Жаңалықтар

«Өзімді өлтіруім керек пе дейді...»: халықты пирамидаға тартқан вайнер босатылды

«Өзімді өлтіруім керек пе дейді...»: халықты пирамидаға тартқан вайнер босатылды

Қаржы пирамидасы ісі бойынша халықты ақша құюға шақырған вайнер Мейіржан Төребаев кепілмен босатылды. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді деп хабарлады newsroom.kz порталы.
«Әр жағдайда бұлтартпау шарасы жекелей қаралады. Барлық жағдайды ескере отырып, яғни тұрақты тұрғылықты жерінің, кәмелетке толмаған балаларының болуы, оның қылмысты жасаудағы рөлі назарға алынады. Осының бәрін ескеріп, сот оған қатысты кепілмен босату бұлтартпау шарасын таңдады», - деді Әсет Шындалиев.
Ал Сәбит Рысбаев есімді азамат өзінің Facebook-тегі парақшасына вайнердің қаржылық пирамиданы жарнамалап, артынша оған 10 миллион теңге ақша салғанын жазды. Алданып қалдым дегенмен, сол 10 миллион теңгені артығымен шығарып аламын деген мақсатта салғанын алға тартып отыр ол.
«Әйелінің видеосын қарап шықтым. Оқып отыр. Қоғамдық резонанс тудыру үшін өзімді өлтіруім керек пе дейді. Сендер үшін біреу солай да жасады. Әйелі қайта-қайта бәрі заң аясында болсын дейді. Біздің сайқал заңда осындай алаяқтарды соттамайды екен. Соттаса, кезінде Ернар Айдар бастаған әншілерді соттау керек еді. Осыны біліп, әдейі айтып отыр. Ешкім Мейіржан қашып кетті деп жатқан жоқ. Ақша үшін неге қаржылық пирамиданы жарнамалайды деп жатыр. Негізі оның сотталғаны ешкімге керек те емес. Байқағаным, күніге Дубайда, Шымбұлақта еді ғой. Колбасасы, дүкені болатын. Енді тақыр кедейміз демейтін шығар. Сот максимум жаза шығартып, алданған адамдардың ақшасын төлеттірсін. Оны түрмеге отырғызып, ары қарай асырағанша, бүкіл шегіртке, вайнер, кім бар, соларға сабақ болсын деп 200-300 миллион теңгелік штраф кесу керек. Бәрін тазалап, біреудің атына жазып қоймаса, әрине. Сосын соны алданғандарға төлесін», - деп кейістік танытты Сәбит Рысбаев.