Жаңалықтар

Белгілі журналист Қ.Тоқаевқа ұсыныс жасады

Белгілі журналист әрі argymaq.kz порталының басшысы Ержан Жаубай ел президенті Қ.Тоқаевқа қандастар жайлы ұсыныс жасады.
Осыған орай, қиырдағы қазақтардың жағдайына бей-жай қарамайтын newsroom.kz порталы журналис жазбасын қаз-қалпында ұсынуды жөн көрді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсыныс!
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Менің айтқалы отырған мәселемді сіз жақсы білесіз деп ойлаймын. Себебі бұл мәселе бүгін ғана айтылып жатқан жоқ. Десе де, қаңтар оқиғасынан кейін және қазіргі көрші мемлекеттерде орын алып жатқан жағдайларға байланысты Сіздің ойыңызға тағы да салып қоюды жөн көрдім.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біздің еліміздің азаматтары әлемнің 70-тен астам еліне визасыз бара алады. Соның бірі – Моңғолия. 150 мыңнан астам қандасымыз өмір сүріп жатқан бұл мемлекет бізбен көрші дейін десең көрші емес, көрші емес дейін десең көрші секілді күн кешіп келеді.
Бұған дейін ҚР ИИДМ әлемнің 24 мемлекетіне бір аптада 79 рейс жасайтынын жариялады. Әрине, біз еліміздің әуе кеңістігінің кеңейе түскеніне қуаныштымыз. Соңғы бір тәуліктің өзінде біздің әуе-трансымызды пайдаланып, бұған дейін жоспарланбаған 300-ге тарта рейс жасалғанын естіп жатырмыз.
Осы орайда, Сізге үлкен жүректі азамат, салихалы саясаткер, қазақтың жанашыры ретінде өтініш жасағым келеді. Ол өтінішім – бұған дейін ұшып келген Астана-Баян-Өлгий, Алматы-Өскемен-Баян-Өлгий бағытындағы әуе рейсін қалпына келтіріп берсеңіз. Бұл сіздің қолдан келеді!
Бүгінгі таңда моңғолиялық Хүннүү эйр әуе компаниясы Ұланбатыр-Бішкек бағытында рейс жасайды. Жоқтан бар.
Осы жерде бұл рейспен ұшатын азаматтардың кім екеніне азырақ тоқталайын. Бұл бағытпен ұшатын жолаушының 90-95 пайызы Қазақстан азаматы немесе Моңғолияда тұратын қазақтар. Мысалы 20 ақпан күні келген рейстегі азаматтардың 95 пайызы Бішкектен түскен соң, Қазақстанға келді.
Өзіңіз жақсы білесіз, Моңғолиядағы қазақтардың көбі Баян-Өлгий аймағында тұрады. Ал Баян-Өлгий мен Ұланбатырдың арасы – 2000 шақырым. Ұланбатыр мен Бішкек арасындағы әуе билеті 1,4 млн төгрөгтен асады (230 мың теңгеге жуық). Бішкектен Қазақстанның қай өңіріне баратынына қарай қаржысы да әр түрлі.
Ал Бішкек-Ұланбатыр бағыты арқылы Моңғолияға ұшатын да өз қазағыңыз. Әуелі Бішкекке барады, одан кейін Бішкектен Ұланбатырға, Ұланбатырдан Баян-Өлгийге ұшады. Моңғолияның ішкі тәртібіне сай, ішкі рейстерде шетелдік азаматқа билет құны 40 пайызға жуық қымбатқа сатылады.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз білесіз, 2019 жылғы наурыздан бері бүкіл шекара жабылған. Екі елдегі ағайын-туыс той-томалағы былай тұрсын, өлім-жітіміне бара алмай отыр. Моңғолия қазір барлық шекарасын ашып тастады. Бірақ біздің елден ол жаққа баратын немесе ол жақтан елге келетін ағайын Ресей арқылы өтетіндіктен Ресейдің шекарасы ашылмай отыр.
Енді ИИДМ-нің бір аптада жасайтын 79 рейсіне аздап тоқталайын. Мысалы қазіргі күні Ресейге жасалатын рейстердің Нұр-Сұлтан – Красноярск (22 жолаушы), Ақтау – Грозный (49 жолаушы), Ақтау – Махачкала (31 жолаушы), Алматы – Жуковский (67 жолаушы); Индияға ұшатын Алматы – Дели (56 жолаушы); Сауда Арабиясына ұшатын Алматы – Джидда (96), Шымкент – Медина (89) т.б. қатарлы бір аптада бір рет ұшса да аса көп жолаушысы жоқ бағдарларды қысқартып, керісінше, аптасына екі рет ұшса да толық ұшатын Астана-Өскемен-Баян-Өлгий, Алматы-Өскемен-Баян-Өлгий рейсін неге ашпасқа?
Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы, қазақ халқына, өз еліңіздің азаматтарына жаныңыз ашыса, Баян-Өлгиймен тікелей ұшақ рейсін ашып беруіңізді сұраймын?!
Бұған дейін СКАТ әуе компаниясы Астана-Ұланбатыр бағытына рейс ашқан, алайда ол тиімсіз. Біріншіден, билет құны тым қымбат. Екіншіден – Астанадан 97 мың теңгемен Ұланбатырға барып, одан кейін қайтадан Баян-Өлгийге ұшу қарапайым халық үшін тиімсіз болған еді.
Тағы бір қосымша мәлімет бере кетейін, бұл мәселе бұған дейін де көтерілген деп айттым ғой. 2017-2018 жылдары сол кездегі министрліктер, елшіліктер тарапына қозғау салып көргенбіз. Ақыры аяғында бұл мәселені әуе компаниялары өзара ақылдасып шешеді деп, бізді жолға салған. Сондықтан, егер қазаққа жаныңыз ашыса, бұл мәселені өз бақылауыңызға алуды өтінемін.