп ұзақ жасағандар...

Негізінен мен білетіндердің көпшілігі қырық пен елудің, елу мен алпыстың арасында асығыс-үсігіс аттанып кетті. Бәрі бірдей жүректен немесе қан қысымынан кеткен жоқ. Қыстың суығында, жаздың аптабында диқан қостарын, малшы қыстауларын аралап жүріп, өздеріне өздері қарамағандықтан, содан тәнге жабысқан түрлі кеселдерді елемей жүріп, уақыт өткізіп алғандықтан кетті. Иә, жүректен, қан қысымынан кеткендер де аз емес. Күнделікті адам тағдырымен бетпе-бет келе берген соң ол жүрек темірден жаралса да сыр береді, әрине. Ол осылайша қаймана қазақтың проблемасының ортасында жүріп, өз проблемасын мүлде ұмытады. Жанары жасқа шыланған қарындастың көзіндегі жасты сүртеді, ал, өзінен "жағдайың қалай?" деп ешкім сұрамайды. Егер біреу-міреу журналистің (мен журналист атын жамылып, "тірлік қылып жүргендерді" айтып отырған жоқпын) жағдайын сұрай қалса, "жағдайымды сұрама,  сұрасаң сен де жылайсың, мен де жылаймынның" нағыз өзі болады! Осы салада қызмет атқарып келе жатқаныма 39 жыл (1983 жылдан бері) болды, осы уақыттан бері әріптестерімнің аста-төк жағдайда өмір сүргенін көрген емеспін. Ең жақсы өмір сүрген кешегі КСРО дәуірінде орта құрсақ күн кешті. Ал, қазіргі жағдайын айтудың қажеті жоқ. Айтсақ, сіз де жылайсыз, біз де жылаймыз. Облыстық газеттердің тілшілері (бөлім меңгерушілерін, жауапты хатшы, редакторлардың орынбасарлары, бас редакторды айтып отырғаным жоқ) орта есеппен 100 мың теңгенің о жақ, бұ жағында жалақы алып, отбасы асырайтын қазіргі таңда журналистердің статусы айқындалмаған. Ол не бюджет қызметкеріне жатпайды, не мәдениет саласы қызметкеріне жатпайды, не мемлекеттің саясатын кейбір мемлекеттік қызметшілерден артық жүргізіп отырса да мемлекеттік қызметшінің санатына жатпайды. Енді нәтижесіне қараңыз: бюджет қызметкерлерінің, мемлекеттік қызметшінің жалақысы жыл сайын көтеріліп жатқанда, журналистің жалақысы сол күйі міз бақпай тұрады! Себебі оның бала-шағасы нан жемейді, киім кимейді! Оның бала-шағасы енді-енді ер жете бастағаннан қолына шелегі мен шүберегін алып көлік жуатын орындарды жағалай бастайды, жолы болғандары кафе-асханаларға даяшы болып орналасады. Жұрттың тағдырына ара түсіп жүрген олар өз бастарындағы осы жағдайларды біреулерге айтуға намыстанады, сөйтеді де өз жараларын өздері жалап жазып алады. Олардың ең жиі қолданатын мақалдары - "Бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз!" Осылай өмір сүріп жүріп, елдің бір шетінде төтенше жағдай орын ала қалса, ойланбастан бір күндік жалақыларын аудара салады! Мәрт! Бәлкім, Астана, Алматы секілді ақшасы көп қалаларда қызмет атқаратын әріптестеріміздің басында бұл күй жоқ шығар, ал, облыс, аудандарда қызмет атқаратын біраз әріптесіміздің басында бұл жағдай бар. Тағы да еске салайын, тек жағдайын айтуға намыстанады, жылай беруге Құдайдан қорқады!

Статусы айқындалмағандықтан ол үй кезегіне де тұра алмайды. Ал, ипотекаға ала салайын десе, жалақының түрі әлгіндегідей.

Бірақ бұрынғымен салыстырғанда жылай беретіндей де жағдайлары жоқ-ау... Қазір аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттарды айтпағанда Сенат пен Мәжілістің өзінде депутат болып отырған журналистерді санасаңыз екі қолыңыздың саусақтары жетпей қалуы мүмкін. Тағы кімдер десеңізші, кіл мықтылар! Анау Сауытбек Әбдірахманов, Нұртөре Жүсіп, Артур Платонов, Дана Нұржігіттерді айтпағанда, фамилияларының соңындағы "ов", "ев" деген шылаулары әлі түспегендермен бітіспес майдан ашқан, "тілім-тілім!" деп тілім-тілімі шығып, шоқ түкіріп, мұз шайнап жүрген Қазыбек дос Исаның өзі неге тұрады?! Бірақ, тек мемлекеттік дәрежеде ойлайтын осы азаматтардың әріптестері әлі күнге өздерінің лайықты мәртебелеріне ие бола алмауда. Парадокс! Мектепте не түске дейін, не түстен кейін ғана болатын, айына алды 600 мыңның үстінде, соңы 200 мыңның үстінде жалақы алатын мұғалімнің мәртебесі айқындалған, Қазақстанда "Педагог мәртебесі туралы" Заң бар. Осы заңның негізінде оған  газет жаздыртуға болмайды, оны сенбілікке шығаруға болмайды! Ал, сенбі-жексенбінің өзінде мақала жазып отыратын, келген хаттарды қорытып отыратын, автор дайындап отыратын (олай етпесе үлгере алмайды) тілшінің жалақысы әлгіндегідей. "Рухани жаңғыру", "өйту-бүйту" деген сияқты мекемелерді ұстап отырған өкіметтің мемлекеттік идеологияның тірегі - газеттерді ұстауға шамасы жетпейді. Шамасы жетсе, аудандық газеттерді жекеге - бизнесмендерге сатып жібермес еді ғой. Ұстап тұруға шама жетпегендіктен сатты да! Сол аудандық газеттерді сатудан түскен қаражат Қазақстан деген мемлекеттің қай жыртығын жамады екен деген сауалға әлемдегі мен деген экономистердің өздері де нақты жауап бере алмайтын шығар... Міне, аймақтарда еңбек етіп жүрген редакция қызметкерлерінің  көпшілігінің жағдайы осындай. Бүгін екі қызметкерімнің ақысыз еңбек демалысын сұраған арыздарына қол қойып отырмын. Біреуі қолына таза - 102 мың, біреуі таза - 92 мың теңге алады. Ұл-қыздары жетіліп тұр, олар да үйлену керек, олар да тұрмысқа шығуы керек! Келінді үн-түнсіз алып, қызды үн-түнсіз ұзатып жіберейін десе, балалар үйінің тәрбиеленушілері емес, әке-шешелері бар. Әке-шешелері тағы анау-мынау жерде емес, редакцияда қызмет атқарады! Болмайды ғой, ең болмағанда  ырымын жасау керек. Ал, ырымын жасағанның өзіне ақша керек! 100 мың теңгені (айтқандай, бұл көтерілгендегісі) қай жағына жеткізеді? Кредиті тағы бар! Білуімше, алыс шетелдердің біріне табылған қара жұмысты істеп, ақша табуға кетіп бара жатыр. Бала-шағаларын үйлендіру үшін. Гастербайтер...

Не істейміз, әріптестер, біреу-міреулерден мәртебемізді сұраймыз ба?

"Түркияда андай екен, Пәлен елде мұндай екен" деп жүре береміз бе, жоқ, әлде референдумға дейін, не референдумнан кейін осы мәселені кеңінен талқылаймыз ба? Бұған не дейсіз, министр?