1 оқушысы, 1 мұғалімі бар мектеп

24 Қазан, 2019 288 0

Ресейдегі Омбы облысының Сибиляково атты ауылындағы мектепке биыл­ғы оқу жылында 1 бала барды. Оған қазір 1 мұғалім сабақ беріп жүр.

Бала келесі жылы Ертістің арғы бетіндегі ауылдағы орта мектепке барады, сонымен Сибиляководағы мектеп өмір сүруін тоқтатады.

Сибиляково – Омбы облысының Тара ауданына қарайтын ауыл. Кеңестік кезеңде мұнда  дәулеті жетерлік колхоз болған. Онда жүздеген адамдар тұрып, еңбек еткен, бала-шаға өсіріп, шаруашылықпен айналысқан. КСРО ыдырап, нарықтық қатынастар басталғасын ауыл адамдарының көбі қалаларға қоныс аударған. Бүгінде Сибиляковода бірер үйде ғана адамдар мекендейді, жалпы саны 30-дан әзер асатын тұрғындар бар. Олардың өзі де мүмкіндік болса, басқа ауылдарға, қалаларға көшпек ниетте.

Бұл ауыл Ертістің жағасында орналасқан, сондықтан жылда көктемде оны су басу қаупі туындайды. Өткен жылғы сәуір айында сең жүріп жатқанда көлденең мұз тұрғандықтан су жайылып, ауылға қауіп төндірген еді.

Сибиляководағы саусақпен санарлық бірер бала бүгінде Ертістің арғы бетіндегі ауылда орналасқан орта мектепке қатынап оқып жүр. Ертістен қайықпен жарты сағат жүзіп өтеді де, автобусқа отырып, жиырма минуттан соң мектебіне жетеді.

Сибиляководағы жалғыз оқушы – Равиль Ижмұхаметов қазір 9 жас­та, ол – Динар және Эльнора Ижмұхаметовтердің кенжесі. Әке-шешесі көкөніс егіп, мал асыраумен айналысады. Кенжелерін әзірге көрші ауыл мектебіне жіберуге тә­уекел ете алмай отыр, ал келесі жылы амалының жоқтығынан жібе­рулері керек болады. Жазу-сызуды меңгеруі, қатарынан қалмасы үшін әзірге Равильге сабақты 61 жастағы зейнеткер Уминур Кучукова оқытып жүр.

Жалпы, Сибиляково тұрғындарының басым бөлігі жергілікті татарлар болған. Негізі Омбы облысында олар баршылық. Бүгінде олар облыстың бірқатар аудандары мен ауылдарында шоғырланып тұрады.

Бұл аумақтар 1580-ші жылдары орыс патшалығы Сібірге қарай қадам басқанда алғашқы болып жаулап алынған. Оған дейін Алтын Орданың, кейін Сібір хандығының (Көшім хандығы) құрамында бол­ған. Қазақтар «Жармақ» деп атаған казак атаманы Ермактың жорықтары осы маңдардан басталған. Сибиляково құрамына кіретін Тара ауданының орталығы – Тара қаласын казактар салған. Яғни орыстардың Сібір мен Қиыр Шығысты отарлауы осы өңірлерден бастау ал­ған.

Бүгінде Батыс Сібір аумағында 600 мыңға жуық сібірлік татарлар тұрады. Азшылық ұлт ретінде және шашыраңқы орналасқандықтан балалары көбіне орыс мек­теп­терінде оқиды. Мысалы, Омбы облысының 9 мектебінде татар тілінде оқыту бүгінде факультативті түрде, яғни тұтынушылардың сұранысына қарай жүргізіледі, тек Большереченск ауданына қарасты Өлеңкөл ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Мұса Жәлил атындағы мектепте ғана ол міндетті түрде оқытылады.

Жалпы алғанда, Омбы облысындағы және басқа аумақтардағы мектептерді татар тіліндегі оқулықтармен қамтуға Татарстан көмек­тесіп, татар тілі мен мәдениетін қолдау үшін түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады.

Дереккөз:"Замана"

Тегтер: Ресей, мектеп, оқушы, ұстаз

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.