Қазақстан аумағында ғылыми мекемелер 20 ғасырдың басында пайда болды деп жазады newsroom.kz порталы.
Бастапқыда бұл ауыл шаруашылығы және тұқым шаруашылығы ғылыми станциялары болды. 1925 жылы Алматыда тұңғыш санитарлық-бактериологиялық ғылыми институт, ал 1926 жылы Қазақстан үшін Ташкентте ашылды, Алматыда болса тұңғыш жоғары оқу орны – Қазақ педагогикалық институты 1928 жылы ашылды.
1932 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақ базасы құрылып, ол 1938 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы болып қайта құрылды, онда 1940 жылдардың басында 100 ғылыми қызметкер, оның ішінде 3 ғылым докторы және 14 ғылым кандидаты жұмыс істеді. Бұл кезеңде республикада 12 жоғары оқу орны, 11 ғылыми-зерттеу және жобалық-технологиялық ұйым, 2 жобалау институты, 2 ауылшаруашылық тәжірибе станциясы, 6 зауыттық ғылыми-зерттеу және коснтуркторлық бөлімдер, Алматы қаласында ботаникалық бақ және зоологиялық саябақ жұмыс істеді.
1946 жылы 31 мамырда «Қазақ КСР Ғылым академиясын құру туралы» қаулы қабылданды.
Академияның алғашқы құрамына 14 академик пен 16 корреспондент мүше, оның ішінде Қазақстанның көрнекті ғылым, техника және мәдениет қайраткерлері: жазушы Мұхтар Әуезов, химик ғалымдар Әбікен Бектұров пен Михаил Горяев, паразитолог Илларион Галузо, музыкатанушы, композитор Ахмет Жұбанов, геологтар Николай Кассин және Михаил Русаков, лингвистер - түркітанушылар Смет Кеңесбаев пен Нығмет Сауранбаев, систематика және ботаникалық география саласының маманы Николай Павлов, астрономдар Гавриил Тихов пен Василий Фесенков, тарихшы Серафим Юшков кірді.
Ғылым академиясының тұңғыш академигі болып қазақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы (1942), Кеңес Одағының Ғылым академиясының алғашқы академигі (1946), Шығыс елдерінің ғалымдары арасында ғылым мен техника саласындағы КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1942) және Лениндік сыйлықтың (1958) тұңғыш лауреаты Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сайланды.
Қаныш Имантайұлының тұлғасы қазақстандықтардың өскелең ұрпағына, тек болашақ ғалымдарға ғана емес, елін сүйетін, оның өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етуге дайын әрбір жанға үлгі. Оның өте дәл зерттеулері күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Қ.И. Сәтбаев құрған карталар бойынша минералдарды өндіру жалғасып келеді және қазақстандық ғалымның көптеген еңбектерін қазақстандық геологтардың жас буыны ғана емес, сонымен қатар шетелдік ғалымдар да қызығушылықпен зерттейді.
Республиканың Ұлттық ғылым академиясы құрылған алғашқы жылдардан бастап-ақ ең бай табиғи ресурстарды игеру бойынша ауқымды зерттеулерді қолға алды, еліміздің өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, мәдениетін дамытуға, қазақстандық қоғамның экономикалық, әлеуметтік және рухани даму мәселелерінің ең маңызды міндеттерін шешуге орасан зор үлес қосты.
Одан кейінгі жылдары Ғылым академиясының президенттері болып мыналар сайланды: тау-кен ғалымы, академик Д.А. Қонаев, энергетик ғалым, академик Ш.Ч. Шокин, геолог ғалым, академик, Лениндік сыйлықтың лауреаты Ш.Е. Есенов, металлург ғалым, КСРО және ҚазССР Ғылым академиясының академигі, КСРО және ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты А.М. Қонаев, биолог ғалым, Лениндік сыйлықтың лауреаты М.А. Айтхожин, математик ғалым, КСРО және ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты У.М. Сұлтанғазин, ғалым-экономист, академик Қ.А. Сағадиев, ядрошы ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, проф. В.С. Школьник, биолог ғалым, академик Н.А. Айтхожина, геолог ғалым, академик С.Ж. Дәукеев, қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті химик ғалым, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұрат Жұрынұлы Жұрынов.
