Миллениалдар буыны сөз сұрайды деп жазады Newsroom.kz порталы forbes.kz сайтына сілтеме жасап
«Біз қазір ел тарихындағы өзіндік бір шешуші кезеңге аяқ бастық. Қоғам өзгеріске сұрау сала бастады. Бай елде кедейдің күйін кешкен дұрыс емес: ел байлығы бір топтың, бір адамның қолында шоғырланып қалмауы тиіс».Әлеуметтік инновациялар жөніндегі зерттеуші маман, PhD докторы Әсел Құрмантаева Forbes.kz тілшісімен әңгіме барысында қоғам мен билік арасындағы жағдайға талдау жасап, ел алдындағы мүмкіндіктер мен тәуекелдерді саралап берді. Миллениалдар буынының өкілі, дәл қазір Қазақстан демократиялық институттарға иек артқан мемлекет ретінде тұрақты даму бағытында дұрыс таңдау жасай алады деген үмітте.
«Бүгінде қазақстандықтар президент Тоқаевқа тұлға ретінде үміт артып отыр, жалпы билікке, не үкімет пен парламентке емес. Бірақ, қоғамның қолдауы дегеніміз айтарлықтай «нәзік құрылым», сенім болмаған жерде ол әлдебір күні «морт сынады». Мемлекет басшылығы да, қоғам да өткен тарихтан дұрыс сабақ алып, жеке басқа табынушылықтан ада болғаны абзал. Дәл қазір бізге тұрақты негіздегі институттарды құруға мән беру қажет, яғни қоғам тұрақты да орнықты механизмдерге деген сұранысты арттыруы керек, ал бұл тұрғыдағы басты құрал – диалог орнату», - дейді зерттеуші Құрмантаева.Жас ғалым, 2019 жылы ҚР президенті Қ. Тоқаев халық үніне құлақ асатын мемлекет бағытын жария еткенін еске салады, дегенмен, әзірше азаматтық қоғамның түйінді мәселелері биліктегілерге тиісті деңгейде жеткізіліп, тең дәрежеде талқыланып жатқан жоқ.
«Бұл тұрғыда жүйелі әдістер мен тетіктер болуы тиіс, әйтпесе халық өз ойындағысын билікке жеткізу үшін алаңға шығуға мәжбүр болады, ал алаңдағы дауыстар айбарлы да ызғарлы естілуі ықтимал. Диалог жүргізудің шынайы да тұрақты тетіктерін игерген легитимді азаматтық қоғамның қалыптасуы, ең алдымен, мемлекет үшін тиімді», - дейді ол.Еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласындағы шешімдердің біразына оң баға берген зерттеуші, «өкініштісі сол, бұл шешімдер бізде дұрыс орындалып жатқан жоқ» деп: «Атқарушы билік – орталықта да, жергілікті деңгейде де білікті әрі құзырлы болуы тиіс, олар экономикалық және әлеуметтік шешімдерді іс жүзінде аяғына дейін жеткізіп, жүзеге асыруы керек. Құзыреттіліктің бір көрінісі – халықпен кері байланыс орната білу, бірақ бұл да өзіндік өнер», - деп түйіндейді өз ойын. Жас сарапшы, сондай-ақ бүгінде қазақ қоғамында «құқық қорғау орындары мен күш құрылымдарына, сот шешімдеріне мүлдем сенім қалмады, ал бұл еліміздің экономикалық даму бағытындағы әлсіз тұстың бірі» деген пікірде.
