Күн шығыс елінен жеткізілген 12 200 препарат коронавирус инфекциясын емдеу үшін қолданылмақ. Гуманитарлық жүк Scat әуе компаниясының арнайы рейсімен келіп, медициналық мекемелерге тарату үшін "СК-Фармация" ЖШС-не табысталды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Жапония үкіметіне достық пиғылы үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, Пәкістан үкіметі Қазақстанның Исламабадтағы елшілігіне коронавирус инфекциясын емдеуде қолданылатын 60 мың таблетка берген. Препараттар жақын уақытта Нұр Сұлтан қаласына жеткізілмек. Осы орайда еліміздің сыртқы істер министрлігі Пәкістан үкіметіне достық әрекеті үшін алғыс айтуды ұмытқан жоқ. Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 5571-ге жетті. Олардың 2408-і қауіпті дерттен айығып, ауруханадан шықса, 32 науқас инфекция салдарынан көз жұмған. Еске сала кетейік, елімізде коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталды. Дегенмен ірі қалалар мен облыстарда карантин режимі сақталып қалды.
Сілтеме