Елордада әлем мұғалімдері бас қосады

23 Қазан, 2019 950 0

2019 жылдың 24-25 қазан күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Мектеп әлемін өзгертетін ұстаздар» атты XI халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді, деп хабарлайды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының баспасөз қызметі.

Шараға мыңнан астам педагог қатысады. Оның ішінде Қазақстанның әрбір өңірінен келген мұғалімдер, ғалымдар, білім беру мекемелерінің басшылары да бар.

Сонымен қатар конференцияға АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Норвегия, Нидерланды, Франция, Жапония, Сингапур, Гонконг, Вьетнам, Австралия, Испания, Ресей, Түркия, Армения білім беру ұйымдарының өкілдері де қатысады. Жалпы шараға 17 мемлекеттің өкілі келеді деп жоспарланып отыр.

"Шара барысында Кембридж университетінің білім беру инновациялары орталығының директоры Коллин МакЛафлин, Израиль Бейт Берл колледжінің аға оқытушысы Йорам Харпаз, KidZania халықаралық білім беру бағдарламаларының директоры, Утрехт университетінің профессоры Тео Вуббельс (Нидерланды), Стэнфорд университеті Халықаралық дайындық бағдарламаларының атқарушы директоры (АҚШ) Рик Соммер сияқты белгілі эксперттер мен ғалымдар және білім саласының басқа да әлемдік өкілдері баяндама жасайды", - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сондай-ақ ғылыми-тәжірибелік конференциясы барысында әлемдегі барлық педагогты толғандыратын мәселелер талқыға салынады: мұғалім мен оқушының қарым-қатынасы, мұғалімдердің үздіксіз білім алуы, білім мазмұны мен оны бағалау, қолайлы білім беру ортасын құру.

Конференция аясында 3 пленарлық отырыс, 12 шеберлік сабағы, 24 секциялық отырыс өткізу жоспарланып отыр. 2 күнде 12 бағыт бойынша 100-ден астам баяндама, 6 семинар, автограф-сессиялар, постер-сессиялар және білім беру ресурстарының көрмесі өтеді. Ал шараның екінші күні халықаралық қазылар алқасы «Үздік постер» және «Үздік презентация» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтап,  марапаттайды.

Тегтер: Нұр-Сұлтан, әлеммұғалімдері

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.