Жаңалықтар

Шымкенттегі үйін банк тартып алған кейуана мүгедек баласымен жертөлелерді паналап жүр

Шымкенттегі үйін банк тартып алған кейуана мүгедек баласымен жертөлелерді паналап жүр

Шымкенттік зейнеткер Балқия Тіленова осыдан 8 жыл бұрын оңтүстік астанадағы ең элиталы ауданда орналасқан пәтерінен айырылып қалған. Айтуынша, несиелік қарызы бар банктің бизнесмен-заңгері зейнеткердің жерін алаяқтық жолмен тартып алып, орнына бүгінде төрт қабатты мейрамхана тұрғызып тастаған, деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап
Зейнеткердің отбасында бірінші топтағы мүгедек баласы бар. Олар амалдың жоқтығынан қазір Шымкентте пәтер жалдап жүр. Ал әжейдің өзі елордада Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асановтың қабылдауына кіре алмай жүргеніне үш жылдан асты. Қазір астанада пәтерден-пәтерге көшіп, жертөлелерді жағалап жүр. Осыған байланысты «За Закон» белсенділер тобы Балқия апайға пәтер іздеп, азық-түлік шығындарына әлеуметтік желі арқылы қаражат жинап жатыр.
«Мен 2007 жылы жеке кәсібімді ашу үшін 15 жылға қазіргі «ForteBank» АҚ  (бұрынғы атауы «Альянс Банк») 21 мың доллар несие алғанмын. Ол кездегі доллар курсымен теңгеге шаққанда 2 млн 640 мың теңге. Сол несиені бизнеске салып, үйімнің ауласынан дүкен ашпақ болып, алты тоңазытқыш сатып алдым. 2007 жылдан 2014 жылдың шілде айына дейін несиемді бірде бір рет кешіктірмей төлеп жүрдім. Екі рет кесте түздіремін, арасында бір жылдық демалыс аламын.  Несиені доллар валютасымен алған едім. 2014 жылдың 24 желтоқсанынан бастап банк алдындағы міндетімді ақтай алмадым, себебі, 2009 жылы дүниеге келген немерем Нұрислам Асқарұлының диагнозы асқынып (бірінші топ мүгедегі, жұлын жарықшағы), бар қаражат соның еміне кетті», - деді редакция тілшісіне Балқия Тіленова.
«БІР ҒАНА ЖЕРІМНІҢ ӨЗІ ҚАЗІР 300 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ТҰРАДЫ...» 2016 жылдың 11 мамыры күні Шымкент қаласы Абай аудандық сотының шешімі «ForteBank» АҚ пайдасына шешіліп, кредиттік келісімшарт бойынша Балқия Тіленованың банк алдындағы қарызы өсімақыны және сот шығынын есепке алмағанда 1 333 580 теңгені құраған.  width=
«Мен пәтерімді сатып, қарызды жабамын деп алушы іздеп жүргенімде, банк маған ешқандай мүмкіндік бермей үйімді сатып жіберді. Олардың бар мақсаты – үйді алу. Себебі үйім ауқатты адамдар тұратын ауданда орналасқан еді. Мен сол жерде 17 жыл тұрдым, бала шағам сонда өсіп, немерелерім дүниеге келді. Банкке қарыз екенімізді білеміз, төлем кестесін де жасап берді. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Банкте несиелік қарызы өтелмеген мүгедектер мен зейнеткерлердің мүлкіне тиіспеңдер» деген заң шығарған болатын. Бірақ банк мүгедек немеремді де, менің зейнеткер екенімді де есепке алмады. Туған үйімді маған ескертпестен сырттай саудаға салып, банк өз заңгеріне 9 миллион теңгеге сатқан. Үйдің сол кездегі құны 56 миллион теңге болған еді», - дейді кейіпкеріміз.
Кейуананың үйін заңгер әрі кәсіпкер сатып алған. Алған бойда көзінше бұзып тастаған.