«Қай елде болмасын, бизнес жүргізем деген кәсіпкер не инвестор, ең алдымен, мемлекеттің тәртіпті қамтамасыз ету қабілетін есепке алады. Онсыз елдің инвестициялық ахуалын қалыптастыру мүмкін емес, тәртіп болмаған жерде кәсіпкерліктің өркен жаюы екіталай, ал бизнес жүрмеген жерде, экономикалық жетістіктер туралы сөз қозғаудың өзі артық. Пандемия салдарында қазір әлем бойынша дамушы елдердің экономикасында төмен құлдырау көрініс беруде, бұл көрсеткіштер Қазақстандағы жағдайға да әсер етпей қоймайды. Әлеуметтік теңсіздік салдары қай кезеңде де әлеуметтік қақтығысқа жол ашатынын ұмытпаған дұрыс», - дейді Әсел Құрмантаева.Сарапшы, сондай-ақ, егер Қазақстанда көпшілік күткендей шынайы өгерістер мен түпкілікті реформалар жүзеге аспай, әншейін ғана «өзгеріс нышаны» орын алса, бұл «қоғам үшін тиімсіз», былайша айтқанда, «қоғам алдындағы басты тәуекелдің бірі» деп есептейді. Мұндай әрекет «тұрақты даму ұстанымына қайшы, бұл азаматтық сектордың дамуына қалқан болмақ». Зерттеуші маман, мұндай жағдайда «сыбайлыс жемқорлық былығын ауыздықтау мүмкін емес, ал болашаққа сенім болмаған жерде, тұрақты даму туралы сөз қозғаудың өзі артық» дегенді айтады.
«Қазақ қоғамы назар аударуы тиіс тағы бір өзекті мәселе – ел болашағына қызмет етуі тиіс мықты мамандардың саны азайып барады, соңғы жылдары көптеген білімді, білікті мамандар елімізді тастап, шет елдерге қоныс аударуда, бұл да шынайы қауіп нышаны», - дейді Әсел Құрмантаева.Сарапшының пайымынша, Қазақстаннан қоныс аударудағы басты себептердің бірі: экологиялық жағдайдың нашарлауы, білім және медицина салаларындағы қиындықтар, жаппай жемқорлық және қарапайым адамдар үшін даму мүмкіндігінің болмауы. Сарапшының айтуынша, ел ішінде орын алған соңғы оқиғалар аясында, қоғаммен арадағы ашық та тең диалог ұзаққа негізделген реформалардың басты кепілі болмақ, билік осыған мән беруі тиіс. «Өз кезегінде, біздің қоғам мемлекеттік бағдарламалардың ашықтығын қадағалап, қарапайым халықтың қажеттілігін билік басына дұрыс жеткізе алатын, билік тармақтарының қимыл-әрекетіне тиісті деңгейде баға беріп, конструктивті ұсыныстар әзірлей алатын беделді қоғамдық ұйымдар мен кәсіби сарапшыларға иек артуы керек. Кешегідей бейбіт шерулерден кейін кездейсоқ тергеуге түскен азаматтардың мүддлерін қорғай алатын кәсіби адвокаттар қауымдастығының жұмысы аса маңызды. Бірақ үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдар өз ішінен ғана біте қайнаспай, мемлекетпен, бизнеспен, білім мекемелерімен, БАҚ өкілдерімен бірлесе, келісе қимылдауды ескеруі тиіс», - дейді ол.
«Қоғам – мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын талап етіп, қоғамдық тыңдауларға, жалпы, шешім қабылдау барысына белсенді қатысқаны дұрыс. Айталық, жергілікті тұрғындар өздері тұрып жатқан өңірдің, қаланың бюджетін жоспарлауға қатысып, атқарушы биліктің есеп беру отырыстарын қалт жібермеу деген сияқты. Әрине, өз мекенін көркейтіп, дамыту барысына да атсалысуды ойлаған жөн. Бұл үшін қоғам мүшелері өзара топтаса отырып, өз өтініш-талаптарын легитимді түрде талап етуді үйренуі керек. Еліміздің тұрақты дамуы мемлекеттің де, қоғамның да жауапкершілігіне тікелей байланысты», - дейді жас ғалым.Жоғарыда айтып өткеніміздей, Әсел Құрмантаева миллениалдар буынының өкілі, былайша айтқанда Тәуелсіз Қазақстанның төл құрдасы. Оның айтуынша, ел ішіндегі реформалар барысынан, әсіресе, жастар жағы шет қалмауы тиіс, бұған билік те, қоғам да барынша мән бергені дұрыс. «Қазақстандағы жастарға тән орташа жас 32 десек, ел ішіндегі жастардың үлесі 20%-ды құрайды. Әрине, бізде жастарға арналған әртүрлі бағдарламалар бар. Бірақ біз қазір, әсіресе, NEET санатындағы (Not in Education, Employment or Training – оқусыз, жұмыссыз жүргендер) жастардың экономикадағы үлесін анықтап алуымыз керек. Ауылда жұмыс таппай, қалаларға келіп, оқу оқымай, жұмыс істемей босқа сенделіп жүрген жастар аз емес», - дейді сарапшы. Ол, сондай-ақ кешегі қаңтар оқиғасында деструктивті топтардың ықпалына түсіп қалғандардың басым бөлігі дәл осы NEET санатындағы жастар болуы әбден мүмкін деп отыр.
