Жаңалықтар

Бәрекелді! Елордалық боксшылар Қазақстан чемпионатында топ жарды (видео)

Бәрекелді! Елордалық боксшылар Қазақстан чемпионатында топ жарды (видео)

Бокстан Нұр-Сұлтан қаласының құрама командасы Оралда ерлер арасында өткен Қазақстан чемпионатын бірінші орынмен аяқтады. Елордалық спортшылар 3 алтын медаль жеңіп, ел чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. Қазақстан чемпионатында топ жарған боксшыларымызды Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды.
«Бұл ересектер арасындағы алғашқы жарысым. Жарысқа бапкеріммен Орал қаласында дайындалдым. Басты қарсыласыммен сол жерде жаттықтым және бірге спарнигке шықтық. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. 4 кездесу өткіздім. Қарсыластарымның барлығы Қазақстан чемпионы. Соңғы қарсыласым Даниал Сәбит деген ересектер арасындағы алдыңғы жылы Қазақстан чемпионы атанған, онымен финалда кездестім, өте мықты қарсылас. Алдағы жоспар, келер жылы Ташкент қаласында ересектер арасында Азия чемпионаты өтеді. Соған дайындаламыз. Барша қазақ елін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын және алдағы мерекелермен шын жүректен құттықтаймын!» - деді елордалық боксшы Санжар Тәшкенбай.
Естеріңізге салсақ, Орал қаласында бокстан ерлер арасында өткен Қазақстан чемпионаты ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған. Оған еліміздің 17 өңірінен 212 боксшы қатысты. [embed]https://www.youtube.com/watch?v=QayfaGNkbNA&feature=emb_title[/embed] Ел чемпионатында көптеген әлем және Азия чемпионатының жүлделерін алған спортшылар және жас жүлдеге таласушылар мен ұлттық құрамада жүрген боксшылар сыңға түсті. Жүлдегерлер қатарынан көрінген спортшылар ұлттық құрама қатарына кіріп, 2022 жылғы басты жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
«Орал қаласында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Бұл өте маңызды жарыс болып саналады. Өйткені бұл чемпионатта жаңа құрама іріктеледі. Жасақталған құрама елімізді Азия ойындарында, әлем чемпионатында және басқа да жарыстарда бақтарын сынайтын болады. Батыс Қазақстан бокс федерациясының президенті Бауыржан Кәрімовке және оның әріптестері мен командасына алғыс айтқым келеді. Жарысты жоғары деңгейде өткізді. Біздің спортшылар барлық күш-жігерімізді ақтады. Осының барлығы адал еңбек пен таза жеңістің арқасында», - деді Нұр-Сұлтан қаласының аға жаттықтырушысы Асқар Еркебаев.
Ең жеңіл салмақта чемпиондық атақ – жастар арасындағы елордалық әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайға бұйырды. Финалдық кездесуде Нұр-Сұлтан қаласының боксшысы ринг қожайыны, былтырғы Қазақстан чемпионы Даниал Сәбитті жеңді. Ағайынды Оралбайлар өздерінің мықты екендерін осы чемпионат барысында тағы бір дәлелдеді. Айбек пен Нұрбек 80 және 92 келіде ел чемпионы атанды. Нұрбек Ақтөбе облысының өкілі Жәнібек Қартбайдан басым түссе, Айбек жарыста Абзал Құттыбековті жеңді. Осылайша, жүлделер бойынша Нұр-Сұлтан қаласының аға бапкері Асқар Еркебаевтың және Нұржан Нишановтың шәкірттері жеңімпаз атанды. Олар үш алтын жүлде еншіледі. Қазақстан чемпионатының нәтижесі бойынша жалпы командалық есепте Нұр-Сұлтан құрамасы көш бастады. Екінші орынға Түркістан облысының құрамасы жайғасса, үздік үштікті Қарағанды облысының боксшылары түйіндеді.