Жаңалықтар

ҚР ҰҒА Төралқасы ҚР Президентінің шешімін қолдайды

ҚР ҰҒА Төралқасы ҚР Президентінің шешімін қолдайды

Біздің қолымызға тиген ресми мәліметтерге сүйене отырып ҰҒА Төралқасы отандастарымызға және әріптестерімізге мына төмендегідей ұсыныстарын білдіреді:
  • Соңғы үш-төрт күнде елімізде белең алған оқиғаға қабырғамыз қайысып отыр. ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев Президент болып сайланғалы бері үлкен кедергілерге тап болып, оның ең дұрыс шешімдерін таба білді. Бұл жерде Қ.К. Тоқаевтың халықаралық аренадағы беделінің жоғары екендігін көріп отырмыз. Бұл біздің мемлекетіміздің тұрақтылығына және жарқын болашағына үлкен сенім туғызады.
  • Бізді таңқалдырып отырған ресми дерек бойынша бір ғана Алматы қаласының өзіне 20 мың лаңкестер ішімізге білдірмей қалай кіріп кеткендігі? Осыншама лаңкестердің он мыңдаған жастарды арттарына ертіп, көшеге шыққаны тіпті түсініксіз. Сонда біздің шекара қызметкерлері мен қауіпсіздік комитеті қайда қарап отыр? Соншама адамды орналастырып, тамақтандырып қана қоймай, қаруландырып және ең бастысы оларға үлкен қаржы тауып беріп ұйымдастырудың оңай емес екенін мектептің оқушысына дейін біледі. Мемлекетіміздің тыныштығын бұзғысы келген лаңкестер мен сатқындық жасаған жауапты мемлекеттік қызметкерлер тиісті жазасын алулары керек. Бұл мәселені асығып-аптықпай, сабырлықпен зерттеп, әділетті шешім қабылдауымыз керек. Қателесіп оларға еліктеп еріп кеткен жастарды лаңкестерден ажырата білу қажет.
  • Әрине ел ауызында жүрген күрделі мәселелерді айтпай кетуге болмайды. Ең бірінші кезекте бұл қоғамда орын алған жемқорлық. Оны ауыздықтамай біз алға қадам да ауызбіршілігі мол қоғам да құра алмаймыз. Бұл халықаралық тәжірибеден белгілі.
  • Тағы да бірінші кезекте алға тартатын күрделі мәселелердің бірі кадр мәселесі. Осындай уақытта қызметтерге кадр таңдауда дұрыс шешім қабылдауымыз қажет. Дамыған елдердің барлығында басшы қызметкер және оның орынбасарлары ұжымның немесе сол аудандағы, өңірлердегі халықтың жасырын дауыс беруі арқылы сайланады. Бізде осы тәжірибелерге сүйенуіміз керек. Сонда ғана қателіктер болмайды. Бастық болып, айналасына тамыр-таныстарын жинауды мүлдем тоқтату қажет, бұл түптің-түбінде жемқорлыққа немесе ұрлыққа апарып соқтыруы мүмкін.
  • ҚР ҰҒА ұжымы атынан ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевқа айтар өтінішімізде жоқ емес. Ең бастысы 2003 жылдан бастап еліміздің жетекші ғалымдарынан құралған, 75 жылдық тарихы бар Ұлттық ғылым академиясы жол шетіне ығыстырылды. Біздің айтатын ұсыныстарымыз биліктің құлағына жете бермейді. Бұл ғалымдарды дайындау үшін қанша еңбек, тіпті мемлекеттің қаншама қаражаты жұмсалды десеңізші? Оларды ел дамуындағы шаруаларға қосып жұмыс істеткен пайдалы емес пе? ҰҒА-ның бұл аянышты жағдайы басқа мемлекеттерде жоқ. Тіпті кеше ғана көш соңында келе жатқан Африканың кейбір мемлекеттерінде де Ұлттық ғылым академиялары құрылып, ел игілігіне жақсы жұмыс істеп келеді. Ғалымдар тарихынан белгілі бір жайтты айта кеткіміз келеді. Францияның белгілі ғалымын Лавуазьені патша бұйырған өлім жазасынан ешкім құтқара алмады. Гильотинаға тартып өлтірудің бар-жоғы бес-ақ минут уақытты алды. Бірақ Францияға Лавуазье сияқты ғалымды дайындау үшін 50 жыл уақыт керек болды... Осы мысалдан сабақ ала отырып, ғылымның мәртебесін көтеріп, ғылым мен білімнің әлеуетін еліміздің дамуына пайдалану керек. ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев сайланған уақыттан бастап ел еститін Үкімет құруды айтып келе жатыр. Бұл өте дұрыс қадам. Себебі түсінбеушіліктен туған наразылықты жоюдың ең басты құралы болып табылады.
Сөз соңында айтарымыз сүйікті отанымыз Қазақстан білімі де, ғылымы да дамыған ел. Оған қоса тағдырдың бізге берген кең-байтақ жері мен шексіз жер асты байлығы бар. Оларды өзіміз өндіріп, ғалымдар жасаған жаңа технологиямен тауар шығарсақ, халқымыздың әлеуметі жетілген бай мемлекет боларымыз айдан анық. Егеменді еліміздің халқы үшін осындай қиын-қыстау сәттерде біздердің ауызбіршілігіміз сыналуда. Біз үшін ең басты құндылығымыз бұл Тәуелсіздік. Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың жүзеге асырып жатқан реформалары мен саясатына толықтай қолдау білдіреміз.    

ҚР ҰҒА Төралқасы