«Қаңтар оқиғасының алғышарттарының бірі де осында болса керек, - дейді Әсел Құрмантаева. – Яғни, оқыған, жағдайы мейлінше түзу дейтін қоғам мүшелері мен бизнес, интеллектуалды элита әртүрлі форум, конференциялар өткізіп, өзара қайнасып, бітісіп жатқанда, қоғамның бір бөлігі (және көпшілік бөлігі) маргиналдар қатарын түзеп жатқаны елеусіз қалған. Бұған билік те, білім мекемелері де, үкіметтік емес ұйымдар да еш мән бермеген».Зерттеушінің айтуынша, елімізде NEET санатындағы жастардың бой түзеуіне – қоғамдағы теңсіздіктің артуы, сапалы білім мен сапалы медицинаның көпшілік үшін қолжетімді болмауы, әлеуметтік статусты өзгертуге мүмкіндік беретін тетіктердің жоқтығы, инфрақұрылымның сапасыздығы не мүлдем дұрыс қалыптаспауы (әсіресе, ауыл-аймақтарда) ықпал етуде.
«Тіпті, қалааралық не өңірішілік көліктердің жайлы, ыңғайлы болуы, немесе жүрдек пойыздардың сапалы деңгейі сынды элементтердің өзі адамдарды мобильді етіп, олардың қоғам мен экономикадағы қимыл-әрекетін ынталандыра түседі. Ауыл-аймақтарды дамыту процесі, жоғарыда айтқанымдай, бюджетті жоспарлау, орындау, шешімдер қабылдау барысы ашық та айқын негізде жүргізіліп, оған қоғам іші белсенді түрде араласып жатса, жастардың да өз көріп-түйгеніне сай сенімді ұстаным-көзқарасы қалыптасады. Мемлекет сапалы білім мен медицина сынды базалық әлеуметтік элементтерді қамтамасыз етумен қатар, республикалық және жергілікті деңгейдегі инфрақұрылымды дамытуға да мән беруі керек», - дейді Әсел Құрмантаева.
Зерттеуші, сонымен қатар, қазір бізге тек жоғары білімді қайта дамытумен шектелмей, бала бақшадан бастап, мектеп, колледж, техникалық бағыттағы кәсіптік білім, арнайы білім, мамандандырылған білім деңгейін қайта қарап, жаңаша іске қосуды ескеру керек деп отыр. «Бұл салалардағы жағдай қазір оңып тұрған жоқ, әсіресе, онлайн сабақтардың іске қосылуы, білім сапасын төмендетіп жіберді. Осының салдарында, ертеңгі күні біз тағы да «жастардың білім деңгейі төмен, жұмыссыздар саны шектен тыс» деп дабыл қағуымыз әбден мүмкін. Сондықтан да осы бастан қамданып, орта білім мен кәсіптік білім берудің сапасын арттыруды архимаңызды мәселелер қатарына шығару керек», - дейді сарапшы.
Ол, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар да, билік те қарапайым халық арасында жүйелі негізде әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, ел азаматтарының бүгінгі құндылықтары, түйінді мәселелері, қоғам мен билікке қатысты түйткілі, пікірі жөнінде біліп отыруды әдет еткені дұрыс деп есептейді.
«Қазір біздің халық биліктен жедел шешім қабылдауды талап етуде. Бірақ тұрақты дамуға негізделген демократиялық институттар мен тетіктерді құрып, іске қосу үшін айтарлықтай уақыт керек және де бұл бағыттағы соқпақ жол біз күткендей тегіс емес. Бұл билік үшін де, қоғам үшін де орасан зор сынақ. Мұнымен біреу келісер, біреу келіспес, анығы сол: ел тағдырына, ең алдымен, біз өзіміз жауаптымыз, бізге ешкім де сырттан келіп, жарқын болашақтың формуласын тарту етпейді», - дейді Әсел Құрмантаева.