Жаңалықтар

Өмірде табысқа жеткізетін 5 аятты білесіз бе?

Өмірде табысқа жеткізетін 5 аятты білесіз бе?

Әрбір ұсақ-түйек маңызды

Әдетте адам оның өміріне тек үлкен оқиғалар әсер етеді деп ойлайды. Алайда бұл пікір дұрыс емес. Біздің кез-келген кішігірім қозғалысымыз бен іс-әрекетіміз болашағымызды құрайды. Біздің бүкіл өміріміз кішкентай сәттердің байланысынан тұрады. Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «...Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал және кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді» («Зілзала» сүресі, 7-8 аяттар). Кез-келген әрекетіміз біз үшін кішкентай қадам болғандықтан, кішкентай істі бақылау әлдеқайда оңай. Бұл аяттар бізге кішігірім және шамалы болып көрінетін қадамдардың маңыздылығын еске салуда. Сондықтан адам әрбір жаңа күн үшін сол күні жасалатын істердің тізімін жасау керек және олар екі дүниеге де қайырлы істер болу қажет.
Уақыт – адамның ең құнды капиталы. Имам Ғазали уақытты қалай басқаруға болатыны жайлы былай кеңес береді: «Адам өз уақытын жоспарлауы тиіс. Ең маңызды істер мен міндеттерді анықтап, оларды бірінші кезекте орындау қажет. Егер адам жалқаулықтың, немқұрайлылықтың және мақсатсыздықтың тұтқынына түссе, онда ол көп уақытын жоғалтып, шығынға ұшырайды». Уақытты басқарып үйренбей, ешбір мақсатқа жете алмаймыз. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер зиянға ұшырамайды» («Аср» сүресі, 1-3 аяттар). Бұл аяттар тікелей уақытты неге жұмсау керектігін көрсетіп тұр.

Қиындық – жаңа мүмкіндік

Қиындықтар – өміріміздің ажырамас бөлігі және өмір сүріп жатқанымыздың дәлелі. Адам болғаннан кейін осы өмірде қиындықтар мен проблемаларға тап болатынымызды қабылдауымыз қажет. Бұл шындықты қабылдау бізге проблемалар мен қиындықтарға деген көзқарасымызды өзгертуге және алға ұмтылуға мүмкіндік береді. Алла Тағала Құранда былай дейді: «...Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиындықпен бірге бір оңайлық бар. Ендеше босай қалсаң және тырыс...» («Шарх» сүресі, 5-7 аяттар). Бұл аяттар бізге кез-келген проблемамен бірге оның шешімі де бірге жүретіні жайлы хабардар етуде. Қиындықтар мен оларды шешу жолдары – ажырамас бір бүтін.

Аллаға тәуекел – сенімділік негізі

Бүгінде біз өзімізге деген сенімділікті жоғалттық. Себебі оны өзге жерден іздей бастадық. Мұсылманның өз күшіне деген сенімділігі «жақсылық жасауға ұмтылған кезде Алла Тағала өзінің көмегінсіз және қорғаусыз қалдырмайды» деген түсініктен туындайды. Алла Тағала Құранда: «...Әлдекім (Алла жолында) берсе, тақуалық қылса, Жақсылықты дұрыс деп білсе, сонда оның жолын оңайластырамыз», – дейді («Ләйл» сүресі, 5-7 аяттар). Мұсылманның өз күшіне деген сенімділігі – менмендікке қарама-қарсы дүние. Себебі менмендік – барлық еңбек пен жетістікті тек өзінен деп білу. Нағыз мұсылман барлық қабілеттері, еңбегі мен жетістіктері Алла Тағаланың берген мейірімі екеніне сенеді. Сондықтан мұсылманның өз күшіне деген сенімділігінің негізінде Аллаға деген мызғымас иман және тәуекел жатыр.

Ерік-жігер иманнан туады

Өмірде кез-келген мақсатқа жету үшін күшті ерік пен жігер қажет. Күш-жігерсіз адам ештеңеге қол жеткізе алмайды. Адамның мақсатқа жетуіне кедергі келтіретін ең маңызды кемшілігі – оның әлсіздігі. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 28-аятында былай дейді: «Негізінде Алла сендерге жеңілдік қалайды. Өйткені адам баласы әлсіз жаратылған». Алайда бір нәрсеге жету үшін ерік-жігер жеткіліксіз. Күш-жігеріміз ұзақ және нәтижелі болу үшін бізге берік иман мен тұрақты дұға ету қажет. Себебі иман – мұсылман үшін қуат көзі. Сондай-ақ біздің күш-жігерімізге жүйелілік береді. Сондықтан біз Алла Тағала мақсатымызға жетуге көмектеседі деп сенеміз және осы сенім негізінде әрекет етеміз.  

Әділет КӨПЕН,

ҚМДБ Жастар секторының меңгерушісі

«Мұнара» газеті, №22, 2021 жыл