Жапонияда не көп, сайлау көп

02 Қараша, 2019 131 0

47 территориялды-әкімшілік бірліктен тұратын мемлекетте ел астанасы мен сол астанадағы қала санатына жататын 23 арнайы аудан, одан басқа 792 қала, 743 қалашық пен 183 ауыл бар. 

Солардың барлығының әкімшілік басшыларын және сол басшылардың жұмысын қадағалап отыратын жергілікті кеңестердің мүшелерін тұрғындар сайлауларда тікелей дауыс беру арқылы таңдап алады. 

Сайлауға түскен адам әрбір дауыс үшін жанын салып, сайлана қалса сол дауыс берген адамның сенімін ақтау үшін барын береді. "Мен бастықтың адамымын, сен кім едің" деген жоқ. Сайлауда сайландың ба, онда сенің бастығың сол саған дауыс берген адам. Бітті, болды, басқа бастық жоқ сенде. 

Ал енді парламенттік басқару жүйесіне негізделген ел болғандықтан парламенттік сайлаудың жөні бөлек. Заң шығарушы органның сайлауына қатысты заңның өзі бөлек бір дүние. 

Мысалы, сол заңда мынандай бір талап бар. Сайлауға қатысатын адам сол саяси науқан барысында өзіне көмекшілер жалдауға құқылы болғанымен, оларға төленетін ақының көлеміне шектеу қойылған. 

Неге екенін бірден ұқтыңыз ғой? Иә, дәл солай. Байдың баласымын, ақшам бар екен деп адамдарға ақша шашып, дауыс сатып алуға жол бермеудің бір амалы. Әрбір кандидат әрбір көмекшіге күніне 15 мың иеннен (шамамен 45 мың теңге) артық ақы төлеуге құқығы жоқ. 

Енді мынаған қараңыз. Өткен аптада бір ай ғана бұрын жаңадан жасақталған жапон үкіметінің экономика министрі отставкаға кетсе, енді бүгін міне әділет министрі орнын босатты. 

Неге дейсіз ғой? Жаңағы заңды бұзып қойыпты. Біріншісіне қатысты жазда өткен сайлауда кейбір сайлаушыларға сыйлық таратыпты деген сыбыс шықса, екіншісіне қатысты сол сайлау науқаны барысында оның әйелі он үш көмекшіге заңмен шектелген ақыдан екі есе көп ақша төлепті деген сөз тарап кетті. 

Екі бірдей министрін қызметтерінен босатуға мәжбүр болған үкімет басшысы жаңа ғана халық алдында басын иіп, "Бұларды тағайындаған мен, бар жауапкершілік менің мойнымда" деп кешірім сұрады. 

Парламенттегі оппозициялық депутаттар "Кешірім сұрай салса кешіре салайық па, жоқ, бұндай үкіметпен жұмыс істеу мүмкін емес" деп парламенттің бүгінгі жұмысына қатысудан бас тартып отыр...


Батырхан Құрмансейіттің парақшасынан алынды

Тегтер: жапония, жаңалықтар, әлем, сайлау, батырхан, құрмансейіт

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.