Жаңалықтар

Сайрамда 900-дей жаңа жұмыс орны ашылатын болды

Сайрамда 900-дей жаңа жұмыс орны ашылатын болды

Мемлекет басшысының 10 мың тұрғын үшін кемінде 100 тұрақты жұмыс орнын ашу жөнінде берген тапсырмасына сәйкес, Сайрам ауданындағы 87 мыңнан астам жұмыс күшіне биыл 870 нәтижелі жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл туралы Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков мәлімдеді деп хабарлады newsroom.kz порталы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Қазір кәсіпкерлік субъектілері есебінен 530 жаңа жұмыс орындары ашылды. Биылғы жылы 6 инвест жобаны жүзеге асыру арқылы 215 жұмыс орнын, сондай-ақ ауылдық жерлерде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту арқылы 214 жұмыс орнын құру жоспарлануда», - деді Ұласбек Сәдібекұлы.
Өткен жылы аудан көлемінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына жалпы 10 491 адам қатысып, 6 973 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, 2021 жылы аз қамтылған 4 336 отбасына 926,2 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек беріліп, 3 606 балаға 189,2 млн теңге кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылды. Аудан көлемінде кедейшілік деңгейі 2019 жылғы 34,8%-дан 2021 жылы 10,3%-ға төмендеген. Биыл тұрмыс жағдайы төмен 77 отбасына көмек көрсетіліп, оның ішінде 3 отбасын тұрғын үймен қамту көзделіп отыр.