Қазақта өрескелдеу болса да, өмірден алынған «Бәленшенің байы – бай да, біздікі….» деп келетін мәтел бар.
Сол айтқандайын, басқа елдердің, әсіресе, мына Ресейдің Бас банкирлері, министрлері баға жоғарылы-төмен, көк шөптің арасынан аяқ бассаң ыршитын шегіртке құсап секіріп, құбылып тұрғанда мән-жайды халқына байыппен түсіндіріп беріп жатады. Ал біздің министрлер жұмған ауыздарын ашпай, дымыңды құртады-ау! Айдан анық бір нәрсе: бұлар өз саласын жақсы білмейді; сондықтан «білгізбесі» айтқызбайды.
Басқасын қойғанда, әркімнің «пөгіребінде» қап-қап болып жататын картоп пен қазақ көп «елей» бермейтін сәбіздің бағасы неге шарықтап шыға келді? Неге бензин бағасына айналасы бірер айдың ішінде бақандай 20 теңге қосылды? Осы сұрақтардың біріне жөндемді жауап жоқ қой….
Ал енді Ресей деген алып көршіміздің қаржы саласын ұршықша үйіріп отырған, бүгінде осы елдің Орталық Банкін (біздің Ұлттық Банк сияқты) басқарып келе жатқан, Ресейдің экономикалық реформаларының арт жағында «жасырын» тұрған өкіл-анасы татар қызы Эльвира Набиуллина мұндайда сауалын көлденең тосып алдына келетін кез келген журналистің кез келген сұрағына жауап беруге даяр.
Мысалы, «Комсомольская правда» газеті ол кісіге:
–
Эльвира Сахипзадовна, не болып жатыр өзі? Баға неге күрт өсіп кетті? – деп сауал қояды.
– Инфляция дегеніміз – қашан да сұраныс пен ұсыныстың теңгерімі. Мысалға тұрғын үйді алайық. Жылжымайтын мүлікке баға өсіп жатқанын көріп отырмыз. Неліктен? Біріншіден, сұраныс өсіп жатыр, соның ішінде ипотекамен берілетін пайыздық ставкалары жайлы жеңілдетілген бағдарламалардың көмегімен. Екіншіден, банктердегі депозит ставкалары төмендеді. Содан адамдар артық ақшасын пайдалырақ бір нәрсеге жаратайын деп тиімді жолдарын іздестіре бастады. Біреу биржаны, біреу тұрғын үй нарығын таңдады. Бұл кәдімгі инвестция: алған пәтеріңді жалға беріп қоюға, болмаса, біраз ұстап, қайтадан қымбат бағаға сатып жіберуіңе болады. Ал бұл екі аралықта ұсыныс сұранысқа ілесе алмай отыр. Бағаның шарықтап шыға келгені сол, – дейді ол сұраққа барынша түсінікті тілмен жауап берген Сақыпзадықызы.
– Ал сонда бағаны, мысалы азық-түлікке дейік, жай әншейін белгілі бір шамада байлап қоюға болмай ма?
– Баға дегеніміз, әлгіде айтқандай, сұраныс пен ұсыныстың арасындағы теңгерім. Өте бір шетін, шұғыл жағдайда, басқа мүмкіндік болмай жатса, өте қысқа мерзімге баға реттеуді жаратуға болады. Бірақ бұл өте қауіпті. Егер бағаны тым ұзақ байлап ұстап тұрса, онда зәрулік те, қара базар да пайда болады. Бағаның қолдан төмендетілуі өндірушілердің ынтасын оятпайды. Совет Одағының соңғы жылдарында осылай болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Зәрулік өршіп тұрды. Ал ол инфляциядан гөрі анағұрлым қауіптірек.
– Баға төмен түседі дейтіндей мүмкіндік бар ма? Әсіресе, басқаларына қарағанда бағасы тым асқақтап кеткен тауарларға?
– Иә, баға өсуде, өйткені, ұсыныс сұранымды қанағаттандырып үлгермей жатыр. Бірақ бірқатар тауар бағасының бірнеше есеге өсіп кетуін уақытша құбылыс деп санаймын. Бағаның түсуі, дефляция дейміз ғой, әбден мүмкін. Бір мысал келтірейін: 2017-2019 жылдары смартфон, телевизор, планшеттердің бағасы тоқтамай төмендегені есіңізде болар…
«Жерұйық» ақпараттық порталы.