«Ашыққан және жаралы балалардың елесі қыр соңымнан қалмады..."

22 Қазан, 2019 145 0

Кевин Картер (1960-1994 жж.) – ОАР-ның фототілшісі, Пулитцер сыйлығының лауреаты. 

АҚШ-та жыл сайын әдебиетте, журналистика, музыка және театр салалары бойынша үздік мамандар «Пулитцер» сыйлығымен марапатталады. 90-жылдардың басында Оңтүстік Африка Республикасының жас фототілшісі Кевин Картер "Пулитцер" сыйлығын алу үшін сол кездері жаппай аштық жайлаған Судан мемлекетіне барып, «таптырмас» сурет түсіруді ойлайды. 

1993 жылдың басында сол өлкелерге қайырымдылық көмек сапарымен барған БҰҰ-ның арнайы тобымен бірге Кевин Картер де Суданға келді. Аштықтан жапа шеккен халыққа азық-түлік пен дәрі-дәрмек үлестірген жерге айналадағы бірнеше шақырым қашықтықтан жергілікті тұрғындар шұбырып келе бастайды. Осы сәтті пайдаланған Кевин де өңірдегі елді-мекендерді аралап, аштықтан қалжыраған адамдар мен аянышты өмірді суретке түсіре береді. 

Бір күні жергілікті бір мекеннен шығып келе жатып, кішкентай баланың әлсіз, жылаған дауысын естиді. Жақындап қараса, 6-7 жас шамасындағы аштықтан құр сүлдері қалған қыз бала жерге еңкейіп, басын қолына қойып, жылап жатыр екен. Оның арт жағында кезекті құрбандығын, яғни, баланың өлгенін күтіп, ірі құзғын отыр! 

Ойында тек «Пулицер» сыйлығын әперетін сурет  түсірсем деген мақсат қана болған Кевин оңтайлы жерді тауып, осы сәтті кадрды шырт еткізіп фотоаппаратына түсіріп алды. Сөйтті де, көздеген мақсатына жеткеніне қуанған ол ештеңе ойламастан әлгі жерден қуанышты күйде кетіп қалады. 

Суретті «Нью-Йорк таймс» газеті бірден сатып алып, жаһанға жар салады! 

Сөйтіп, көп өтпей «Пулитцер» сыйлығы байқауында осы сурет үздік шығып, Кевин Картер өзі армандаған бас жүлдені қанжығасына байлайды! 

«Мені бәрі құттықтап жатыр, - деп жазды ол ата-анасына, - Сіздерге алған сыйлығымды көрсетуге асықпын. Бұл менің өмірімдегі ең үлкен жетістігім!»... 

Бірақ... иә, бірақ, сыйлық жеңімпазға табысталып, той тойланып, қуаныш саябырсығанда Кевинді «Мен неге сол аштықтан әлсіреген балаға көмектеспедім? Оның өмірі не болды екен? Тірі ме, әлде құзғынға жем болды ма?» деген ой мазалай бастайды. Кевин өз ойымен арпалысып жүргенде, отқа май құйғандай «Тайм» журналы «Ол неге балаға жәрдем бермеді? Артында отырған құзғын не, фотограф не? Екеуі де жыртқыш емес пе?» деп жазып жіберді. Ол мақаланы оқыған Кевиннің ішкі дүниесінде алай-дүлей құйын басталады. «Бүлдіршінге қалайша қол ұшын созбадым?» деген өкінішке толы ой қыр соңынан қалмады. Өзін қоярға жер таппады... 

Ақыры, дәл сол марапат алған күннен үш ай өткенде жан күйзелісі шарықтау шегіне жетіп, 33 жасар фотограф өзіне қол жұмсап тынды... Өлер алдында қалдырған хатында: «Ашыққан және жаралы балалардың елесі қыр соңымнан қалмады. Мен шаршадым...» деп жазып кетті. 

Ұсынған: Мақпал Сембай

Дереккөз:qamshy.kz 

Тегтер: АҚШ, фототілші, лауреат, «Пулитцер»сыйлығы

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.