Жаңалықтар

Елордада жас ғалымдардың «Білім және денсаулық» көрмесі өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазмедиа орталығында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ ұйымдастыруымен «Білім және денсаулық» көрмесі өтуде. 

Көрмеге «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ және «Білім Орда» ХҚҚ қарасты мектеп-лицей оқушыларының ғылыми жобалары ұсынылды. Көрмеде лицейдің 100-ден аса оқушысы математика, физика, химия, биология, информатика, география, қазақ тілі, орыс тілі, тарих, ағылшын тілі пәндері бойынша ғылыми-практикалық тәжірибелер көрсетіп, танымдық ойындар мен қызықты оқу жаттығуларын өткізеді. Сондай-ақ, қатысушыларға салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды ақпараттар беріледі. Көрменің мақсаты – зияткерлік ойындар мен түрлі ғылыми жаңалықтар, тәжірибелік жұмыстар арқылы оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру және оқушылар арасында өзара тәжірибе алмасу. Сонымен қатар, оқушылардың алған білімін өмірлік тәжірибеде қолдана білу дағдысын қалыптастыру арқылы креативтілікті дамыту, ғылыми-шығармашылық қабілетін жетілдіру.  width= ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2022 жыл – балалар жылы» деп жариялағаны баршамызға аян. Осы орайда білім мен ғылымға құмар жастарымызды қолдау мақсатында өтіп эатқан көрме – ұлттың саулығы мен сауаттылығын ізгілендіретін ілкімді іс һəм өскелең ұрпақтың жарқын болашағы мен бүгінгі жетістігінің көрсеткіші. Шара барысында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ жəне «Білім Орда» ХҚҚ мектеп-лицейге қарасты мектеп оқушыларының инновациялық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылады. Жас өнертпақыштардың тың туындылары болашақта үлкен ғылыми жаңалықтардың ашылуына мұрындық болары сөзсіз. 5000-ға жуық оқушы қатыса алатын ауқымды шараға келіп, бала шəкірттің қиялына қанат бітіріп, арманын асқақтатқан көрменің қадірлі қонағы болыңыз.

«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ  вице-президенті Нүрбол Төлебаев: "Көрмеге  50-ден аса стенд қойылды. Әр стендтің тақырыбы да өзекті һәм мәнді. Жас ғалымдар өз жобаларын дүйім жұртқа ықыласпен түсіндірді. Көрмені тамашалап келгендердің санында есеп жоқ. Қонақтар да жаңалықтан құр алақан емес екендігін көрсетіп, көрменің көркін келтірді. Осы көрністен-ақ, жастарымыздың білімді, ғылымға құштар екеніндігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Осы орайда министрлік пен министр Асхат Аймағамбетовтің білім саласында атқарып жүрген қыруар қызметін айтпауға болмас. “Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні” елдің білім саласы үздіксіз ізденіс пен тоқтаусыз дамумен келеді. Сан мәрте дүние елдерімен иық тірестірер білім бәйгесінде озаттарымыздың озық шығу ұстаз еңбегінің жемісі һәм жетістігі. Білім жүйесінде жүргізілген қолдау әсіресе аға буын мен жас маман тізе біріктіре  отырып талай ілкімді істің ілгерлеуіне сеп болды. Оны осы салада жүргендіктен көріп, куәсі болып келеміз", – деді.