Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
14 мамыр, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Жеке күзетін 40 қыздан жасақтаған полковник

Жеке күзетін 40 қыздан жасақтаған полковник

Жеке күзетін 40 қыздан жасақтаған полковник
ашық дереккөзі
 width= Өзінің жеке күзетін пәк, маникюрі әдемі 40 қыздан жасақтаған, шетелге іссапарға шыққанда сүтін ішу үшін түйе алып жүрген Муаммар Каддафи Сирт қаласының маңында көшпенді бедуиндер отбасында дүниеге келген. Әл-Каддаф тайпасынан. Үйдің кенжесі әрі жалғыз ұл. Әке-шешесі көшіп жүргенде бірнеше мектеп ауыстырып, интернатта оқиды. Бұл туралы Муаммардың әкесі: «Ұлымды оқыту үшін қаладан баспана тауып бере алмадым. Тапсырып кететін таныстарым да болмады. Ол мешітте түнеп, демалыс күндері үйге 30 шақырым жолды жаяу жүріп келетін. Каникулын біздің қасымызда, шөл даладағы палаткаларда өткізетін»-деп еске алады. Оқушы кезінен жасырын саяси ұйымдарға мүше болып, 27 жасында монархияны қантөгіссіз құлатып, полковник шенін алған. Содан он жыл бойы елдегі жалғыз полковник саналған. Ресми түрде ешқашан ел президенті болмаған. Бар ресми лауазымы – Ливия революциясының жетекшісі. Бірақ 42 жыл бойы Ливияны де-факто билеген адам. Сұхбаттарында көп әйел алуды құптамай, бір әйелмен шектелуді насихаттаса да, оққағар қыздардың қызығын ұлдарымен бірге көрген деседі... 40 қыздан құралған жасаққа тек адал әрі әдемі қыздар таңдап алынған. Олардан үнемі біз өкше киіп, соңғы үлгімен сәнденіп, әдемі макияж бен маникюр жасатып жүруді талап еткен және бәріне Калашников автоматын ұстатқан. Көзге ерекше түсетін экстравагентті киімдерге әуес диктатор жас көріну үшін әлемге әйгілі дәрігерлерге бірнеше рет пластикалық ота да жасатқан. Алтынды жақсы көргені соншалық сағат, диван, қасық сынды күнделікті тұрмыста қолданатын заттарынан бастап автоматына дейін алтынмен аптатыпты. Тіпті өзінің қақ маңдайына тиген оқ та өзінің алтын тапаншасынан атылған дейді. Шетелге барған іссапарларында түйеден бөлек, бедуиндердің шатырын ала жүретін болған. Ресми кездесулерді де сонда өткізген. Замандастары диктатордың жұмыс қабілеті өте зор болғанын, күніне 16-18 сағаттан жұмыс істегенін айтады. Күтімге кірпияз болмаған, аскеттік өмір салтын ұстанған. Ішімдік атаулыны татып алмаған, шылым шекпеген. Өте аз тамақтанған, шай мен кофе ішпеген, тіпті бір кездері вегетариан болып та көрген. Атқа мінгенді, аңға шыққанды, кітап оқығанды және интернетті жақсы көріпті. Ал бір көрген адамын жазбай танып, оның қолынан не келетінін бірден шамалаған деседі. Жеке өмірі: Әлемдегі көп балалы диктатор әкелердің бірі. Бірінші әйелі Фатима – Ливия монархы Ыдырыстың үзеңгілес серіктерінің бірі, беделді генералдың қызы. Бұл некеден Мұхаммед атты жалғыз ұлы бар. Бәйбішесімен ұзақ отаспаған, айналасы бір-екі жылдың ішінде ажырасқан. Өзінен он жас кіші екінші әйелі, медбике Сафия Фаркашпен соқырішек болып, ауруханаға түскенде танысып, бір жылға жетпей үйленеді. Сафиядан алты ұл, бір қыз сүйген. Өзінің сегіз баласынан бөлек асырап алған тағы екі баласы бар. Аты шулы балалары да әке байлығының арқасында аста төк өмір сүрген. Қызы 2004 жылы Саддам Хусейнді қорғаған адвокаттардың бірі. Екі ұлы, күйеу баласы және үш жасқа толмаған үш немересі 2011 жылы режимі құлаған кезде шабуылдан қаза табады. Көтерілісшілер бір ұлының мәйітін қазып алып, қорлап, өртеп жіберген. Қарулы қақтығыс жүріп жатқан кезде жанында болған серіктерінің бірі кейін сол сәттерін былай деп еске алады: «Ол қапалы, ашулы, ызалы еді. Кейде тіпті бізге есінен алжасқандай көрінді. Ел астанасы құлағаннан кейін де Ливия халқының өзін әлі де жақсы көретініне сенімді болатын. Ешқайда байланысқа шыға алмады. Ас-суымыз, дәрі-дәрмегіміз аз еді. Блокнотына әлденелерді түртіп, өзіне шай қайнатып алып отырды. Қарулы күреске араласпады. Қорғаныс шебін ұлдары басқарды. Каддафидің өзі ештеңе жоспарламады. Еш жоспары да жоқ еді. Кішкентай бөлменің ішінде ары-бері жүрді де қойды. Біз жеткен жеріміздің осы екенін білдік. Каддафи: «Мені Халықаралық қылмыстық сот іздестіруде. Мені ешбір мемлекет қабылдамайды. Ливиялықтардың қолынан өлгенім жақсы»-деді. Өлімі: Көп ұзамай өзі мұрагері санаған Мутаззим атты ұлымен бірге көтерілісшілердің қолына түседі. Ашулы топ оны қоршап алып, Каддафидің: «Арам… Арам… Ұяттарың қайда?! Күнә жасап тұрғандарыңды көрмей тұрсыңдарма?!»-деген сөздеріне қарамай ауаға оқ атып, автоматтарымен ұрып, ит қорлықпен өлтіреді. Кейін ұлы екеуінің мәйіті көкөніске арналған тоңазытқышқа салынып, Мисураттағы сауда орталығына жұрт назарына қойылған. Бірнеше күннен кейін құпия түрде жерленеді. Билікке келгеннен кейін елдің заңын түгелдей шариғат ережелеріне негіздеп, ішімдік пен құмар ойындарына тыйым салып, ай мен жыл атауын өзгертіп, жыл санауды Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) қайтқан жылынан бастап жүргізген, монархия кезеңінде көш соңында қалған Ливияны аймақтағы алдыңғы қатарлы мемлекеттердің сапына қосқан Каддафидің өлімінен кейін бұл мемлекет іс жүзінде қайтадан бірнеше бөлікке бөлініп кетеді. Ақбота Әбілтайдың фейсбук парақшасынан алынды