Маңғыстауда Таушық ауылының 80 жылдығы дүркіреп тойланды

24 Қазан, 2019 44 0

Маңғыстаудағы небір ғұламалар мен ел басқарған көсемдер туып-өскен қасиетті қоныс – Таушық ауылының 80 жылдығы дүркіреп тойланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Айтулы күні ауыл азаматтары Таушыққа кіреберісте «Ауыл паспортын» жасап, сыйға тартты. Мұнда халық саны, жер көлемі сынды басқа да мәліметтер көрсетілген. 1939 жылы құрылған ауылда 3150 тұрғын бар. Елді мекеннің жер көлемі - 11 677 гектарды құрайтын 8 әлеуметтік нысан бар. 

Ауылдың мерейтойы қарсаңында «Гаухар» балабақшасы пайдалануға берілді. 100 орынға шақталған мектепке дейінгі орталықта қазіргі таңда 80 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар, Т. Жолдыбаев атындағы көше ашылды. 

Ал, Шахта орта мектебінде «Таушық Open Сity» интеллектуалды конференциясы өтті. «Ұрпақ. Ұлағат. Ұстаным» тақырыбындағы конференцияда ғалым, профессор Жұмат Тілепов, мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Алшымбаев, Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ардагер-ұстаз Мұсабай Сегізбайұлы, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Жаңагүл Үмбетова, Түпқараған ауданының мәслихат хатшысы Айкүміс Досанова, кәсіпкер Иса Бимырзаев сөз алып, қызмет пен ғылым жолында жеткен жетістіктері, түйген тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, Форт-Шевченко қаласының әкімі Өсер Тілепов өмірлік ұстанымы, мемлекеттік қызметке келу жолы, мансабындағы кездескен қызығы мен шыжықтарын айтып берді. Түтіні түзу шыққан Таушықтың тумасы елге, қоғамға қалтқысыз қызмет ету - бала арманының асқақ жетегі екенін жеткізді. 

Конференцияда кәсіпкер Иса Бимырзаев ауыл мектебінің үздік оқушыларына стипендия тағайындайтынын қуана жеткізді. Қалалық олимпиада жеңімпаздарына - 50 мың теңге, облыстық олимпиада жеңімпазына - 200 мың теңге, республикалық жүлдегерлерге - 500 мың теңге берілмек. 

Өнегелі шарадан соң «Сөз бен саз» ән кешінің 28-шығарылымы ауылдық мәдениет үйінде өтті. Мерейтойлық ән кешінің басты қонақтары - ақын Т. Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова мен Шәмші Қалдаяқовтың ұлы болды. Кеш барысында республикаға танымал өнер жұлдыздары мен облыс, аудан өнерпаздары ән шырқады. Таушықтағы той мәдениет үйінде ресми жиынмен жалғасты. Салтанатты шараға арнайы қатысқан аймақ басшысы жылы лебізін білдірді. 

«Маңғыстауға келген сайын бір соқпай кетуге жүрегі дауаламайтын Әбіштің Таушығы, сіздердің киелі ауылдарыңыз бен абыз оқыған білім ордасы – Шахта орта мектебі бүгінде мерейлі 80 жылдығының шымылдығын ашып отыр. Кеше ғана халықаралық деңгейдегі тойы туған топырағында бастау алған заңғар ғұлама, ұлт мақтанышы Әбіш Кекілбайұлының тағдыры Таушық ауылымен тікелей байланысты. Алғашқы мектеп табалдырығын да осы жерден аттап, мектеп қабырғасындағы өмірін де осы жерден аяқтаған еді. Талай марғасқалар мен жайсаң жандар өткен осынау киелі мекен жылдан жылға қарыштап дами берсін, ауылдың құт-берекесі арта берсін», - деп аймақ басшысы Серікбай Трұмов өзінің жылы лебізін білдірді. Қасиетті мекеннің қарыштап дамып, көркеюіне сүбелі үлес қосқан азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты мен мерекелік төсбелгілер табысталды. Әбіш Кекілбайұлы оқыған білім ордасы - Шахта орта мектебінің директорына компьютерлік сыныптың сертифаты берілді. 

«Маңғыстаудың тарихы үшін арайлы Ақкетік пен осы Таушықтың орны ерекше. Соны біз ешуақытта ұмытпауымыз керек. Алтын бесігіміз Таушық гүлдене берсін, өсе берсін»,-деді Мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Алшымбаев. Ауыл шетінде 12 киіз үй тігілді. Ағаш үйді жастар, түлектер, мекемелер тіккен. Дүбірлеп өткен тойда жас та, кәрі де дәм татты. Думандатып ән салып, бір-бірін мерейтоймен құттықтады. Ұлттық ойын, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Таушықта шабандоздар сынға түсті. 36 шақырымда аламан бәйге, 12 шақырымда құнан бәйге және 24 шақырымда топ тарқатар, 8 шақырымда тай жарысы өтті. Сайыс қортындысы бойынша аламан бәйгеде Ақшымыраудан келген Мұхтар Ақжігітовтың сәйгүлігі бабында екенін көрсетіп, топ жарды. Осылайша, бас жүлдеге тігілген «Нива» автокөлігін ұтып алды. Әрі қарай балуандар қазақ күресі, қол күрес, қой көтеруден күш сынасты.


Тегтер: Маңғыстау, жаңалықтар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.