Жаңалықтар

Әлихан Бәйменов: Насихатқа негізделген мемлекеттік БАҚ-тың заманы өткен

Әлихан Бәйменов: Насихатқа негізделген мемлекеттік БАҚ-тың заманы өткен

Әлихан Бәйменов: айтуынша насихатқа негізделген мемлекеттік БАҚ-тың заманы өткен деп хабарлайды Newsroom.kz порталы forbes.kz сайтына сілтеме жасап - Жолдауда айтылған маңызды мәселе – бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты. Бұл бағытта жаңа заң қабылдауды қолдай отырып, сол арқылы мемлекеттің БАҚ құру мүмкіндігін шектейтін бағыттар тізімін айкындау керек. Мемлекет құратын БАҚ Конституцияда бекітілген құндылықтарға сай ағартушылықпен айналысқаны жөн: азаматтық ағарту, құқықтық ағарту, дүниетанымды қалыптастыру деген сияқты. Ең алдымен, қазақ тіліндегі білім, ақпарат және дүниетаным көздерін дамыту өзекті. Осы бағытта жұмыс жасайтын кез келген баспаның, аудармашының, медианың, жеке кәсіпкердің еңбегін субсидиялап, оларға салық жеңілдіктерін беру арқылы қолдау маңызды. Қасіретті қаңтарда да, Украинадағы ахуал да насихатқа негізделген мемлекеттік БАҚ заманы өткенін, олардың жұмысының тиімсіздігін дәлелдеп берді. Мемлекеттің иелігіндегі телеарналар қоғамдық арналарға айналуы тиіс. Олардың басшылығында Қоғамдық кеңес болғаны жөн. Қаңтарда президент экономикадағы монополияның, бүгінгі сөзінде саясаттағы монополияның қатерлі екендігін айтты. БАҚ-тағы монополия да қоғам дамуын тежейтін тетіктің бірі. БАҚ және ақпараттық сала жөніндегі сұрақтар әлі де талқылауды қажет етеді. Бұл тұрғыда бала тәрбиесін желеу етіп, қазір әлеуметтік желілерді бұғаттауға бағытталған заңдар түбінде қазақстандықтарды «ВКонтакте» мен «Одноклассникке» тығудың жолы болуы мүмкін. Осыған сақтықпен қарау керек. Бұл реформаларды қолдайтын қоғамның үлесі артуы үшін мемлекет иелігіндегі БАҚ саясаты өзгерісті қажет етеді. Егер ақпарат құралдары бір жақты ақпарат беретін болса, жұрт наразылығы қайтадан туындауы мүмкін. Осы мәселе шешімін тапса, мемлекетке, билікке деген қоғамның сенімі артады. Ұсынылған бағыттар ішінде тек Мәжіліс депутаттарының санын азайтуға сақтықпен қарау керек деп есептеймін. Себебі, мәжіліс халықтың атынан үкімет ұсынған заңдарды електен өткізеді. Осы тұста мәжіліс депутаттарының белгілі бір деңгейде маманданғаны дұрыс. Ол үшін олардың саны, мысалы, он комитетке бөлініп, дұрыс жұмыс жасайтындай болуы керек. Сайлау әділ өтсін десек, түрлі деңгейдегі сайлау комиссияларына сол деңгейдегі бюджеттен жалақы алатын адамдарды кіргізбеу керек. Жалпы сол деңгейдегі бюджеттен жалақы алатын адамдар мәслихат депутаты да болып сайланбауы тиіс. Өйткені олар атқарушы билікке тәуелді болып шығады. Сондай-ақ, электронды сайлау жүйетін енгізетін болсақ, оны Ресей немесе Белоруссиядан емес, сайлау жүйесі әлемдегі ең озық Эстониядан алу керек деп есептеймін. Жалпы бұл жолдау қоғамға тың серпіліс беретін бастамалармен ерекшеленді, енді президент ұсынған өзгерістерді жүзеге асыру – үкімет пен парламентке сын.

Әлихан Бәйменов