Жаңалықтар

Ж.Тәшеновтың жары Бәтес Ыдырысқызының естелігінен

Ж.Тәшеновтың жары Бәтес Ыдырысқызының естелігінен

Жұмабекпен қырық бес жыл тұрмыс құрдық. "Өзіңді күт", — деп маған жұмыс істетпей қойған-ды. Ол балаларға ерекше қамқор еді. Бір жаққа іссапарға шықса, барысымен телефон соғып, үй-ішінің жай-жапсарын егжей-тегжейлі сұрай бастайтын. — Оу, таңертең ғана кеткен жоқпысың? — дейтінмін мен күліп. Жұмабек бұл дүниеден тек шындық пен әділдікті ту етіп, ешкімге ешуақытта жалынбай өтті ғой. Тек жағдайын айтып, көмек сұрай келгендерге көмегін аямайтын. Ал өзіне ешнәрсе сұрамай өтті.
 Жұмабек үш ағайынды еді. Жұмабек үлкен жұмыстан алынғанда, ортаншы ағасы — Манапты да көп ұзатпай қызметінен алып тастады. Бұған қалай жүрегің ауырмайды? Үлкен ағасы Қасен деген азамат өмір бойы темір жол бойында жұмыс істеген қара торы жұмысшы адам. Тұрған үйін көрсең, біздің адамдардың төзімділігіне қайран қаласың. Қасен ағай да қайтыс болып кетті.
Біздер Коммунист және Шмидт көшелерінің қиылысындағы үш бөлмелі үйде қысылып-қымтырылып тұрушы едік. Полторацкий көшесінен бірнеше коттедж салына бастаған-ды. Обком соның біреуін Жұмабекке беретін болған. Үй ішімізбен қуанып қалғанбыз. Бізге тиесілі пәтер белгілі болған соң ордерін алмасақ та, өзімізше иемденіп ішінара жөндеу жұмысын бастағанбыз. Бір күні "бұл үй сіздерге берілмейтін болды" деген хабар тиді. Бұл атқан оқпен бірдей болды. Жұмабек зейнеткерлікте. Обкомға барып білсейші десем, намыстанып бармайды. Не істеу керек? Көп ойланбай Мәскеуге, Брежневке телеграмма бердім. Біз Алматыда кезінде Брежневпен араласып тұрған едік. Леонид Ильич мені "Валя" дейтін. Барлық жайды айтып, "Валя" деп қол қойып, телеграмманы жөнелттім. Көп ұзаған жоқ, шамасы он күннен кейін "үй сіздерге берілетін болды" деген қуанышты хабар алдық. — Бұларға не болған? — деп Жұмабек түкке түсінбей таң қалды. Мен "үйдің қалай берілгені" туралы Жұмабекке шынымды айтып едім, оның жүзіндегі қуаныш лезде ғайып болды. Мен оның жан күйін сол уақытта бірден түсіндім. Бірақ ол кезде бұдан басқа жол да, амал да жоқ еді.………….  

Әсет АҚМОЛДА