Дұрыс па? Тұрмыста болғанымды жігітімнен жасырып жүрмін...
Дұрыс па? Тұрмыста болғанымды жігітімнен жасырып жүрмін...
Қай қыз сәтті тұрмысқа шыққысы келмейді дейсіз. Мен де соны армандадым. Бірақ мені сырттай ұнатып жүрген бір ауылдас таныс жігіт алып қашып, бар арманымды ойран етті.
Ердәулет менен бір сынып жоғары оқыды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ сөз айтып, соңымнан қалмай жүретін. «Мен сені ұнатпаймын» деп айтсам да, соңымнан қалмады. «Бәрібір сені алам» деп қасарысатын. Бірақ сол кездерде Ердәулеттің ол сөзіне мән бергем жоқ. Ердәулет мектепте орташа оқыды. Отбасылық тұрмыс жағдайлары да нашарлау болатын. Сондықтан болса керек, Ердәулет мектеп бітірген соң оқуға түспеді. Астанаға жұмысқа кетті. Астанада жүргенде күнде телефон соғатын. Алмай қойсам «мен сені сүйемін, бәрібір сен мендік боласың» деген смс жіберетін.
Сөйтіп жүргенімізде мен мектеп бітірдім. Алматыға грантпен оқуға түстім. Ендігі мақсат - университетті де үздік бітіру болатын. Сондықтан «алғашқы екі жыл ойн-сауық, қыдыру деген болмайды» деп өзіме серт бердім. Ердәулет бұрынғыдай күнде болмаса да, жиі хабарласып тұрды. Сан рет жоқ деп айтсам да райынан қайтпады. Бірақ мен оның ол әрекетін «балалық желік» деп қабылдадым. Бірақ олай болмай шықты.
Бірінші курсты үздік тәмәмдап, ауылға демалысқа бардым. Ауылда жүргенде де көбірек кітап оқумен айналысып, сыныптас құрбыларыммен көше қыдыруға да шыға бермейтінмін. Бір күні дүкенге барып келе жатқанда қасыма көлік келіп тоқтады да, жалма-жан ішінен үш жігіт түсіп, мені көтеріп алып машинаға зорлап кіргізді. Менің айғайлап жатқаныма да мән бермеді. Маңайдағы өтіп жатқан кісілер де араша түсу орнына, тамашалап тұрды. Өйткені, қызды алып қашу біздің жақта қалыпты жағдай. Көлік көрші ауылға қарай тартып барады. Әне-міне дегенше бір үйдің алдына келіп тоқтады. Менің қарсылығыма қарамастан жігіттер мені көтеріп алып, үйге кіргізді. Сол кезде рөлде отырған Ердәулет екенін байқадым. Бәрібір саған тимеймін, соттатамын дегенімді де елеп жатқан ешкім жоқ. Үлкен апалар ақ жаулық әкеліп басыма жаппақ болды. Мен басыма салмай қойдым.
Қарсыласып, күшпен ештеңеге жете алмайтыным белгілі еді. Сондықтан алысып-жұлысуды да, жылауды да доғардым. Бірақ басыма ақ жаулық салдырмадым. Олар жауып қойса, мен алып тастаймын. «Бәрібір қалмаймын» деп қасарысып отырып алдым. Кешке дейін ата-анама хабар бермепті. Менің хат жазып беруімді сұрап үлкені де, кішісі де талай кірді. Бірақ мен бас тарттым. Ақыры болмаған соң, олар қулыққа көшіпті. Жазуы менің жазуыма ұқсайтын бір қызға менің атымнан хат жаздырыпты. Кешке хабаршылар сол хатты алып барып, ата-анамнан кешірім сұрап қайтыпты. Мен келіспесем де ауыл тойын жасады. Беташар да жасамақ болған бірақ мен көнбей қойдым. «Қазір қуғыншылар келгенде солармен қайтам» дегеннен танбадым.
Ертесіне түс ауа қуғыншылар келді. Мен отырған бөлмеге жеңгем мен апайым кірді. Оларды көргенде «кетемін» деп жылауға бастым. Бірақ олар мені алып шығып кету орнына «босаға аттадың, қайтар болсаң «есік көрген» деген атқа қаласың» деп мені қалуға үндеді. «Әке-шешең де солай айтып отыр» дегенде амалым таусылды. Сөйтіп еркімнен тыс, өзім ұнатпайтын жігітке тұрмысқа шықтым.
Бірақ отбасылық өміріміз ұзаққа созылмады. Жазғы демалыс біткен соң оқуға кетуге дайындалдым. Бірақ Ердәулет те, ата-енем де «оқуға бармайсың» деді. Мен не болғанда да оқуымды тастамайтынымды айттым. Бірақ олар ештеңені де тыңдағысы келмеді. Мен олармен келіспедім. «Егер оқуға жібермеймін десеңіздер онда ажырасамын» дедім. Бірақ олар да өз дегендерінен қайтпады. «Егер оқуыңа кетер болсаң онда бұл босағаны қайта аттамайсың» деді. Сонымен арада екі ай өтпей жатып ажырасып тындық. Бірақ менде ешқандай да өкініш болған жоқ. Мен оқуымды жалғастырдым. Ал Ердәулет соңымнан іздеп те келмеді, хабарласпады да. Кейіннен естідім Астанаға жұмысқа кетіп қалыпты. Сөйтіп, Ердәулет екеуміздің отбасылық өміріміз сол жерден тоқтады. Біз заңды некеге де тұрып үлгермеген едік.
Өз кемшілігім өзіме мәлім. Сондықтан сол жағдайдан кейін жігіттерден бойымды аулақ ұстауға тырыстым. Алдыма «университетті үздік бітіру керек, жігіт дегенді ойламау керек» деп мақсат қойдым. Бірақ сезім шіркін санаға бағынсын ба. Былтыр соңғы курс басталған күзде Саматпен таныстым. Самат орыс тілді. Қазақша да сөйлейді. Бірақ көбіне орыс тіліне ауысып кете береді. Оған солай жеңіл. Менің қазақшам көп, оның орысшасы көп, солай аралас тілде сөйлесеміз. Ол менен сегіз жас үлкен. Осы қалада жеке фирмада жұмыс істейді. Пәтері, көлігі бар. Ең бастысы мен оны, ол мені сүйеді. Екі айдан соң үйленетін болып шештік. Тойымыз Астанада болатын болды. Өйткені Самат сол жаққа филиалдың басшысы болып, жұмысқа ауысып жатыр.
Бірақ үйленеміз дегелі мені бір ой мазалап бітті. Мен Саматқа бұрын тұрмысқа шыққанымды айтқан жоқпын. Талай рет оқталдым, бірақ соңғы сәтте тосылып қала бердім. Ал тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған соң қалай айтудың есебін таппай қойдым. Өйткені айтсам, Саматтын айырылып қаламын ба деген күдігім бар. Сондықтан айтпай-ақ қойсам ба екен деймін. Бірақ кейін есітіп жатса, не болмақ? Айтсам, үйленуден бас тартып жүрмей ме? Бақытымнан айырылып қалмаймын ба? Самат менің арманымдағы жігіт. Енді ғана арманыма қолым жетті ме дегенде тағы да үмітім үзіліп, арманым тас-талқан болмай ма? Мұндай жағдайда не істеген дұрыс?
Жұлдызай, Алматы
Дереккөз: alashainasy.kz