Жаңалықтар

Рас-ау?! Жігер беретін жақсылардан болайық...

Рас-ау?! Жігер беретін жақсылардан болайық...

Заманында бір елдің атағын аспанға шығарып жүрген айтулы бәйгенің алдын бермес тұлпары батпаққа батып шыға алмай қалады. Сәйгүлікті батпақтан шығару үшін ауылдың адамдары небір тәсіл қолданады. Бірі мойнына арқан салып тартса, бірі кекіліне жармасады. Енді бірі жалынан тартады, болмағасын ұзын таяқпен ұрғандары да болады. Мынандай азапты қорлыққа шыдамаған тұлпар, жиырылып батпаққа батқан үстіне бата береді. Болмағасын сол елдің жасы тоқсаннан асқан абыройлы ақсақалына адам жібереді. Адамнан ақыл кеңесін аямайтын ақсақал келген адамның әңгімесін тыңдап болып: “Жігіттерге айта бар, олар мына істерімен тұлпарды онан сайын қорлап жатыр екен. Қорланған тұлпар батпаққа батқан үстіне батып жатыр екен. Тәсілді тез өзгертсін”. “Аузымен құс тістеген арғымақтың жанынан бір үйір жылқы айдап өтіңдер. Сонда ғана батпаққа батқан жылқының жігері оянады. Бойындағы барлық күш-жігерін жинап намысқа шабады. Үйірге қосылу үшін жан-тәнімен ышқынады”. “Аламанның алдын бермейтін арғымақтың мінезін осы кезде байқайсыңдар. Үйірі жанынан өткенде батпақта жатуды ар көрген тұлпар соңғы демін салсада ұйықтан шығады”-деп ақылын айтады қария. Ақсақалдың айтқанындай жанынан өткен үйірді көргенде ышқынған тұлпар барын, жанын салып ұйықтан шығып, үйірге қайта қосылады. Қарияның айтқанының тура келгеніне тәнті болған жұрт жағасын ұстайды. Сол айтпақшы:”Мына бес күндік өмірдің ұйығына батып жатқан қанша замандас бар десеңізші. Бірі қарызға батса, бірі ішімдіктен арыла алмай жүр. Енді бірі есірткіге тәуелді болса және бірі құмар ойынның қақпанына түсіп барынан да, нарынан да айрылды. Кейбіреуі бала-шағасын асырап жүрген нәпақалы жұмысынан шығып қалса, енді бірін Жаратқан денсаулықпен сынап жатыр. Қарап отырсаң осының барлығы өмірдің ұйығы, пенденің сынағы. Сынақ келген пенденің сындарлы сағатында жанынан табылып жігер берсек талай замандастың батпақтан шығуына себеп болар едік. Аттың түгіндей әлемде, тайдың төбеліндей қазақ бір-бірін жан дүниесімен сезінсе екен. Ұйыққа батқан ұлмен қызды табалайтын тексіздерден емес, жігер беретін жақсылардан болайық ағайын.  

Мақсат СҚАҚОВ