Жаңалықтар

«Отвага»: Ресей әскері Украинаға тағы бір символмен шықты (ВИДЕО)

Ресей әскерінің Украинадағы соғыста Z, V белгілерінен басқа, тағы бір символы пайда болды. Ол – «О» белгісі деп хабарладыnewsroom.kz порталы turkystan.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл символ қарулы қақтығыста көп көрінбей, енді ғана Ресейдің әскери техникаларында пайда бола бастады. Оның видеосы Telegram-дағы Реальная Война | Украина парақшасында жарияланды. БАҚ-та Ресей қарулы күштерінің белгілері туралы да көп әңгіме айтылып жатыр. Бірақ әлі ешкім ресми түрде символдардың мәні мен маңызына байланысты нақты мәлімет берген жоқ. Соған қарағанда, белгілерді Ресей әскерилері өздері әскери қолбасшылықтың қолдауымен ойдан шығарып жатқанға ұқсайды. Сонымен кейбір деректе «О» белгісі – Орталық әскери округтың символы делінсе, украиндар оны Беларусь қарулы күштерінің белгісі деп санайды. Олардың айтуынша, О-дан басқа, Z – Шығыс әскери округты, квадратта қоршалған Z – Ресейдің Қырымға шабуылдап жатқан әскерін, V – теңіз күштерін, Х – шешен жасақтарын, А – арнайы жасақты (СОБР, АЛЬФА, ССО) білдіреді. Алайда Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, белгілердің жоғарыда аталған қарулы күштерге ешқандай қатысы жоқ.

«Бұл әріптер солдаттардың өздерін жігерлендіру үшін әскери техникаларға жазып алған символдары. Мысалы, Z – «За победу», «Задача будет выполнена», «За детей Донбасса», «Zакат нацизма», «Когда Россия поzвала», «За правду», V – «Сила V правде», «Отvага», О – «Отвага», деген сөздерді білдіреді», – делінген Қорғаныс ведомствосының VКонтакте әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында.

Ал Украинаға қолдау көрсетіп жатқан АҚШ пен Батыс елдері бұл символдарды Ресейдің басқыншылық саясатының белгілері деп санайды. Бұл белгілерді пайдалануға, насихаттауға жержүзінің көп елдерінде рұқсат берілмеген. Кейбір мемлекеттер заңмен тыйым салған.