Қазақстан 183 мың азаматынан айырылды: оның көбі неден көз жұмды?
Қазақстан 183 мың азаматынан айырылды: оның көбі неден көз жұмды?
Былтыр қаңтар-желтоқсанда Қазақстанда 183 мыңнан астам адам қайтыс болды. Бұл 2020 жылғы дерекпен салыстырғанда 12,8%-ға көп. Қайтыс болғандардың көбі қан айналымы жүйесі ауруларынан (24%), тыныс алу ауруларынан (11,3%) және қатерлі ісіктен (7,6%) қайтыс болған деп хабарлайды Newsroom.kz порталы aikyn.kz сайтына сілтеме жасап
Елімізде 2021 жылы көп адам қайтыс болған ай – тамыз (24 342 адам). Ал 2020 жылы шілдеде 28 мыңнан астам адам өмірден өткен. Бұл Қазақстандағы коронавирус пандемиясының өршуіне байланысты болуы мүмкін. 2020 жылы шілдеде Қазақстан ауруханалары вирус жұқтырған адамдарға толып, дәрі-дәрмек жетіспеушілігі болды. Осы кезде астана тұрғынының BBC агенттігіне берген сұхбатында елдегі ахуалды былай сипаттаған: «Басында аурухананың қабылдау бөлмесінің еденінде отырдым. Бес сағат бойы ешкім көмектеспеді. Онда орын жоқ. Бірақ қалай болғанда мені палатаға жатқызды. Адамдар дәлізде де жатты. Тіпті кереуетте емес, диванда ауырып жатты», – деген 38 жастаға астана тұрғыны. Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар саныны күрт өсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресте Үкімет пен әкімдіктердің жұмысын сынға алды.«Министрлерге, әкімдерге, Президент Әкімшілігінің қызметкерлеріне ешқандай еңбек демалысы жоқ. Өйткені елде төтенше жағдай орнады. Демалыс деген сөзді ұмытыңыздар. Қазір біз соғыста жүрміз. Сондықтан әрбір басшыдан жедел мәселелер мен тапсырмалардың тиімді шешімі талап етіледі. Жауапкершіліктен қашып, бюрократиямен айналысуға болмайды. Сондықтан министрлікке осы бағытта тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Кейін Президент мемлекеттік медициналық мекемелерге дәрі-дәрмек пен жабдықтар жеткізетін «СК Фармация» басшылығын жұмыстан шығаруды, олардың жұмысына тергеу жүргізуді және кінәлілерді жазалауды тапсырды. Келесі айларда елдегі жағдай тұрақталып, мұндай көп өлім-жітім бір жылдан кейін 2021 жылдың тамызында қайталанды. Түркістан облысынан басқа өңірлердің бәрі қызыл аймақта болды. Ал өңірлер бойынша былтыр ең көп тұрғынынан айырылған өңірлер – Алматы облысы мен қаласы, ШҚО, Қарағанды облыстары. Бұл өңірлерде 2021 жылы 18 мыңнан астам адам қайтыс болған. Ең аз өлім тіркелген өңірлер қатарында Маңғыстау (4488 адам), Атырау (5026 адам), Қызылорда (5756 адам), Ақтөбе (7779 адам), Батыс Қазақстан облыстары (5783 адам) мен Нұр-Сұлтан (7014 адам) бар. Бірақ елде де, әлемде де коронавирус өршіп тұрғанымен көп адам басқа себептермен қайтыс болған. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 43 мыңнан астам адам қан айналымы жүйесі ауруларынан қайтыс болған. Оның 17 мыңға жуығы жүректің ишемиялық ауруынан болған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 18,6%-ға көп. 20 мыңнан астам адам тыныс алу ауруларынан, 14 мыңнан астам адам қатерлі ісіктен қайтыс болған. 12 мыңнан астам адамның өлімі ас қорыту органдарының ауруынан болған. 2145 адам өзіне қол жұмсаған, 2314 адам жол-көлік апатынан қайтыс болған.
aikyn.kz