Жаңалықтар

Норвегия ноғайлары туралы не білесіз?

Норвегия ноғайлары туралы не білесіз?

Таныс болыңыздар: Сыдық Таңатар – Норвегияда тұратын ноғай ағам – деп жазды Ослодағы қазақстандық дипломат әрі белгілі публицист Талғат Жұмағұлов өзінің фейсбук парақшасында. Оның жазуынша, Сыдықтың арғы ата-бабалары 19-шы ғасырдың ортасында өздерінің Солтүстік Кавказдағы ежелгі қоныстарын қалдырып, Түркияда орныққан. Анадолыда ноғай тіліне, салт-дәстүріне, ислам дініне берік елеулі ноғай қауымы бар. Сыдықты ата-анасы 1970-ші жылдары мектеп жасында Норвегияға алып келген екен.
«Сіз Норвегияда қаншама жыл тұрсаңыз да, бірақ маған мүлде норвег емес, кәдімгі қазақ сияқты көрінесіз!» – дедім бірде Сыдыққа. Бұл сөзімді жергілікті қазақтар да растай алады. «Тегінде ноғай, қазақ түбіміз бір» емес пе...

***

Ондаған жылдар бойы Скандинавияда тұрып жатқан ноғайлар өздерінің бірегей азаматтық сәйкестілігін (яғни identity) қалыптастырды. [caption id="attachment_65091" align="aligncenter" width="829"] width= Фото: facebook (с) Talgat Zhumagulov[/caption] Біріншіден, үйде, отбасында олар - нағыз ноғайлар. Таза ана тілінде сөйлеп, тілді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Шариғатты қатаң ұстанып, әрі балаларына барынша діни білім мен тәрбие беріп отырады. Жергілікті ноғайлар қазақтармен өзара өте жақын, бір-біріне жақсы қолдау көрсетіп отырады. Былтыр Норвегиядағы қазақ қауымының көсемі Махмұд Басташ бақилық болғанда ноғайлар жаназаға көптеп келгенін көрдім. «Түбіміз бір» деп бекер айтпаса керек. Екіншіден, өте маңыздысы: қызметте, саясатта, қоғамдық өмірде норвегиялық ноғайлар (жергілікті қазақтар да сияқты) - нағыз норвегтер. Уақытқа ұқыпты, барынша заңға бағынатын, байсалды, еңбекқор. Жеке өмірді (privacy) құрметтейді, прагматик әрі қарапайым.

* * *

Сыдық ұлдарым үшін ақиқа құрбандығын шалуға керемет жәрдем етті. Скандинавия жағдайында мұны шариғатқа толығымен сай жасау өте қиын. Ал Сыдықтың бұл шаруада бүкіл Норвегияда теңдесі жоқ. Жақында Oslo Vestre Gravlund зиратында жерленген Екінші дүниежүзілік соғыстағы ноғай жауынгерінің есімін тауып алдым. Амангелді Юнгушев - 1944 жылы тұтқында қаза тапқан Дағыстаннан шыққан кеңес жауынгері. Бұл дерекпен дереу Сыдықпен бөлісуге асықтым. Сол жұма күні екеуіміз бейітке барып, ноғай атамыз бен барша мұсылман жауынгерлеріне құран бағыштап оқыдық – дейді Т.Жұмағұлов. Тегінде түбіміз бір... Ал, Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?