Жаңалықтар

Сылдыратсаң тиынды жоғалтарсың сыйыңды

Сылдыратсаң тиынды жоғалтарсың сыйыңды

Қазақта өрілген ұзын бұрым сұлулықтың сәні саналған. Оған шашбау тағып, айрықша күтім жасаған деп хабарлайды Newsroom.kz порталы
Шашбау да шаштың өсуіне ықпалын тигізіп, қыз баланың денесін тік ұстап, басын нық көтеріп жүруін қалыптастырған. Шаштың қоюлығы мен сұйықтығына қарай бұрым да үлкен және кіші болып келеді. «Жуан бұрымды — жеңді білектей, қос бұрымды тау басынан құлаған бұлақтай», – деп мадақтаған.
Қыз балалар қолаң шашқа сән беріп оюланған шашбау, күмістелген шолпы таққан. Шолпы шаштың ұшына, шашбау бұрымның түбіне ілініп шашпен бірге өріледі.
Балауса қыздың жүрісін, қимылын, әдептілігін қалыптастыру үшін қоңыраулы шолпыны көбірек қолданған. Астарына үңілсек, қоңыраулы шолпыны таққан қыздар далада жүргенде, қатты күлсе, жүгірсе, шолпы сыңғырлап, дабыл қаққан. Бұл – бір.
Ал шолпысына маржан моншақ таққан қыздар оғаш қимыл жасаса, шолпы моншақтары салдырлап жағымсыз дыбыс шығарып, иесі оқыс қылығын дереу тоқтатқан. Қандай ғажап үйлесім… Шолпының бұл сыңғыры оларды елең еткізіп, жинақы болуға мәжбүрлеген.
Шолпының әуеніне байланысты ырғақты қозғалысты сезініп, аяғын аңдап басып, қалқып жүруге дағдыланған. Қазіргі тілмен айтқанда, дефиле – көрікті әсем бой түзеуді, түзу сәнді жүруді арнайы үйрететін сәнгерлер мектебінің рөлін атқарған.
Шолпы, шашбау сыңғыры қыз баланың үйге қарай келе жатқанынан хабар берген. Үлкендер жағы артық сөзін тыйып, қыз алдында өздерін тәртіпке шақырған. Балғын қыздар денесін тік ұстап, бойдағы сенімділікті қайрап, кез келген ортада өзін-өзі еркін ұстай білуді балалық шақтан үйренеді.
Қазір медицинада күмістің ауру тудыратын элементтерді жойып, ағзаға зиянды токсиндар мен микробтарды шығарып, бактерияның 650 түріне қарсылық көрсете алуымен бірге шашқа тағылған күміс теңгелер белге түсіп әйел затының өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін аса пайдалы екенін, дәлелдеп отыр.
Шашбаудың ауыр салмағы басты ауыртпайтын, емдік қасиетке ие. Бұрындары ата-бабамыз шашбау шаш арасындағы жын-шайтанды қашырады, сонымен қатар көшіп қону кезінде далаға түнеп қалған уақытта күмістен жасалған әшекей бұйымдарға құрт-құмырсқа, қара құрт, жылан, т.б зиянкестер жоламайды – деп білген.
Сондықтан да, күмістің қасиетін ерте білген әжелеріміздің қолында бар күмісінен түйме тағып, әсіресе бой жете бастаған қызының шашын өріп, бұрымына күміс моншақ тағатыны осыдан болса керек-ті.
Бүгінгі заманауи күндері сыңғырлаған шашбау түгілі, белге түскен қолаң шашты қызды көру сиреп бара жатса да, ұзын шаш маңызын жоя қоймады.
Сондықтан, бұрымды бойжеткендерімізге «шаштарыңыз ұзын əрі қалың болсын» деген тілек білдіре отыра, дендеріңіздің саулықтары үшін шолпы, шашбау тағуды əдетке айналдырыңыз деп кеңес береміз.
Әйгерім Тастанова, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр
орталығының ғылыми қызметкері.