Қазақстан Ғылым академиясының жұмысының өзекті бағыттарының бірі кез келген елдің ғылыми дамуының негізін құрайтын зияткерлік әлеуетті дайындау болып табылады. Мұның қажетті шарты – жас ғылыми кадрларды дайындау бойынша ұйымдастырушылық-ұтымды, жүйелі жұмыс болып табылады. Кеңес мемлекетінің аспиранттарды дайындаудағы XX ғасырдағы тарихи тәжірибесі жақсы мысал болды. КСРО-да аспирантура РКФСР Халық ағарту комиссариаты жанынан 1925 жылы құрылып, ғылыми кадрларды даярлаудың ресми жүйесіне айналды, отызыншы жылдары елдің ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО-да таралды. «Аспирантура» терминінің өзі латынша негізге ие: aspiro–ұмтыламын, жақындауға тырысамын.
Республикадағы алғашқы кандидаттық диссертациялар 1934 жылы қорғалып, ғылыми атақ алудың негізгі жолы болып қала берді, бірақ 1980 жылдары ғылыми кадрларды даярлау жүйесі ғылым мен білім беру жүйесін оның барлық деңгейлерінде реформалау әрекеттерімен сипаттала бастады.
Кеңестік кезеңнің күшті ғылыми әлеуеті 1990 жылдардан бастап өз орнын ықпалын жоғалта бастады. Ғылыми қызметті құрайтын барлық көрсеткіштердің тұрақты және күрт құлдырай басталды: ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың азаюы немесе жетіспеушілігі, олардың нәтижелеріне де, жалпы зерттеушілердің жұмысына да сұраныстың болмауы. Көптеген ғылыми институттар жабылды. Мұның барлығы ғылымның тиімділігін төмендетті, ең бастысы, кадрлардың тұрақтамауына алып келді. Мәселен, 1991 жылдан 2000 жылға дейін республикадағы ғылыми қызметкерлердің саны екі есеге жуық қысқарды: 27,6 мыңнан 14,8 мыңға дейін.
Осы дағдарыс жылдарында ғылым саласында нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыруға қадамдар жасалды. 1992 жылдың өзінде-ақ «Қазақстан Республикасының Ғылым және мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаты туралы» Заң қабылданып, осы кезеңдегі республика ғылымының дамуының негізгі қағидаттары айқындалды. 2000 жылдары ғылым саласындағы реформаларды одан әрі бекіту және жаңа міндеттерді айқындау үшін Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңы және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды.
Үздік әлемдік тәжірибе мен заманауи жағдайларды ескере отырып, ғылымды басқарудың жаңа үлгісі 2011 жылы қабылданған «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңында ұсынылды. Бұл үлгі қаржыландырудың жаңа нысандарын, ғылымды басқарудың жаңа құрылымдарын енгізу сияқты реформаларды қамтыды, оның негізгі қағидаты – шетелдік сарапшыларды кеңінен тарта отырып, көп деңгейлі сараптама негізінде ғылыми жобаларды конкурстық іріктеу, сондай-ақ ғылым мен білімді терең интеграциялау, жоғары оқу орны ғылымын, ғылымның экономиканың нақты секторымен байланысын нығайту және т.б.
Ғылымды реформалау бойынша жұмыс 2015 жылы қабылданған «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен жалғасты, ол ғылымды практикалық енгізудің жаңа тетіктерін әзірлеуге, ғылыми зерттеулер, ғылыми зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Қабылданған мемлекеттік шаралар ғылыми-зерттеу қызметін кеңінен ынталандыруға бағытталған, PhD докторантураның жаңа бағдарламалары бойынша ғылыми кадрларды даярлау үшін гранттар ұлғайтылды - жылына 2 мыңнан астам, сондай-ақ шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтушілер саны, оның ішінде халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша ұлғайтылды.
