Хрущевке қарсы шыққан Жұмабек Тәшенов жайлы не білеміз?

23 Қазан, 2019 1757 0

Қазақ халқының тарихында есімдері алтын әріппен жазылып қалған тұлғалар аз емес. Әсіресе, аласапыран кезеңдерде туған еліне ес болып, бағыт-бағдар көрсеткен жандардың орны ерекше. Бүгін Нұр-Сұлтанда сондай ерекше тұлғалардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновке Қоғамдық кеңес мүшелері ескерткіш орнату туралы ұсыныс жасаған болатын. Қазақ жерінің телім-телім болып кетпеуі үшін күрескен қоғам қайраткерінің өмір жолы мен еңбегі Tengrinews.kz тілшісінің материалында. 

Жұмабек Ахметұлы 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Танагүл ауылында дүниеге келген. Тәшенов өзі басшылық еткен жылдары республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына, қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығын сақтау жолында еңбек етті.  

Екі ауданның жерін Өзбекстанға беруге қарсы шықты 

Жұмабек Тәшенов 1950-1956 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық, Мақтаарал аудандарын өзбек еліне беруге қарсы шықты. 1950 жылдары Кеңес одағының басшысы Никита Хрущевтің қолдауымен орыс шовинистері Қазақстанды паршалау арқылы қазақтан келетін қауіптің алдын алуды жоспарлады. Ал өзбек елі өзіне күндес, бәсекелес есептеген қазақтың жерін тартып алуды орыстардың қолымен, атап айтқанда Никита Хрущевтің қолымен жасады.  

Орыстар бірнеше саяси мақсаттағы жобаны ойлап тапты. Тіпті өздерінің сенімді адамдары арқылы Хрущевке мақұлдатты. Соның біріншісі - Бостандық ауданын Өзбекстанға қосу жоспары болған. Бұл туралы өзбектердің көрсеткен түсініктемесінде бұл аудандарға қазақтар Өзбекстан арқылы өтетіндігі, Тәшкентке жақындығы айтылып, оның үстіне мақта мол шығатын аудандары бір басшылыққа жинап, еңбек өнімділігі мен басқаруды қолайлы ету керек екені көрсетілген. Сол арқылы қазағы көп оңтүстік аудандарды Өзбекстанға қосу арқылы қазақтың күшін әлсірету көзделген.  

Дәл сол кезде 1955-1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы болған Жұмабек Тәшенов өзі төрағалық етіп, осы мәселе бойынша арнайы комиссия құрған. 

Комиссия шешімі бойынша: "Бостандық ауданының жері мал өсіруге ыңғайлы, құрылыс материалдарын өндіруге, су-энергетикалық қоры мол, қорғасын, көмір және машина жасау өндірістерінің жұмыскерлері демалатын шипажайлар ұйымдастыруға өте қолайлы. Сондықтан бұл ауданды Өзбекстанға беруді қолайсыз санаймыз" деген шешім шығарады. 

Комиссия шешімі 1955 жылдың 1 маусымында Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Леонид Брежневке жіберілді. Брежнев комиссияның қорытындысына қарсы келмей, керісінше қолдау білдіріп, "Бостандық ауданы Өзбекстанға берілмесін" деген қаулы қабылдады. 

Солтүстік облыстарды Тың өлкесіне айналдыруды тоқтатты   

Академик Б.Ермұқанов "Сіз бізге қарсы емессіз, сіз өз күйіңізді күйттейсіз" атты мақаласында: 

"… 60-шы жылдардың бас кезінде КОКП генсек Никита Хрущев Қазақстанның бес облысы (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) кірген Тың өлкесі деп аталатын құрылым арқылы өлкені тікелей орталыққа бағындырып, іс жүзінде қазақ жерін күштеп бөлшектеуге жанталаса ұмтылған кезде республиканың аумақтық тұтастығына айтарлықтай қатер төнген еді. 

