Көкше дарындары. «Туған өлкем» балалар шығармашылығының көрмесі ашылды

23 Қазан, 2019 80 0

23 қазан күні, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының музейінде Көкшетау қ.  Балалар көркемсурет мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстары қойылған «Туған өлкем» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрмеге түрлі жанр мен техникада орындалған 50-ден астам жұмыс ұсынылды.

- Көкшетау жеріндегі табиғат жаратылысының осынау тамашасына тамсанған ақындар Көкше өңірін «кербез Көкше» деп жырласа, балалық шағы Көкшетаудың Сырымбетіндегі Айғаным әжесі тұрған хан ордасында өткен қазақтың ұлы ғалымы, суретшісі Шоқан Уәлихановтан бастау алатын қылқалам шеберлері ондағы пейзаж тудыратын құбылысты салудан еш жалықпаған. Арқаның кербез сұлу Көкшетауы республикамыздағы көркемсурет өнері дамыған орталықтардың бірі болып табылады. Сондықтан, Көкше өңірінің ізбасарларын дайындайтын Балалар көркемсурет мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстарының көрмесі астаналық өнерсүйер қауым үшін өте маңызды оқиға деп білемін, - деп атап өтті көрменің ашқан Елбасы кітапханасының директоры, профессор Әмірхан Рахымжанов.

    

Көрме балалар шығармашылығы мен қосымша білім беру ұйымдарын қолдау жөніндегі «Туған өлкем» республикалық бағдарламасын жүзеге асыру аясында өтуде. Жоба серіктесі – Нұр-Сұлтан қ. Балалар көркемсурет мектебі - ЮНЕСКО клубы.

Іс-шараға Нұр-Сұлтан қ. Балалар көркемсурет мектебі - ЮНЕСКО клубының директоры Гүлзия Исенова да қатысты. Ол Көкшетау қ.  Балалар көркемсурет мектебі ұжымын көрменің ашылуымен құттықтады және балалар шығармашылығын қолдап, көрме алаңын ұсынғаны үшін Елбасы кітапханасына ризашылығын білдірді.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына жауап ретінде жүзеге асырырылып отырған балалар шығармашылығын қолдау жөніндегі «Туған өлкем» республикалық бағдарламасы жас дарындарды іріктеуге және республикалық қосымша білім беру ұйымдарының жұмысын насихаттауға бағытталған. Елбасы кітапханасында екі жыл бойы жүзеге асырылып келе жатқан бағдарлама аясында Қарағанды, Семей, Шымкент, Павлодар, Екібастұз және Теміртау қалалары көркемсурет мектептері түлектерінің үздік жұмыстарының көрмесі ұсынылды.

– «Туған өлкем» бағдарламасы өңірлік көркемсурет мектептеріне Елбасы кітапханасы сынды кәсіби алаңға, көрме кеңістігіне шығуға мүмкіндік береді. Бұл біз үшін жоғары құрмет. Жобаның бастамашылары мен ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін. Бүгінгі көрмеге шәкірттеріміздің қорытынды емтихандық көркем және қолданбалы жұмыстарын ұсынып отырмыз. Олар алуан түрлі техникада орындалған: кілем тоқу өнері, құрғақ және дымқыл жабағылану, майлы, акрилді сурет өнері, графика. Көкшетау қ.  Балалар көркемсурет мектебі ұстаздарының деңгейі өте жоғары, бізде алты Суретшілер одағының мүшесі қызмет жасайды. Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар, Кеңес одағының батыры И.Панфилов ескерткіштерінің, «Қазақ еліне мың алғыс» монументінің және басқа да мүсіндік туындылардың авторы, белгілі мүсінші Ринат Әбенов – біздің мектебіміздің түлегі. Ал Болат Мекебаев – көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты және қазақстандық патриотизмнің шынайы үлгісі. Ол Отанынан шалғай, Германияда 20 жылдан астам өмір сүріп жүрсе де туған халқының мәдениеті мен тарихын өз өнерімен насихаттаудан танбауда, - деді Көкшетау қ.  Балалар көркемсурет мектебінің директоры, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Юлия Желобкова.

Сондай-ақ, көрменің ашылуы аясында Көкшетау қ.  Балалар көркемсурет мектебінің ұстаздары Ақмарал Сәрсенбаева мен Татьяна Соловьеваның «Флюид арт» (сұйық акрилмен сурет салу) және «Дудлинг» (дудлинг техникасындағы монограмма) шеберлік сыныптары өтті.

- Маған шеберлік сынып қатты ұнады. Біз жаңа, әрі қызықты техникамен таныстық. Мен міндетті түрде өз жұмысымды сұйық акрилмен салып көремін. Көрме де ұнады, әдемі туындылар қойылған, - деді шеберлік сыныптан алған әсерімен бөліскен Нұр-Сұлтан қ. Балалар көркемсурет мектебінің 4-сынып оқушысы Лиза Копылова.  

Көкшетау қ.  Балалар көркемсурет мектебінің негізі 1979 жылы қаланған. Ұстаздар мен оқушылардың белсенді шығармашылық еңбегі мектептің қала өмірінде ерекше орын алуына мүмкіндік берді. 

    

Көкшетау қ.  Балалар көркемсурет мектебі халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық фестивальдар, конкурстар мен көрмелерге тұрақты түрде қатысады. Балалар көркемсурет мектебі ашылғалы 40 жыл ішінде оны 2000-нан астам балалар тәмамдады. Олардың көпшілігі кәсіби суретші, сәулетші, дизайнер және мүсінші атанды.

Көрме 2019 жылғы 23 қарашаға дейін жалғасады.

Тегтер: Елбасы, кітапханасы, көрме

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.