Қазақстандық стартап Өзбекстанда инсультпен күресуге атсалысады
Қазақстандық стартап Өзбекстанда инсультпен күресуге атсалысады
Қазақстандық IT MedTech стартап Өзбекстандағы екі ауруханамен пилоттық режимде бірлесе жұмыс істеу жайлы келісімге келді. Бұл туралы компания әлеуметтік желідегі жеке парақшасында мәлімдеді.
Алматылық Cerebra компаниясы 2018 жылдан бері жасанды интеллект саласында технологияларды әзірлеуде. Жасанды интеллект инсультті 10 минут ішінде автоматты түрде анықтауға көмектесетін нейрородиологиядағы дәрігерлердің көмекшісі болып үлгерді.
Қазіргі уақытта Cerebra компаниясы ұсынатын бағдарлама Қазақстандағы 17 инсульттік орталықта қосылған және нәтижесін көрсетуде. Жоба жетекшісі Досжан Жүсіпов алыс-жақын бірнеше шет мемлекеттерінен Cerebra жобасына сұраныс түскенін хабарлады.
«Қазіргі уақытта компаниямыз шет елдердегі нарыққа шығуды көздеп отыр. Келісімдеріміз де бар. Біздің жоба әлі де стартап болғандықтан инвесторларға жобамыздың сәтті жұмыс істеп жатқанын көрсету маңызды. Өзбекстан ресми түрде жұмысты бастайтын алғашқы ел болып отыр.»
Еске сала кетейік Cerebra компаниясына 2021 жылдың жазында Тимур Турлов 1 млн. доллар көлемінде инвестиция құйған еді. Жуырда стартап Medtronic конкурсында әлемнің үздік MedTech жобаларының ондығына кірді.