Жаңалықтар

Бақытбек Смағұл: азаттықтың лебі есті, ағайын!

Бақытбек Смағұл: азаттықтың лебі есті, ағайын!

Бақытбек Смағұл, мәжіліс депутаты: – Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі мәлімдемесі көп жайттың басын ашты, әрі халықтың көңілінен шықты деген сенімдемін.
Бірден айта кетейін, Мәжіліс депутаттары министрлердің, әкімдердің және депутаттардың жалақысын өсіруге бес жылдық мораторий енгізуге қатысты ел Президентінің шешімін қолдайды. Оның үстіне депутаттар өздеріне жалақы көтеру мәселесін көтерген емес.
Мемлекет басшысының сөзінен туындаған бірінші басты ұғым сол, Қазақстанды басып алып, астаң-кестең етпек болған радикалдық топтарға жойқын тойтарыс беріп, елді тазарту жолындағы арпалыс енді азаттықты нығайтуға бағытталған жаңа бетбұрысқа ұласпақ!
Халқымыз, сіз бен біз енді ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ тұрғызылуына куә боламыз. Президент оны сомдайтын жаңа саяси және экономикалық реформаларды жариялады.
Айта кетер жайт, Мемлекет басшысының Үндеуінен азаттық лебі ескендей болды. Қазақстанымыз лаңкестік пиғылдағы күштерден толық азат болады және мұндай қайғылы жағдайдың қайталануына тосқауыл қою шараларына кіріседі. Содырлардың ұйқыдағы ұяшықтарынан арыламыз.
«ҰҚШҰ күштері республиканы оккупациялайды» деген ресейлік сарапшылардың байбаламы бос сөз болып шықты: Қ.Тоқаев екі күннен кейін бітімгершілерді елден шығару процесі басталып, он күн ішінде тәмамдалатынын жариялады.
Қазақстанымыз экономиканың ұстыны саналатын әрбір саланы паразиттей жайлаған олигархтық топтардан тазартыла бастайды.
Билік ағайын-туыс, дос-жарандардан ада болып, кадрлық құрам меритократия қағидатымен қалыптасатын болды. Бұл «лайықты адамдардың билігі» деп аталатын, Жапония және басқа да озық елдер қабылдаған үлгі.
Шетелден арзан көлік әкелгісі келетін, бірақ ауыр алым-салығын төлей алмайтынын біліп, бармақ тістеп, пұшайман халде жүрген азаматтардың тілегі қабыл болып, «ӨКМ операторы-Оператор РОП» жойылатын болды. Әрине, утилизациялық алым жойылмайды, ол дамыған елдерде бар тетік, бірақ оның мөлшері әлдеқайда төмендетілуге тиіс. Мысалы, шетелде ол орта есеппен 100-300 доллар шамасында. Бұған дейін утилизациялық алыс Қазақстанда 5 миллион теңгеге дейін болып келген.
Астаналықтар көзге шыққан сүйелдей, елорданың ажарын бұзған ЛРТ-дан ақыры құтылатын болды.
«Халыққа бір реттік емес, ұдайы қамқорлық көрсететін уақыт туды!» деді Президентіміз. Мұндай сөзді әрбір меморганның ғимаратына, әрбір шенеуніктің бөлмесіне үлкен әріптермен жазып қойса, болады.
Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке халықтың табысын шын мәнінде арттыратын бағдарлама әзірлеуді жүктеді. Қалай болғанда, Әлихан Смайылов Үкіметінің тиімділігі ең алдымен халықтың әл-ауқатын қаншалықты көтере алғанына қарап бағаланатын болады.