“Жуық арада балабақшалар ашылмайды”

“Жуық арада балабақшалар ашылмайды”

ашық дереккөзі

 width= Денсаулық басты байлық. Әлемге лезде таралып үлгерген аурудың денсаулыққа зиян тигізері анық. Төтенше жағдай жарияланды. Екі айға жуық оқшауланып, міне жақында ғана карантин аяқталды. Алайда толықтай карантин күшін жоя қойған жоқ. Блок-бекеттерден рұқсатпен ғана өтуге болады. Жүздеген адам ақырын жұмысқа шығып жатыр. Бірақ балалар қайтпек? Балабақшалар ашылмаса, ата-аналар не істейді? Оларды қайда қалдырады? Көптің көкейіндегі сұраққа Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин осы сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды NewsRoom ақпарат агенттігінің тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап. Әлемдегі ахуалға қарасақ, шектеу шараларын алған мемлекеттерде эпидемиологиялық жағдай қайта нашарлап жатыр. Індет өршіп кетті. Осы тұста балаларға жұғу қаупі жоғары дейді ақ халаттылар. “Арнайы сұхбат” бағдарламасында Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин “балабақшаларды дәл қазір ашу ерте” деді. “Балабақшаларды ашу мәселесіне келсек, қазіргі уақытта кезекші топтар ашу жағы қарастырылуда. Сондықтан бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына енгізілген жоқ”, – деді Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин. Қаулыға енгізілімегені түсінікті. Өйткені, мектепке дейінгі мекеме – ауру тез таралатын жер. Онда балалардың болуы жағдайды тіптен ушықтырады. Сондықтан қаланың бас санитары шешім қабылдауға асықпаған абзал екенін айтады. Қаланың бас санитар дәрігері қала тұрғындарына төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин күшін жоймағанын тағы да ескертті. Сондықтан адам көп жиналатын жерлерге бармауға кеңес берді. Жұмыстарын қайта бастаған кәсіпорындар мен сән салондары да санитарлық талаптарды қатаң сақтауы керек. Жандарбек Бекшин босаңсуға болмайтынын айтты. Жұдырықтай жұмылсақ қана қауіпті індеттен тез құтылатынымызды қаперде ұстауға шақырады.  

Жүктелуде...