«Үйімді тартып алған адам – банктің заңгері Бектұрғанов Сержан Серікбайұлы. Оның 200-ден аса бизнес нысаны бар. Шымкенттің ең ірі кәсіпкерлерінің бірі, банкте осылай кепілге қойылған үйлерді тартып алу үшін жұмысқа тұрған. Банк директоры, директордың орынбасарының да бұл іске қатысы бар. Сержан мейрамхананы әйелінің атына тіркеп қойған. Өзінің де, әкесінің де, әйелінің де фамилиясы әртүрлі. Менің үйім орналасқан бір ғана көшенің бойында бірнеше жатақханасы бар. Біздің бұзылған үйіміздің орнына төрт қабатты мейрамхана салып жатыр. Ойлаңыздаршы, бір ғана жерімнің өзі қазір 300 миллион теңге тұрады, ал үйімнің құны 50 миллион теңге болып тұр. Жеріме қызыққан көршілерім де «сат» деп тыныштық бермейтін еді», - деді ол.
Әжейдің айтуынша, Сержан отбасымен кілең шымкенттік прокурорлар мен судьялар тұратын ауданда тұрады.
«Байлық барлық адамға бәрін істетеді екен. Бізді үйімізден қуып шығуға 200 жұмысшы келді. Шымкентте Спартак Айтпаев деген атышулы сот орындаушы бар. Сол үйімізді көз алдымызда бұзып, қуып шықты. Оған дейін Исақов, Тұранов деген сот орындаушылары келіп, мүгедек баламды көріп қайтып кететін, қорықпай отырған осы Айтпаев. Қарсыласқан едік «үйлерің жоқ, немерелеріңді балалар үйіне өткіземін» деп келініме қоқан-лоқы көрсетіп, әбден сорымызды қайнатты. Соңғы үмітіміз Жақып Асанов пен Қасым- Жомарт Кемелұлында болып отыр. Одан басқа қолымыздан келер шара жоқ», - деді Балқия апай.
«ҮШ ЖЫЛ БОЙЫ ЖОҒАРҒЫ СОТ ЕСІГІН ТОРУЫЛДАП ЖҮРМІН» Зейнеткер әділдік іздеп отбасымен бірге астанаға көшіп келгенімен, қымбатшылықтан қажып кеткен балалары Шымкентке қайта көшіпті. Ал өзі үш жылдан бері Бас прокуратура мен Жоғарғы Сот ғимаратының табалдырығын тоздырып келеді.
«Бір жылда 10-15 пәтер ауыстыруыма тура келеді. Себебі көпшілік мүгедек баламен пәтерге алғысы келмейді, жақтырмайды. Оның үстіне мүгедек балам дәретін жіберіп қояды, киімдерінен дәреттің иісі шығады. Бастапқыда астанаға отбасыммен келген едім, қазір олар ауылға қайтты, Шымкентте тым құрыса пәтер арзан ғой. Өзім астанада көрінген пәтерді, жертөлелерді жағалап келемін. Бес жыл бойы менің ісімді 6 судья жүргізді. Сотқа алдап, қорқытып шақыртып алады, бірақ қарсы тараптың бірде-бір рет сотқа қатысқанын көрген емеспін. Заң жұмыс істемесе, билік жұмыс істемесе мұндай елде несіне жүрміз?! Міне, Жоғары Сотқа кіру үшін есігінің алдында жатқаныма тура үш жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше рет хат жолдадым, ешкім қабылдамады. Астанада Жоғарғы соттың қызметкерлері де, көшедегі иттер де мені беске танитындай болды. Қаңғырып әр жерде бір жүрмін. Ол аздай менің өзімді қарыз қылып қойған, осы уақытқа дейін 45 мың теңге зейнетақымнан өтемақы ұстап келді. Мен осы елдің азаматы ретінде заңсыз тартып алған жерімді қайтарып беруді сұраймын, одан басқа талабым жоқ», - деді Балқия Тіленова.
Балқия Тіленоваға қолдау көрсетіп келе жатқан «За закон» тобының белсендісі Сәуле Алипова сот әзірше банк қызметкерінің жағында дейді.
«Сот әзірге банк қызметкерлерін қолдап отыр. Біз құжаттардың бәрін қарап шықтық, апаға өзі сатып алуға мүмкіндік бермеген. Әрине, бермейді. Ол аймақ байлар тұратын жер. Апаның кінәсі, сол бай үйлердің ортасында болғандығы. Заңгердің көзінің құртын жеген сол үйдің жері. «За закон» тобы былтырдан бері апаға қолынан келген көмегін аяған жоқ. Жатын жер, жұмыс тауып беріп жүрді. Дегенмен, үнемі жағдайын жасай беруге мүмкіншілік бола бермейді ғой. Олардың да отбасы бар. Балқия апайдың қазіргі күйі тіпті нашар. Адам шыдай алмайтын жағдайда тұрып жатыр. Апаға заңды жерін үйімен қайтартып беру керек. Осы мақсатты біз жұмыс істеп жатырмыз», - деді Сәуле Алипова.