Асхат Тарғын: Екінші әйеліммен тойда танысып, кейін келісімінсіз алып қашып кеткем
Асхат Тарғын: Екінші әйеліммен тойда танысып, кейін келісімінсіз алып қашып кеткем
Асхат Тарғын өзінен бір мүшел жас кіші қызды жар еткені белгілі. Бүгінде ортақ ұлы бар. Әнші жас әйелімен тойлардың бірінде танысқан. Кейін келісімінсіз алып қашқанын мойындады.
Бұл туралы "Талантым-тағдырым" бағдарламасында айтылды.
Асхат Тарғын 2017 жылы екінші рет шаңырақ құрды. Бұрын ажырасқан. Алғашқы некесінен бір қызы бар. Осы ретте әнші екінші жарымен қалай танысқанын айтты.
"Әлиямен тойда таныстым. Ол менен 13 жас кіші екен. Бірақ жас айырмашылығында тұрған ешнәрсе жоқ деп ойлаймын. Бір жыл шамасында сөйлесіп жүрдік. Мен үйленуге ұсыныс айттым. Алайда ол оқуын жаңа бітірген. Кейінге ысырып жүрді. Жазды, күзді күтіп жүре бердік. Тағы араласып көрейік дегендей айтты. Бір күні ойда-жоқта ескертусіз алып қашып кеттім. Бастапқыда келіспеді, жылады. Кейін бәрін түсіндіріп айттым. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ дедім. Қазір бәрі жақсы. Ұлымыз бар", - деді ол.
Айтуынша үлкен қызымен араласып тұрады. Оны өсіру, бағып-қағып, құтты орнына қондыру өз мойнында екенін айтты. Бүгінде қызы өзімен емес, жатақханада тұрып жатыр.
"Ол бізбен сыйыспағаннан емес, өзіне ыңғайлы болған соң жатақханада тұрып жатыр. Чайковский атындағы музыкалық колледжде оқиды. Сол аулада жатақханада тұрады. Әрі-бері жүрудің өзі қиын. Үйге тек демалыс күндері келеді", - дейді әкесі.
Сілтеме