Жаңалықтар

Серікқали Брекешев ұлттық геология қызметін құру жұмысын аяқтауды тапсырды

Ұлттық геология қызметін құру жөніндегі ұйымдастыру шаралары 1 шілдеге дейін аяқталуы керек. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды Newsroom.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алдында тұрған экологиялық барлау саласындағы маңызды міндеттердің бірі - елдің минералды-шикізат базасын толықтыру. Осыған байланысты Геология комитетімен бірлесіп, «Қазгеология» АҚ-ына тапсырамын. Біріншіден, осы жылдың 1 шілдесіне дейін мемлекеттік жер қойнауын басқару бағдарламасына енгізу арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін қолжетімді аумақтың ашылуы қамтамасыз етілсін. Екіншіден, Ұлттық геология қызметін құру жөніндегі ұйымдастыру іс-шаралары 1 шілдеге дейін аяқталсын», - деді Серікқали Брекешев министрліктің алқа отырысында. Сонымен қатар ол осы жылдың 1 мамырына дейін Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен бірге «Қазжер» бірыңғай платформасында ҚР минералды ресурстар ұлттық деректер банкі ақпараттық жүйесінің міндеттері мен қызметтерін іске асыруды пысықтауды тапсырды. «Мемлекет басшысының батыс өңірлерді дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында 1 сәуірге дейін Қаржы министрлігімен Арал мұнай-газ бассейнінің сейсмикасы бойынша жұмыс жүргізуге қосымша қаржыландыру мәселесі пысықталсын», - деді министр.