Жаңалықтар

Тамара Асар газ бағасын көтерді деп қамалған әкім орынбасарына араша түсті

Тамара Асар газ бағасын көтерді деп қамалған әкім орынбасарына араша түсті

Танымал әнші Тамара Асар Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязовтың қамауға алынуына байланысты пікір білдірді деп жазды Newsroom.kz порталы turkystan.kz сайтына сілтеме жасап    «Қамауға алған кім? Қаматқан кім? Қамалған кім? Бәрі – қазақ!» деген әнші халыққа қызмет етуге қабілетті, тәжірибелі, сауатты азаматтың жемқор екеніне сене алмайтынын айтқан.
«Фотода жалаудың жанындағы жүзі жылы кісі Маңғыстау облысында ресми қызметтер атқарған, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан, тереңірек таныстырсам, замана заңғары, әдебиеттің алыбы Әбіш Кекілбаевтың әкесі Кекілбайдың інісі Мұқырдың кенжесі Ғалымжан Мұқырұлы Ниязов. Мұқыр әкей соғыс ардагері, ел басқарған, азулы адуынды қария еді. Қысқасы, Ғалымжан асылдың сынығы, Әбіштің ұрпағы, бес баланың әкесі, Құдабайқызы Эльмираның құдай қосқан жары. Сүйектен қусам туысым, жүректен қусам қамқоршы адал дос-ағам! Дәл осы азамат өзі туып өскен жерін қанап, қызметтегі лауазымын шектен тыс қолданып, газ бағасын қымбаттатып, халқының нәпақасын жеген жемқор дегенге сене алмай жүрмін. Себебі ол уызына қанған, тәрбие-біліммен толыққан текті кісі. Отқа салып ерітсе де, Алтын сірә жез болмас. Аяққа шұлғау қылса да, Асыл жібек бөз болмас Қарындастық жүрекпен жазған осы жазбам Ниязовтар, Кекілбаевтар әулеттеріне сәл де болса рухани қолдау болса екен. Ақиқаттың таңы туып, Ғалымжан Мұқырұлының ақталуын Алладан тілеймін. Әділдікті құзырлы орындардан күтемін», – деп жазды Тамара Асар әлеуметтік желідегі парақшасына.