Бүгін Нұр-Cұлтан қаласында Халықаралық Түркі академиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен Түркі халықтары әдебиетінің классиктері Низами Гәнжауидің туғанына 880 жыл, Әлішер Науаидың туғанына 580 жыл және Юнус Эмренің дүниеден өткеніне 700 жыл толуына арналған «Шығыстың шоқжұлдыздары» атты халықаралық басқосу өткізді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өткен алқалы жиынға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен қатар, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Мұхаммед-Әли Ахмедов, ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Сәкен Сейфуллин Музейінің директоры Несіпбек Айтұлы, ақын, «Дарын» мемлеттік сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан, Баку Ұлттық университетінің профессоры, аудармашы Рамиз Аскеров, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық миссия басшылары, танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиынды Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды.
Тағылымды басқосуды ашқан Мәулен Әшімбаев Қазақстан тарапы Тәуелсіздік алғалы бері әлемнің барлық елімен тығыз достық қарым-қатынас орнатқанын, оның ішінде түркі интеграциясын нығайтуға үлкен мән бергенін атап өтті. Өз сөзінде Сенат спикері Халықаралық Түркі академиясының жұмысын жоғары бағалап, ризашылығын білдірді.
«Қазіргі таңда экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызды екені түсінікті. Сол арқылы тұтас түркі кеңістігінің байланысын нығайтып, әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік туады.Сонымен қатар, рухани үндестігімізді дамытуға да айрықша мән беруіміз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан кейін Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған шығыс әдебиетінің шоқжұлдыздары, түркі әлемінің мақтаныштары — Низами Гәнжауи, Әлішер Науаи, Юнус Эмре кітаптарының таныстырылымы өтті.
Атап айтқанда, Низами Гәнжауидың әйгілі “Жеті ару” және “Ләйлі-Мәжнүн” дастандары қазақ халқының Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов, Жақан Сыздықов, Дихан Әбілов, Тәкен Әлімқұлов қатарлы көрнекті ақындарының аудармалары арқылы толық нұсқада жарияланды. Бірегей басылымға танымал әзербайжандық суретші Фахраддин Али Вәлиоғлының арнайы салған туындылары енгізілді.
Сонымен қатар, Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен көрнекті түрік ақыны Юнус Эмре жырлары қазақстандық танымал ақын Светқали Нұржанның әдеби-көркем аудармалары нұсқасында алғаш рет жеке жинақ ретінде басылып шықты.
Бұған қоса, Түркі академиясы Әлішер Науаи жырларының әзербайжан тіліне аударылған толық жинағын әзірлеп шығарды. Туындыларды әзербайжан тіліне аударған — азербайжандық танымал ғалым, профессор, доктор Рамиз Әскеров.
Көпшілік назарына ұсынылған Әлішер Науаидің “Мұхакәматул-луғәтәйн” атты еңбегі де Академияның қолдауымен алғаш рет қазақ тіліне аударылып жарық көріп отыр.
Сонымен қатар, алқалы жиын аясында түркі дүниесінің мәдени-әдеби байланыстарын нығайтуға қосқан үлестері үшін бірқатар руханият өкілдерін марапаттау рәсімі өтті. Түркі академиясы тағындаған “Әлішер Науаи” алтын медалімен танымал қаламгерлер Мұхаммед-Әли Ахмедов, Несіпбек Айтұлы, Рәмиз Аскеров, Светқали Нұржан марапатталса, танымал ғалым Төрәлі Қыдыр Түркі академиясының Күміс медалінің иегері атанды.
Марапаттау рәсімінен кейін сөз алған Өзбекстан Республикасының Халық Жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхаммед-Али Ахмедов бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық нығайып келе жатқанын атап өтіп, Түркі академиясының маңызды рөліне тоқталды.
Әзербайжандағы Баку мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, доктор, профессор Рамиз Әскеров өз кезегінде түркі әлемінің ортақ мақтаныштары Низами Гәнжауи, Әлішер Науаи жылдарында атқарылған жобалар туралы атап өтті.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов шығыс әдебиетінің шоқжұлдыздары арасындағы айрықша сабақтастықтарға тоқталды.
Көрнекті ақын Светқали Нұржан өз кезегінде түркі әлемінің ойшыл ақындары туыныдарын бауырлас халықтар арасында насихатталуына қатысты орамды ойымен бөлісті.