Экология министрі апат болған Петропавл жылу орталығына барды
Экология министрі апат болған Петропавл жылу орталығына барды
Солтүстік Қазақстан облысына келген экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Петропавлдағы жақында апат болған жылу-электр орталығына барды, деп хабарлайды Newsroom.kz порталы inform.kz сайтына сілтеме жасап
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев өңірдегі бірқатар нысанды аралап, түстен кейін «СҚО-ның экологиялық мәселелері және оны шешу жолдары» тақырыбындағы жиынға қатыспақ.
Министр барған бірінші нысан - жақында ғана апат болған Петропавлдағы жылу-электр орталығы болды.
«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің және өз атымнан қаза тапқан әйелдің отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Ауыр қасірет. Жылу-электр орталығының жұмысшыларына бар жақсылықты және жемісті еңбек тілеймін», - деді Серікқали Брекешов.Экология министрінің айтуынша, Петропавлдағы жылу-электр орталығы өңірдегі ауаны ең көп ластайтын кәсіпорындардың бірі. Атмосфераға таралатын барлық залалды шығарындылардың 70 %-ы осы орталыққа тиесілі. «Былтыр 40 мың тоннаға жуық, биыл 25 мың тонна ауаға зиянды заттар тараған. Жылу орталығында күл үйіндісіне қатысты да мәселе бар. Бас директордың айтуынша, кәсіпорыннан жылына 1 млн тоннадан астам күл шығады. Бұл да шешімін табуы тиіс үлкен мәселе. Қазіргі уақытта кәсіпорын күлді жай ғана төгіп, үйіп жатыр. Қазіргі уақытта бұл қалдықты тиімді пайдаланудың бірнеше жолы бар. Оны жолды салғанда қолдануға болады, оң нәтижесі бар. Бұл Қарағанды облысында қолданылып жатыр. Сондай-ақ цемент өндірісінде де пайдалануға болады. Бұл технологиялар жаңа емес, бұрыннан бар, тек кәсіпорынға оны қолға алу қажет», - дейді Серікқали Брекешов. Жылу-электр орталығында министрге карбон шығарындысы туралы, мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесін және экологиялық кодексте бар озық қолжетімді технологияны енгізу бойынша сұрақтар қойылды.
«Бұл мәселелерді алда бірлесе қарауға келістік, ортақ бір шешімге келеміз деп ойлаймын. Үздік қолжетімді технологияларды енгізу арқылы ауаны ластайтын заттардың шығарындысын азайтуға болады. Экологиялық кодекске сәйкес, компания 10 жыл мерзімге кешенді экологиялық рұқсат алып, эмиссия төлеуден босатылады. Бірақ біз оларды тексере аламыз, егер компания өз міндеттерін орындамаса, айыппұл салынады», - деді экология министрі.Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта апат болған кәсіпорыннан экологияға келер қауіп жоқ. Түтін мұржасы құлағаннан кейін экология департаменті санитарлық-қорғаныш аймағында мониторинг жүргізді. Ауаны ластайтын заттардың нормадан жоғары шығарындысы болған жоқ. Қазір де мамандар бақылауда ұстап отыр. Бұдан басқа «Қазгидромет» күнделікті мониторинг жүргізеді.
Ақерке Дәуренбекқызы