Жаңалықтар

Кредит қысып кетті: әйелі мен әпкесін Кореяға жіберген қазақ

Кредит қысып кетті: әйелі мен әпкесін Кореяға жіберген қазақ

Қазір шетелге жұмысқа кетіп жатқан қаракөздеріміздің саны күрт артқандай...? Бұрындары гастербайтер, "нелегал жұмысшы" дегенді интернеттен оқып, жаңалықтардан көретін қазақ баласы қазір күнкөріс үшін қыр асып, қиыр жайлауда.  Сондай азаматтарымыздың бірі - еліміздің күнгей аймақтарының бірінен елордаға келіп, такси болып нәпақасын тауып жүрген У есімді азамат әйелі менен әпкесін Оңтүстік Кореяға қара жұмыс істеуге жіберген деп жазады онымен кездейсоқ тілдескен newsroom.kz тілшісі.
Оның айтуынша Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында 30 күнге дейін визасыз жүре беру келісімі рәсімделген соң, турист кейпінде барып Сеулдың маңындағы елдімекендердің бірінде қара жұмыс істеуге қалып кеткен. 2 жылдай кәсіп қылып, ауылдағы үйін жөндеп, әкесіне көлік әперіп, артындағы інісін үйлендіріп, құдалығына жетер ақша тапқан соң елге оралған. Елде аунап-қунап Оңтүстік Кореяға қайта кірмек болған оны кәріс шекарашылары кеденнен қайтарып, паспортына депорт деген таңбаны басып жіберген.
Содан бері Оңтүстік Кореяға кіре алмай жүрмін деген ол, күнкөріс үшін әйелі мен әпкесін жіберген. Қазір Пусан жақтағы қалашықтардың бірінде екеуі кафелердің бірінде ыдыс жуады, одан қалса жылыжайлардың біріне барып қосымша кәсіп етеді. Ауылдағы 50-60 мың айлықты бір-екі күнде табады деген У ауылдағы құрдастары мен көршілері - қатының Кореяда не істеп жүр? Әпкеңді аямайсың ба? Ақшадан өлген екенсіңдер? - деген сөздерден соң, шиеттей 5 баланы кәрі әке-шешеме тастап астанаға тартып отырған. Заман қиын болып кетті деген У қазір әйелі мен әпкесі жіберген ақшаға бастапқы жарнасын құйып салоннан несиеге көлік алып адам тасып ақша тауып жүрген көрінеді. Бұған да шүкір, тәубе - деп отырған ол көлік салондарында сатып алатын машина бар кезде алғаным қандай жақсы болған, қазір елде көлік те қалмады ғой - деп ағынан жарылды.   

Жазып алған,

Қоңырақын ҚАРАБАЙ