Қазақты жойылудан сақтайтын 3 нәрсе
Қазақты жойылудан сақтайтын 3 нәрсе
Мен қазір кейбір қазақ бауырларымды «арабқұл» деп кеттім.
Оның себебі мынада –кейбірі мұсылман болған осы екен деп, халыққа неше түрлі теріс уағыз таратуда.
Ана жолы бір отырыста болдым, сол жерде бір діндар келіп бәрімізге: «Сендер, қазақтар, неге қыздарыңа орамал таққызбайсыңдар? Мұсылмандар қыздарына 9 жастан орамал таққызуы керек! Қазақтар, надансыңдар!» – демесі бар ма? Мен ол кісімен келіспедім. Өйткені атам қазақ өмірі он екіде бір гүлі ашылмаған жасөспірім қыз балаға орамал таққызбаған, басына орамал тақты деген – ол тұрмысқа шықты, табалдырық аттады, біреудің жары болды деген мағынаны білдіреді. Мен ол кісіге осыны түсіндірсем, келіспей қойды.
Қазақ ежелден өздерінің қыз балаларына құрметпен қарап, оны үйге келген қонақ деп, оны болашақ ана ретінде құрметтеп, әрқашан төрге отырғызған.
Біздің өз салтымыз, дәстүріміз, өз дүниетанымымыз бар. Соны ескерген жөн. Тағы да айтар нәрсе, қазіргі көп қазақтардың аузынан шығатыны – «астафируллаһ», «машаллаһ», «иншаллаһ», «мүбәрак» сияқты неше түрлі арабша сөздер. Бұл сөздердің қазақшасы бар, «астафируллаһ» – «Алла сақтасын», «Құдай сақтасын», «иншаллаһ» – «Құдай қаласа», «машаллаһ» – «Құдайға шүкір», «мүбәрак» – «Құтты, берекелі болсын» деген. Сонда менің айтарым, осы сөздерді қазақшалап айтуға болмас па? Арабта ғана жақсы сөз бар да, қазақта жоқ па?! Осылай онсыз да орысшамен шұбарлаған қазақ тілі келешекте арабшамен шұбарланса, тіліміздің пәрше-пәршесі шығып, түгі қалмайды емес пе? Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүріміздің де, арабтың салтын тықпалай берсе, қандай мән-мағынасы қалады?
Тағы да айтарым, мысалы, жаңағы арабқұл діндар ағамыз, қазақтардың келін түсіргенде отқа май құюын дұрыс емес, ол надандық дейді. Мен келіспеймін. Мен құранда оттан ібілістің, яғни шайтанның пайда болғаны туралы білемін. Алайда түркі халқы үшін «от» деген нәрсе әрқашан қастерлі болған. Қазақта отбасы, яғни оттың басы – жанұя, семья деген сөздердің синонимы. Ошақ қасы – ол да сол. Отағасы, яғни от ағасы деген – сол жанұяның басшысы, үлкені, қорғаны, азаматы, бас иесі дегенді білдіреді. Қазақтардың киіз үйінің ортасында ошақ болған, күллі жанұя сол ошақ басында, от басында, от ағасының жанында шүйіркелесіп, бас қосқан. Сондықтан бұл надандық емес, бұл біздің ата дәстүріміз, өз дүниетанымымыз. Арабтар өздері елу градус ыстықта жүрген соң, әрине олар отты шайтанмен ұштастырады.
Арабтың түсінігінше от – шайтан болса, онда астарын отқа пісірмей, шикілей жесін, іштен жанатын қозғалтқышы бар автомобильді мінбей, түйемен, есекпен жүрсін. Ал біз – көшпенді дала халқы, көк түріктің ұрпағы – қазақтар отты қастерлейміз, отқа май құямыз, отпен үйді аластаймыз, өз дәстүрімізді қалай ежелден ұстандық, әлі де солай ұстанамыз. Одан қалды, әруақты, ата-бабамыздың әруақтарын қастерлейміз. Оларға арнап жеті шелпегімізді пісіреміз. Өзімізді осы күнге жеткізген, жерімізді жаудан қорғап, найзаның ұшымен, қайқы қылыштың сабымен қан төгіп жүріп елді, жерді аман алып қалған ата-бабамыздың әруағына тағзым етеміз.
Жалпы, бұл – біздің өз дүниетанымымыз, өзіміздің ұлт ретінде ұстанатын салтымыз, ата дәстүріміз. Бұл нәрселерді әрбір қазақ білуі керек, ұстануы керек! Басқа елдің салтына, тіліне, дәстүріне берілудің қажеті шамалы. Қазақты жойылудан сақтайтын 3 нәрсе бар. Ол – діні, тілі, салты. Дін – Алладан. Тіл – анадан. Салт – бабадан.
Қайрат НҰРЛЫҚАСЫМҰЛЫ.
(«Фейсбуктегі» парақшасынан)