2020 жылдан бастап ғылыми-зерттеу институттарын техникалық жаңғырту жүргізілді, 2020 жылы ғылыми ұйымдардың базасын жаңғырту мен нығайтудың жаңа бюджеттік бағдарламасы бойынша 23 институт 2,8 млрд теңгеге зертханалық құрал-жабдықтарды сатып алды, 2021 жылы мемлекеттік бюджеттен 3,8 млрд.-тан астам қаржы бөлінді.
Ғылыми қызметкерлердің еңбекақысының негізгі көзі болып табылатын жобаларды қаржыландыруға арналған конкурстар кеңейтілді. Мәселен, бұрын ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстары үш жылда бір рет қана өткізілсе, 2020 жылдан бастап 5 байқаудан өткізіледі. Алғаш рет гранттардың жаңа түрлері енгізілді: ынтымақтастыққа үш жылдық гранттар, бір жылдық гранттар, сондай-ақ жас ғалымдарға арналған гранттар.
Ғылым саласының алдында тұрған жаңа міндеттерді шешу үшін ғалымдар «Ғылымды дамытудың ұлттық жобасын» әзірлеп, оның негізінде «Ғылым туралы» заңға түзетулерді әзірледі. 2022 жылы ғылыми қызметкерлер ел үшін іргелі, стратегиялық зерттеулер жүргізетін ғылыми-зерттеу институттарын базалық қаржыландыру тізіміне енгізілді.
Қазіргі таңда ғылым саласын дамыту, оның тиімділігін арттыру – мемлекеттің бірінші кезектегі және өзекті міндеттерінің бірі. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ.Тоқаев ғылымды қаржыландыруды айтарлықтай арттыруды тапсырды. Мәселен, 2020-2022 жылдарға арналған ғылымды қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғайып, 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 1%-на дейін ұлғайту жоспарлануда.
Мәселен, Қазақстанда соңғы онжылдықта ғалымдардың саны 2009 жылғы 15,8 мыңнан қазіргі уақытта 21,8 мың адамға дейін тұрақты өсуде. Жастардың ғылымға ағылу үрдісі де байқалды – жас ғалымдар ғылыми қызметкерлердің жалпы санының 37,5%-ын құраса, 2010 жылы олардың саны 24%-ды құраған.
Министр өз баяндамасында болашақ мамандардың жас ұрпағын даярлау үшін ғылым, білім және өндірісті біріктірудің маңыздылығын, жоғары оқу орындарының әрі қарай ғылыми-инновациялық дамуы мен ғылыми-зерттеу институттарының әлеуетін атап өтті. «Ғылым Ордасы» кешенінде шоғырланған ҚР БҒМ ҰҚК ғылыми-зерттеу институттары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен интеграция аясында 2014 жылдан 2022 жылға дейін 20-дан астам бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асырды, 559 адам оқуын аяқтады: 385 магистр және 174 PhD докторы, 100-ге жуық ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары оқу процесіне тартылды, олар 1000-нан астам мақалалар жариялады, оның ішінде Scopus/TR деректер қорында шамамен 200 ғылыми мақала жарияланды. Бірлескен білім беру бағдарламаларын бітірген түлектердің 90%-ы ғылыми-зерттеу институттарында жұмысқа орналастырылды, студенттер 55-тен астам жоғары рейтингті шетелдік университеттер мен халықаралық ғылыми ұйымдарда тағылымдамадан өтті.
Қазақстанның ғылымы қарқынды дамып, жас кадрлар дайындалуда. Қазақстанның ғылыми әлеуетінің жемісті дамуының жарқын көрсеткіштерінің бірі – отандық ғалымдардың коронавирустық пандемиямен күрестегі зор табысы. Осылайша, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының жұмысының жоғары нәтижелерінің арқасында Қазақстан COVID-19-ға қарсы жеке вакцина жасаған әлемдегі 5-ші ел болды.
Ғалымдар үшін материалдық-техникалық жағдай жасалып жатыр, енді ғылымдағы киелі жолдарды кеңейтіп, тәжірибемізді жастарға жеткізуіміз керек.
Уалтаева А.С. – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері,
«Fылым Ордасы» Ғылыми кадрларды даярлау орталығының басшысы,
тарих ғылымдарының кандидаты, ассоциациялық профессор