Бағымызға қарай, осы сәтте Хрущевтің буынсыз жерге пышақ салған ұсынысына өжет басшы - Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Жұмабек Тәшенев батыл қарсы шықты. Ақыры Одақ басшысының бұл даурықпа дәмегөйлік пиғылы жүзеге аспай қалды", - делінген.  

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан Облысының зейнеткері Рүстем Уәйісов те өзінің "Алаштың асыл перзенті Жұмабек Тәшеновтің есімі - жадымызда" атты мақаласында былай дейді: 

"Бірақ Жұмекең ата-мекенді саудаға салуға, сөйтіп қазақ халқының алдында ауыр күнәға батуға әсте бармады, бірінші хатшының ілтипат көрсетіп, асты-үстіне түскенінен бойын ала қашты. Республика басшыларының бәрі дерлік Тың өлкесін РСФСР-ға беруге де, орталыққа тура бағындыруға да қарсы болмады. 

Тек баяғы заманда Бөгенбай, Қабанбай, Кенесары, Наурызбай сияқты батыр бабаларымыз қан төгіп, сыртқы жаулармен соғысып, аман сақтап қалған қазақ халқының атамекенін Ресейге беріп жіберуге қарсы болған жалғыз адам - Жұмабек Тәшенов. Нақтылап айтсақ, Н.Хрущев Қазақстан Компартиясы ОК-нің бюро мүшелерін түгел Мәскеуге шақырып, Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты Ресейге қосу туралы мәселені талқыға салған. 

Сонда Ж.Тәшенов тұрып: "Я родом из Акмолинска. Двенадцать лет работал в Северо-Казахстанской области. Мои родители и их родители, да и все наши предки покоятся на этой земле. И вы теперь хотите эту землю передать России? Вдумайтесь, товарищи, какой казах с этим согласится?.. Я, например, категорически против постановки данного вопроса!.." - деп тойтарыс берген", - делінген мақалада.  

Жұмабек Тәшенов Маңғыстаудың Түрікменстанға берілуіне төтеп берді  

1961 жылы Хрущев жаңа әкімшілік-территориялдық ұйымдастырып, оның жоспары бойынша оңтүстік өңірлерден бөлек Маңғыстау облысы Түрікменстанға берелетін еді. Осылайша Қазақстаннан ештеңе қалмайтындай болды. Тәшенов осы шешімдердің барлығына ашық қарсы шықты. Ол КСРО-ның Конституциясына шағымданады. Осылайша Хрущев пен одақтың шешімдерінің дұрыс еместігін дәлелдеді. Бұл Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтап қалуға көмектесті. Мұндай әрекет Тәшеновке өте қымбатқа түсіп, оны Шымкентке жұмысқа жібереді. Онда ол зейнетке шыққанша жұмыс істеді.   

Тәшенов Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға да қарсылық білдірді. Ол шығармашылық одақтар өкілдеріне пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында "қазақ ауылын" құрды деп айыпталды. "Қазақ әдебиеті" газетін жабудан, "Социалистік Қазақстан" газетін "Казправданың" аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. "Ұлтшыл" деп айыпталып, Никита Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. 

Бүгінде қазақ жерінің тұтастығының сақталуына еңбек сіңірген қайраткердің атында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тұлғаның есімімен аталатын көше, Оңтүстік Қазақстан облысында қайраткердің мүсіні орнатылса, саналы еңбек жолының 10 жылға жуығын Қызылжарда өтккізген азаматқа Петропавлдағы №20 мектепке есімі берілген.  

Халық құрметіне бөленіп, ел ағасы болып танылған Жұмабек Тәшенов еңбегі үшін Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту және "Құрмет Белгісі" ордендерімен марапатталған. Ол 1986 жылы 18 қарашада 71 жасында дүниеден өтті. 

Тегтер: ЖұмабекТәшенов, тарих, Хрущев

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Тагордың үйі

06 Мамыр, 2019

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.