Жаңалықтар

Қазақстанда утилизациялық алымдар «Жасыл даму» АҚ-на берілді

Қазақстанда утилизациялық алымдар «Жасыл даму» АҚ-на берілді

Newsroom.kz порталы - «ӨКМ Операторының» утилизациялық алымдар жинағы бойынша қызметі тоқтатылып орнына жаңа компания анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz. сайтына сілтеме жасап Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаев фейсбук парақшасында жазды. «2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуді тоқтату жөнінде шаралар қабылдауға тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау шеңберінде 2022 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың кейбір мәселелері туралы» Қаулы қабылдады. Осыған байланысты өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып мемлекеттік ұйым ретінде «Жасыл даму» акционерлік қоғамы айқындалды. «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын әкімшілендіру және тиісті қаражаттарға билік ету бөлігіндегі қызметі тоқтатылды», деп атап өтілді министрліктен. Ведомство мәліметінше, бүгінгі күні тиісті уәкілетті органдар активтерді мемлекеттік меншікке беру, уәкілетті органдардың қорытындыларын ұсыну, «Жасыл даму» АҚ балансына беру, акционерлік қоғамды әділет органдарында қайта тіркеу және басқа да іс-шараларды қабылдап жатыр. Айта кетейік, «Жасыл даму» акционерлік қоғамы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағындағы ұйым саналады. «Утилизациялық алымның коэффициенттерін төмендету мәселесі бойынша ҚР Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәдеге жарату алымының коэффициенттерін қайта қарау бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бұл мөлшерлемелер осы жылдың ақпан айының соңына дейін қаралып, бекітіледі. Жоғарыда көрсетілген жұмыс тобының қызмет нәтижелері туралы ақпарат министрліктің интернет-ресурсында орналастырылады. Көрсетілген уақытқа дейін кәдеге жарату алымы «Жасыл даму» АҚ операторына қолданыстағы мөлшерлемелер бойынша төленуде», делінген министрлік ақпаратында. Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда «ӨКМ операторынан» утилизациялық алым қызметін тоқтатуды тапсырды. Ол сондай-ақ, утилизациялық алым мөлшерiн қайта қарауды тапсырды. Кейінірек экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде Қазақстанда утилизациялық алымды кім жинайтынын хабарлаған еді.  

                                         Гауhaр ҚАПАШ